«ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!»

338 көрілім

Бесікті халқымыз қашан да қадір тұтқан. Оны тұрмыста пайдаланатындығынан бөлек қасиетіне терең мән берген. Зейнеп Ахметова апамыздың мынадай сөзін осындайда тағы еске алмасқа лаж жоқ. «Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашан да бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған» дейді.

Суреттерге қарап жазбамыздың төркінін түсініп отырған боларсыз.

Осыдан ширек ғасыр бұрын Түркістан қаласының Кеңес езгісінен кейінгі екінші демі ашылған болатын. Мемлекет деңгейінде айрықша көңіл бөлініп, 2000 жылы тарихи мекеннің 1500 жылдық мерейтойы аталып өткен. Сонан соң дүниежүзі қазақтарының ұлттық құрылтайы да осы Түркістанда өткенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Дүбірі шартарапқа жеткен осы іс-шараларда алыс-жақыннан туған мекенді аңсап келген жұрттың және жергілікті тұрғындардың таным-түсінігінде айрықша орын алатын символикалық мәні жоғары үш таға ұштастырылған бейне мен ортасында тастан қашалып сомдалған бесігі бар монумент орнатылған еді. Сол ұлттық болмысымызды айшықтайтын композициялық кешен 2015 жылдарға дейін тұрды. Кейін қала келбетінің қайта түлеуі барысында Қ.А.Ясауи кесенесінің қорғау аймағында орналасқан монумент бұзылып, ортасындағы тас бесік қастерленіп, шаңырақты монументтің іргесіне қойылып еді. Тас бесікті қажетсінбей тастай салғанды сол кездегі басшылық та біледі. Бірақ, ұлттық құндылығымыз – қасиетті бесікке деген құрметпен оны арнайы орынға қойып еді. Оларға былай жаса, олай жаса деген ешкім жоқ. Өздері солай шешім қабылдап, киелі бесікке құрметін үнсіз ғана ісімен байқатқан еді.

Ал мынаған не дейміз? Дәл қазір мақаламызға арқау болған атадан балаға мұра болып жалғасып жатқан бесік бейнесіндегі ескерткіш тас аяқ астында жатыр. Кезінде идеологтар араласпай-ақ құрылыс саласындағы мамандардың шешімімен ғана құтты орнында тұрған бесіктің дәл бүгінгідей аяқасты болуына кім кінәлі? Кейбірімізге тас болып көрінетін дүниенің көзі ашық, көкірегі ояу жан үшін қастерлі құндылық екенін ұмытпайық. Тас болса да оның қазақ ұғымындағы қасиеті мол «бесік» деген аты бар.

Ел болып Түркістанның мәртебесін асырып, мерейін тасытуға күш салынып жатқанда бесігіміздің аяқасты болғаны жарамас. Түркістанды Түріктің төрі етеміз десек, бесікті көтерейік!

М.ЖҰМАХАНҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы