Рамазан айы – рухани жаңарудың, сабыр мен шыдамдылықтың айы. Әрбір мұсылман үшін бұл ай, тек ораза ұстаудан ғана емес, жүректің тазалығы мен рухтың нығаюынан тұрады. Бұл айда ораза ұстау, дұға жасау, жан тыныштығын табу және рухани тазалыққа қол жеткізу басты мақсатқа айналады. Рамазан айының қарсаңында Түркістан қаласындағы Нәзір Төреқұлұлы мешітінің бас имамы Аян Ерғалиұлымен Рамазан айының маңызы жайында сұхбаттасқан болатынбыз. Қасиетті айдың қайырымы жайындағы сұхбатты мәртебелі оқырманның назарына ұсынып отырмыз.
– Рамазан айы – мұсылмандар үшін қасиетті ай дейміз. Рамазан айының маңызы туралы айтып сұхбатымызды бастап берсеңіз!
– Барша мақтау-мадақ Аллаға болсын. Өзіміздің сүйікті де ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болсын. Рамазан айының маңызы туралы көп ақпараттар бар. Бір хадистерде келеді. Құранда аят бар, Бақара сүресінің аяттары болса керек. Ең алғашқы Рамазанды Алла Тағала айтады: «бұл Рамазан айында Құран түскен ай. Рамазан айы Құран түскенімен ерекше. Бұл Құран түсті, адамдарды тура жолға салу үшін, адамдарға тура жолды көрсету үшін» дейді. Сондай-ақ, Рамазан айында маңыздысы Құранымен маңызды болғаннан кейін, одан кейін Құранда былай айтады: адамдарға мынау ақ, мынау қара, мынау жақсы, мынау жаман, мынау харам, мынау адал деп бөліп беретін кітап түсті дейді. Жалпы бұл Рамазан айы несімен ерекше деген кезде адамдардың көбісі жаппай ауыз бекітіп, Алла разылығы үшін ораза ұстауы, басқа айларға қарағанда Рамазан айында толық ораза ұсталуы. Рамазан айында кімде-кім ораза ұстайтын болса, сөзсіз тозақ отынан құтылатындығы жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Жәннатқа жақындайтындығы немесе бұл науқан айы деп айтамыз. Науқан дегенде қарапайым бір мысал: Алла Тағала мен Рамазан айында кімде-кім ораза ұстаса, жәннатты тегін қылып берем» дейді. Сондай-ақ, «Рамазан айындағы оразаны кімде-кім ұстайтын болса, мен сол оразасын тозаққа қалқан етемін деп айтады. Бұл ораза айы мұсылмандар үшін өте-өте маңызды. Керек десеңіз мұсылмандар емес, сол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманындағы Медина қаласындағы яһудилерге де. Сондай бір Рамазан айын құрметтегенін мына хадистерден көруге болады. Бір еврей кісі баласының мұсылмандардың ортасында жүріп, Рамазан айында тамақ жегенін немесе бір үзім нан жегенін көріп баласына ұрсып, неге сен мұсылмандардың арасында нан жейсің, өйткені ол мұсылмандар ораза ұстады ғой, неге құрметтемейсің деп ескерткені үшін, сол яһуди кісіні Алла Тағала жәннати еткендігін хадистен білеміз. Сол үшін де бұл мұсылмандарға ғана емес, басқа да ұлыс пен ұлттарға да өте маңызды, тәрбие жөнінен де. Статистикаға қарайтын болсақ, Рамазан айында күнәлардың өте аз істелетіндігі. Тойханаларда той болмауы, ораза бойы тек ауызашарлар берілуі немесе түсте болатын жиындардың болмауы сияқты. Тағы бір керемет хадис бар: «кімде-кім Рамазан айын шынайы сеніммен, ықыласпен оразасын ұстайтын болса, оның бүкіл күнәлары кешіріледі екен».
– Рамазан айы мұсылмандардың өмірінде қандай өзгерістер алып келетіндігі жайлы айтсаңыз.
– Қарапайым айларда ғайбат айту күнә болса, осы Рамазан айында күнәлар еселеніп кетеді. Сол үшін де Рамазан айында тұтқан оразамыз арқылы күллі жаман әдеттерден, жаман пиғылдардан, мінездерден, барлығынан арылатынымыз анық. Рамазан айы өзге айларға қарағанда жақсылықтар еселенетін, күнәлары да еселеніп кететін сондай бір ай. Бұл айда адамдар көбінесе тек қана тамақтан ғана тиылып қоя салмайды. Оразаның үш парызы бар: бірінші ниет, екінші таң атқаннан күн батқанға дейін тамақ жеуден тыйылу болса, үшіншісі әйелмен жыныстық қарым-қатынастан тыйылу. Жалпы халал нәрселердің өзінен тыйыласың, тәрк етесің, ал харам болған нәрселерден түбегейлі құлан таза айығасың. Енді бұл жерде бағанағы айтып өткен хадис тағы да бар. Бұл ораза тозаққа қалқан болады деген. Ол қалқан қалай болады деген кезде күллі жаман күнәлардан, жиіркенішті амалдардан адам арыла алады деген нәрсе. Сосын Рамазан айының тағы да бір ерекшелігі, осы Рамазан айында бір ай ғана ұстап, қалған он бір ай бойы сол Рамазанның энергиясымен, иммунитетімен, күшімен жүре алатын сондай бір ай деп білеміз. Бұл айды Алла Тағала бекерден бекер ұлық етіп қоймағандығы белгілі ғой.
– Рамазан айында құлшылық деңгейін арттыру үшін қандай кеңестер берер едіңіз?
– Рамазан айында құлшылықтың деңгейін арттыру үшін ең алдымен парыз болған оразаны ұстау. Сол құлшылықтың ең төресі қандай амал десе, ол ораза деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады. Енді бұл оразаға қатысты Құранда Алла Тағала не деп айтады. Бақара сүресінің аяты: «Ей, мүминдер, ей иман келтіргендер, сендерге парыз етілді дейді. Сендерден алдыңғы үмметке ораза парыз болған секілді, сендерге де парыз етілді. Сендер осы оразаны ұстап Алладан қорқыңдар» деген аяты еді. Бұл аяттың түсуі, оразаны парыз етуі мұсылмандарды рухани жаңартты. Оған дейін ораза деген нәрсені алдыңғы үмметтерден еститін еді. Бірінші амалы ораза болса, екінші амалы Тарауих намаздарға, түнгі намаздарға қатысу. Бұл түнгі намаздарға қатысу өте үлкен әрі мол сауапты іс болып табылады. Бұған қатысты хадис бар: «кімде-кім Рамазан айында түнгі намаздарды оқыса, ғибадатты арттыру мен құлшылықты көбейту мақсатында Құран оқыса оның бүкіл күнәлары кешіріледі деп айтады. Сондай-ақ, Имам Әбу Ханифа өзінің күллі еңбектерін осы Рамазан айында доғарып, тек қана Құран оқуы және Имам аш-Шафи’и рахимуЛлах үлкен мәзхабтың иесі, ол кісі де Рамазан айы келе салысымен бүкіл жазған еңбектерін жинастырып, шәкірттерді оқытудан тыйып, тек қана Құранға зейін қоятындығы бізге үлгі. Имам Шафи’и өзінің еңбектерінде былай дейді: «бір күнде екі хатымнан түсіретінбіз дейді. «Фатиха» сүресімен бастап, «Нәс» сүресімен аяқтайды. Сонда бір Рамазан айында 60 рет хатым жасайтынбыз дейді. Біз енді Құранды толық жаттап, қари болғаннан кейін білеміз, бір күнде бір хатым Құран жасаудың өзі қиын. Бірақ сол алғашқы ғалымдардан болған кісілердің өзін қарайтын болсақ, өмірлерін шынымен де Рамазан айында өзінің күллі уақытын Құранға сарп ететін дейді. Рамазан айында зікірлер айтып, салауат айтып өткізген жөн. Кейбір жастарды білеміз, ораза ұстадым деп көп ұйықтауы немесе түрлі киноларды көруі, тек тамақтардан тыйылып, басқа ойындардан, жаман әдеттерден тыйылмауы бұл ең жаман нәрселердің бірі. Бұл оразада айтылатын жырды бізде қазақта «Жарамазан» деп айтады. Араб тілінде қарайтын болсақ, «жә» деген сөз «келді» деген мағынаны білдіреді. «Рамазан» дегеніміз «Рамадан» деген сөз. Яғни, «ЖәРамадан» немесе «Рамазан келді» деп айтылуында да бір хикмет, даналық бар деп ойлаймыз.
– Рамазан айында қандай жағдайдағы адамдар ораза ұстауға болмайды?
– Алла Тағала бір нәрсені жүктесе, соған жараса адамға да күш беретіндігі ақиқат қой. Алла Тағала мұсылман құлын еш уақытта қинамайды, Алла Тағала шамасы келмейтін нәрселерді жүктемейді. Енді кімдер ораза ұстауға болмайды десе: жүкті әйелдер мен балиғат жасқа толмағандар, ақыл-есі дұрыс емес адамды солардың ораза ұстаудан босатылатындығын айтамыз. Сондай-ақ, сырқаты бар адам, сауыққаннан кейін ұстап беруіне болады. Сондай-ақ, сапардағы адамға да жеңілдік бар. Мысалы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өміріне келетін болсақ, хижреттің екінші жылы Рамазан айының ортасында, он екінші, он үшінші күндері Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бәдір» шайқасына шығып кетеді. Сөйтіп Бәдір деген жерге барып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «ей мүминдер, мұсылмандар енді біз кәпірлермен соғысамыз. Сол кезде ауыздарыңды бекітпеңдер, ауыздарыңды ашыңдар» – дейді. Сонда көпшілік сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқанын жасап, сол кезде ауыздарын ашты дейді. Өйткені бірінші сапар, екінші соғыс болғандығы үшін дейді. Сол кезде Пайғамбар (с.ғ.с) «не үшін ауызды ашыңдар деді десе, өйткені сендерде күш-қуат қалмайды» – деп айтып осылай бұйырған еді. Сонда «жоқ, біз ораза ұстай береміз» деген кісілер болды дейді. Сол ұстаған кісілер өте қатты қиналып қалды дейді. Сол үшін де осы Құранда, осы хадисте ұстамауға болады деген кісілер болатын болса онда ол кісілер фидия берсін деген. Фидия дегеніміз – ораза ұстағандай сауап алады. Фидия екі адамды, екі міскінді, немесе екі пақыр кісіні тойдыру. Біздің мүфтиятымыз бекіткен алдыңғы жылы 3600 теңге еді бір күнге. Сонда есептесең отыз күнге жүз мың теңгеден асады екен. Ал енді кедей болса қайтеміз дейді. Кедей болса, ауру болса ешқандай ораза ұсталынбайды. Тек қана Алладан, «-Е, Алла Тағалам міне, Рамазан айы келді, ораза ұстай алмадым, мені кешір» деген сөздермен ғана шектеледі екен. Көпшілік орындар да мұсылман адам тамақтанбау, түскі уақытта ас бермеу, жылдық асы, қырық күндік асы, жүз күндік асы деген сияқты дүниелер де шектеледі. Осы жылы Рамазан айы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп тұрғаннан кейін бізде мекемелерде Наурыз береміз дейді. Бірақ мұсылман адам ораза ұстауы керек. Ораза ұстаған адамдарды да құрметтеу бұл баршамызға міндет екен. Сол үшін Рамазан айындағы оразаға өте қатты мән беруіміз керек.
– Қасиетті Рамазан айы барша мұсылман бауырларымызға мүбәрәк болсын. Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Нұрыш ӘБІЛҚАЙЫР.