Тарих беттерінде қайғылы күндер мен ерлік естеліктеріне толы оқиғалар аз емес. Ауған соғысы – сондай кезеңдердің бірегейі. Мыңдаған жас сарбаздың өмірін қанды майданға байлап, жүздеген отбасының жүрегіне жазылмас жара салған бұл соғыстың салмағы ауыр. 1979-1989 жылдары аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстаннан 22 000 боздақ аттанып, жат елдің тау-тасын басып өтіп, өз антына адал болды. Олардың 761-і қаза тауып, 21 адам хабарсыз кетті. Түркістандық жауынгерлер де сол ұлы борыштың жүгін абыроймен арқалады. Дәлірек айтқанда, Түркістан қаласы бойынша 250-ге жуық жауынгер Ауғанстанға аттанып, 10-ы шейіт болған. 1 адам із-түссіз жоғалып кеткен. Осы отқа оранған он жыл тарих бетіне қайғылы күндерді бедерлеген еді. Қанша уақыт өтсе де бұл оқиғаның салмағы мен сабақтары ұрпақ жадында жаңғыруы тиіс. Ерлікке тағзым еткен өскелең ұрпақ өткеннің өрлігінен өнеге алса дейміз. Бүгінде 36 жыл бұрын жат жерде жан алысып, жан беріскен қайсар ағаларымыз арамызда жүр. Айта кетейік, жыл сайын «Түркістан» газетіне ерлік жаңғырығына айналған естеліктерді бөлісіп, ортамызда жүрген ардақты азаматтарға арнап тағылымды мақалалар жариялап келеміз. Бұл жолы да жастық шақтың жалынды кезеңін жат елде өткізген батырлардың бір парасы туралы баяндамақпыз.
ДҰШПАНҒА БЕС КҮН БОЙЫ БЕРІЛМЕГЕН

Өтешов Игілік Ибраймұлы 1964 жылы 30 маусымда Түркістан қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – орта. Қаламыздағы М.Мәметова атындағы орта мектептің түлегі. Әкесі Ибраим мен анасы Тұрғанкүл екеуі алты ұл, екі қыз тәрбиелеген.
– Түркістаннан Сергей Юсупов, Қазыбек Өтебеков, Мұрат Сарыбаев төртеуміз әскер қатарына алындық. Ашхабад қаласында арнайы дайындықта болдық. 1983 жылдың сәуір айында бізді Ауғанстанның Қандағар қаласына алып барды. 71176 гвардия бригадасының 1 батальон 3 ротасында старшина болдым. Әскери шенім – сержант. Міндетім – тек ұрыс қимылдарына қатысу ғана емес, бөлімше саяси және рухани тәрбиесін жетілдіру, жауынгерлік рухты көтеріп, моральдық қолдау көрсету болды. Ауғанстанның Қандағар қаласында бөлімше старшинасы болып, жауынгерлермен бірге ұрыстарға қатыстым. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында бірнеше марапаттарға ие болдым. Осы міндетті атқару барысында арнайы жасақталған көрші ротаның старшинасы алматылық Қанат Алдабергеновпен танысып, көп көмегін көрдім. Жауынгерлік тапсырмаларға кеткенде қайтып оралғанша бір-біріміздің тілеуімізді тіледік. Бұл таныстық елге келген соң да жалғасын тапты. Қандағар қаласына жақын Анизанин деген қыстақ бар. Сол қыстақты дұшпандардан азат ету барысында біздің бөлімше қоршауда қалып қойды. Дұшпандармен 4 күн қосымша көмексіз атыстық. Азық-түлік таусылып, оқ-дәрі азайды. Дұшпандар біздің осал қарсылас емес екенімізге көздері жеткен соң, уақытты созып, аштықта әлсіретіп барып алуды мақсат етті. Үш жауынгер қайтыс болып, екеуі ауыр жараланды. Күшіміз азайып, қалған тоғыз адам қорғаныста жаттық. Бесінші күні десант батальоны көмекке келді. Бес күн бойы нәр татпағанбыз. «Адам ит жанды» дегеннің мәнін осы қиыншылықтан кейін түсіндім. Өйткені, адам бәріне шыдайды екен. Аштыққа да, денеге түскен жарақатқа да шыдайсың, бірақ, намысқа шыдамайды екенсің. Біздің бес күн бойы жауға берілмей аш жатуымыз «жеңіліп қалмасақ екен» деген намыс еді. Бізді құтқаруға келген топтың ішінде жерлесім Сергей болатын. Ол аш жатқан маған бір үзім нан берді. «Қиын-қыстауда берілген көмектің сауабы көп болады» дейді. Әрі қиын-қыстаудағы қарыздың парызы да зор болмақ. Мен аман-есен келгеннен кейін, Сергейді қонаққа шақырып, парызымды өтедім, – деп еске алды ағамыз.
Игілік Ибраймұлы жолдасы Күнім-күл екеуі 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Бүгінде жеке кәсіппен айналысады.
МІНДЕТІН МҮЛТІКСІЗ АТҚАРҒАН

Ахметов Қадир Аминжанұлы 1965 жылы 28 маусымда Түркістан қаласында дүниеге келген. Ұлты – өзбек, білімі – арнаулы орта. Шаһардағы Хамза атындағы орта мектепті бітіріп, Өзбекстанның Жаңа жол қаласындағы азық-түлік техникумында оқыған. Әкесі Аминжан мен анасы Мехри алты перзент тәрбиелеген, Қадир – бесіншісі. Қадир 1984-1986 жылдары Ауғанның Кабул қаласындағы 51884 әскери бөлімінің 180 мотоатқыштар полкінің аға аспазшысы қызметін атқарған. Әскери шені – сержант.
– Ауған жеріне түскен алғашқы күні бізді полк құрамымен таныстырды. Полктің оң жағында қыстақ, сол жағы таулы екен. Алғашқы атысты сол күні көрдім. Түнгі сағат ондар шамасы еді. Жатуға бұйрық берілген. Жауынгерлер орындарында жатқаны сол еді, казармаға қарай қыстақтан оқ атылды. Дабыл соғылып, қарсы шабуылға шықтық. Жарты сағаттан соң оқ дауысы тынышталды. Сағат он бірлер шамасында майор Руслан Аушев жауынгерлерді акт залына жиып, мақсатымыз бен міндетіміз туралы, Кеңес жауынгерлерінің атына кір келтірмей интернационалдық борышымызды адал атқару керектігі жайлы сұхбат өткізді. Сөзі нық, мірдің оғындай екен. Дұшпандардан қорықпауды, керісінше олардың қорқуы тиіс екендігі жайлы мәнді де мағыналы әңгімесі мен кеңесі әлі есімнен шықпайды, – деп еске алады ағамыз. Қадир Аминжанұлы СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «70 лет ВС СССР», «От благодарного Афганского народа», «Воину-интернационалисту», «15 лет вывода советских войск из ДРА», «Ветерану войны в Афганистане 1979-1989 гг.» медальдарымен марапатталған.
Айта кетейік, Қадір Аминжанұлы бүгінде жұбайы Мукарам екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Бадамбаев Сұлтанбай Оңғарбайұлы 1963 жылы 22 қазанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – арнаулы орта. Әкесі Оңғарбай мен анасы Айткүлдің 6-шы перзенті. Түркістандағы №31 кәсіптік техникалық училищесі мен индустриалдық педагогикалық техникумында оқыған. Мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді.
ЖИЫРМА КҮН ЖАУМЕН АЛЫСҚАН

Ол 1982 жылы әскер қатарына шақырылып, Ашхабадтағы жаяу әскер дивизиясына дайындықтан өтеді. Естен етпес ерлік күндерін еске алған Сұлтанбай ағамыз:
– Біздер, Кеңес одағының солдаттары, соғысқа баратынымыздан бейхабар болдық. Ауған жеріне баратындығымызды білмедік. Айтпады. 1983 жылдың мамыр айында шұғыл бұйрықпен Түрікменстан Республикасының Қызыл Арбат қаласына келдік. Сол жерде екі ай жеке атқыштар бөлімшесінде дайындықтан өттік. 1983 жылдың шілдесінде дабылмен бүкіл ротаны көтерді. Содан ИЛ-76 ұшағымен Ауған астанасы Кабул қаласына алып барды. Сол жерден 120 адамнан құралған бөлімшеден 30 атқыш жауынгерді бөліп, Шындат провинциясына жіберді. Барған соң 19 күндей тағы да дайындықтан өттік. 1984 жылдың наурызында алғаш рет Шындат-Герат бағытындағы соғыс қимылына қатыстым. Герат қаласының жанындағы бір қыстақта дұшпандардың үлкен шоғыры бар екені белгілі болды. Дұшпандар өз позициясын бергісі келмеді. Ол операция 20 күнге созылды. Бұл жерде дұшпандардан көптеген қару-жарақ, оқ-дәрілерді тәркіледік. 70-80 адамды қолға түсірдік. Оларды Ауған әскеріне тапсырдық. Дұшпандардың тұтқынында әскери кеңесші болған екен. Оларды толық құтқардық, – дейді. Әскери марапаттары: «70 лет ВС СССР», «От благодарного Афганского народа», «Воину-интернационалисту», «15 лет вывода советских войск из ДРА», «Ветерану войны в Афганистане 1979-1989 гг.».
Бүгінде Сұлтанбай Оңғарбайұлы жұбайы Гүлнара екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
ОН ЕКІ РЕЙДКЕ ҚАТЫСҚАН

Қойшыбаев Самат Өскінбайұлы 1968 жылы 10 қаңтарда Жамбыл облысы, Шу ауданында туған. Ұлты – қазақ, білімі – орта. Әскери қызметтен кейін Талғар қаласындағы ДОСААФ-та оқып, жүргізуші мамандығын алған. Шу ауданынан 1995 жылы Түркістан қаласына көшіп келеді.
Әкесі Өскінбай мен анасы Күләш бес перзент тәрбиелеп өсірген.
1986-1989 жылдары Кабул қаласында танкист қызметінде әскери міндетін атқарды. Ірі-ірі он екі рейдке қатысып, «За боевые заслуги» медалімен марапатталған.
Сонымен қатар, «От благодарного афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» секілді мерекелік медальдармен марапатталған. Самат Өскінбайұлы қазіргі таңда жұбайы Гүлнара екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр.
ЖОЛДАСЫН ЖАУҒА ТАСТАМАҒАН

Әлімбеков Барат Төлбасұлы 1964 жылы 24 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Әл-Фараби кеңшарында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – орта. Шардара ауданы «Восход» кеңшарындағы Ленин атындағы орта мектепті бітірген. Әкесі Төлбасы мен анасы Тасбибі 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеген, Барат ұлдың кенжесі. Сол кездерді күрсініспен еске алған ағамыз:
– 1983 жылы наурызда Кабул қаласына ұшақпен 40 сарбаз түстік. Біздерді «КАМАЗ» машинасына отырғызып, алғашқы тапсырманы орындауға жұмсады. Жаңа келген жас сарбаз, жерлесім Қайрат екеуімізге әскери заттар тиелген машинаны Ханжан қаласына жеткізуді тапсырды. Жолда үлкен тау асуы болатын. Асуда бізді дұшпандар қарсы алды. Машинаны тоқтатып, қарсы шабуылға көштік. Жолдасым Қайрат аяғынан қатты жараланып, көп қан жоғалтты. Оған көңіл аударуға мұрша болмай, ұрысты жалғастыра бердік. Дұшпанның бетін қайтарып, Қайратты арқалап, тау жолына түстім. Өйткені, тау етегіндегі алаңда дәрігерлік көмек көрсететін ұшақ болатын. Аэродромға жетіп, Қайратты дәрігерлерге тапсырдым, – дейді.
Бүгінде Барат Төлбасыұлы жолдасы Нағима екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр…