ТҮРКІСТАН – ЧЕМПИОНДАР ҚАЛАСЫ

317 көрілім

Түркістан спорты күн санап қарқынды дамып, жас дарындардың жұлдызын жағып келеді. Әсіресе, үлкен теннис пен таеквондо спорт түрлерінен жас дарындар республикалық, тіпті халықаралық аренада ел намысын қорғап, көк туымызды биікке көтеруде. Бұл жетістіктерге Түркістандағы спорт клубтары мен жаттықтырушылардың үлесі зор екенін де естен шығармағанымыз абзал.

Айталық, Дурдана Дауранова – үлкен теннистің болашақ жарқын жұлдызы ретінде танылып келе жатқан спортшы.

Түркістан қаласында туған талантты спортшысы 2014 жылы дүниеге келген. Бүгінде киелі шаһардағы №20 Р.Исетов атындағы орта мектептің 4-сыныбында білім алуда. Үлкен тенниспен 2021 жылдан бастап айналыса бастаған Дурдана аз ғана уақыт ішінде бірнеше ірі жарыстарда жеңіске жетті. Атап айтсақ, былтыр Қызылордада өткен республикалық біріншілікте бас жүлдені қанжығаласа, былтыр сәуірде Түркістан теннис клубының жүлдесі үшін өткен облыстық біріншілік де жүзден жүйрік шықты. Сондай-ақ, былтыр қараша айында Ақтөбе қаласында өткен аймақтық жарыстан 3-орынды олжалады. Талантты шәкіртті талапты ұстаз тәрбиелейтіні рас. Дурдананың жарқын жеңістеріне үлес қосқан үлкен теннис жаттықтырушысы Муслим Курбановтың да еңбегін атап өткен жөн. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының маманы шәкірттерінің халықаралық додаларда да оза шабатынына сенім білдіріп отыр. Жәдігер шаһардың жастарын жер-жаһан танитын күн алыс емес деп сенеміз.

Түркістанда үлкен танымалдыққа ие болған тағы бір спорт – таеквондо. Себебі, қаламызда таеквондо спортын дамытуда үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Соның нәтижесінде Түркістанның төл перзенттері әлемдік додаларда көк байрақты биікке көтеруде. Атап айтсақ, 2011 жылы туған Акрамова Шахризода – 13 жасында Қазақстан спортының жарық жұлдызына айналып үлгерді.

5 жылдық қарқынды жаттығулардың нәтижесінде ол спорт шеберлігіне үміткер атанды. Кейінгі екі жыл ішінде ол «Тарлан» турнирінде, «Жас батыр», «Сүйіліш батыр» сияқты бірнеше республикалық турнирлерде жүлделі орындарға ие болады. 2020 жылдан бері таеквондомен айналысып, халықаралық және республикалық жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүрген жас дарын Шахризода былтыр түрлі халықаралық бәйгелерде де тұғырдың бірінші сатысынан көрінді. Мәселен, Ливанда өткен Азия Чемпионатында 1-орынды, Spanish Open G-1 (Испания) турнирінде 1-орынды, Korea Open (Корея) додасында 1-орынды, Qatar Open G-1 (Катар) турнирінде 1-орынды және Grand Slam (Қытай) жарысынан 3-орынды қанжығалады. Сондай-ақ, былтыр 21-24 қараша аралығында Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында 2-орынды иеленді. Табандылығы мен талантының арқасында үздік атаған Шахризода болашақта олимпиада чемпионы болуды мақсат етіп отыр.

Оның осы қарқынымен келе жатқанына қарап, бұл арманының орындалатынына сенуге болады. Түркістандағы таеквондоның тағы бір жұлдызы – Нәлібай Жаншуақ.

Ел атынан өнер көрсетіп жүрген жас талант 2011 жылы туған. Жаншуақ қаламыздағы Абай атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы. 2021 жылдан бастап кәсіби түрде жаттыға бастаған ол Тұрлыбек Жандарбек және Абзал Тұраров секілді білікті бапкерлерден тәлім алуда. Бүгінде халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген Жаншуақ Academy Cup (Астана) турнирінде чемпион атанды. Бұдан бөлек Алматыда өткен ҚР чемпионатында 3-орынды, Uzbekistan Open G1 (Наманган, Өзбекстан) турнирінде 1-орынды, World Taekwondo Grand Slam (Қытай) халықаралық додасында 2-орынды, Fujairah Open (БАӘ, Фуджейра) жарысында 2-орынды және Шымкентте өткен «Әкім кубогы» республикалық турнирінде 1-орынды иеленді.

Жас спортшылардың жоғары нәтижелер көрсетуі, ең алдымен, жаттықтырушылардың кәсібилігіне байланысты екені даусыз. Түркістан қаласында жоғарыда атап өткен Тұрлыбек Жандарбек, Абзал Тұраров, Муслим Курбанов сынды тәжірибелі жаттықтырушылар болашақ чемпиондарды тыңғылықты тәрбиелеп жатыр. Соның арқасында киелі шаһар спорты күннен-күнге дамып келеді. Ендеше, ел сенімін ақтайтын елеулі спортшылар саны арта берсін деп тілейміз!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы