Киелі шаһардың түркі дүниесінің рухани астанасына айналғанына көп бола қойған жоқ. Бұл әрине, өз кезегінде түркістандықтарға ерекше дем беріп, жаңа бастамаларға жол ашты. Ендігі жерде Парламентте қаралған Түркістанға ерекше мәртебе беру жайы ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Осы орайда, Түркістан қаласын дамытуға ерекше үлес қосқан, бүгінде зейнет жасында болса да жастарға ақыл- кеңестерін айтып, рухани астананың атына заты сай болуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Одан Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының атқарған шаруалары, көтерген мәселелері мен болашақ мақсаттары туралы сұрап білдік.
ЖАНАЗАДА МИТИНГ ЖАСАП, АС БЕРУДІ ТОҚТАТТЫҚ
– Жарылқасын Әзіретбергенұлы, бұл қоғамдық ұйым қашан құрылды, қазіргі таңда Ақсақалдар алқасының мүшелері қанша, киелі шаһарда қаншасы тұрады?
– Қазіргі таңда қала халқының өзі екі жүз отыз мыңнан асты. Киелі шаһарға жаңадан қоныстанып жатқандары да көп. Сондықтан алдымызда қыруар істер тұр. Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында 2000 жылы құрылды. 2005 жылы Әділет басқармасына тіркелді. Түркістан қаласын он мөлтек ауданға бөліп төраға сайланды. Бағдарлама жасалды. Бәрінен бұрын қалада тәртіп орнату мақсатында жасалған ұйымдастыру шараларына тоқталғанды жөн көріп отырмын. Мәселен, 2007 жылы қыркүйектің 27-сінде зиялы қауым өкілдері мен имамдардың қатысуымен жаназа күні ас беру мен жалпы жиын митинг өткізуді тоқтату туралы мәселе көтердік. Сол жылы қазанның 17-сінде Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында үлкен жиын болып, жаназа күні митинг жасап, ас беруді тоқтату туралы мәселе қарадық. Бұл шара қазір жүзеге асырылып отыр.
ТЕГІН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ДҮКЕНДЕРІН АШТЫҚ
2010 жылы шілденің 15-інде Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы жиын өткізіп, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылары үшін тегін қайырымдылық дүкенін ашу туралы бастама көтердік. Оған ай сайын бірнеше рет азық-түлік беріп отыру, киім –кешек жинауды қолға алу туралы бастама көтердік. Қайырымдылық тегін дүкен ашып, ай сайын тұрмысы төмен отбасыларына 2-3 рет азық-түлік таратуды іске асырдық. Сол Ақсақалдар алқасының бастамасы бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап, көпбалалы отбасыларына ай сайын 40-50 отбасыға азық-түлік тұрақты таратылып келеді. Олардың тізімін шағын аудандардың төрағалары ұсынады.
Мен бір ғана ақсақалдың атқарған жұмысына тоқталғым келеді. Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі, өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Райымжан Қошқаров «Үлес» қайырымдылық қорын құрды. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларына қайырымдылық жасап, соңғы жеті жылда 45 бес бөлмелі үй соғып, тұрмысы төмен отбасыларына тегін берді. Райымжан Қошқаров бұл қайырымдылық акциясын алдағы уақытта жалғастыруды жөн көреді.
ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕРДІ ДӘРІПТЕЙІК!
– Той туралы қаулыларыңызды тәртіп сақшылары қолдағанымен қала халқы, әсіресе, жастар қалай қабылдады? Шаншудай көрген жоқ па?
– Той туралы мәселе әлі күнге өз дәрежесінде шешімін тауып отырған жоқ. 2015 жылы маусымның 10-ында жалпы жиын өткізіп, «Той туралы» қаулы қабылданды. Осы қаулы бойынша той түнгі сағат 12-де аяқталады. Кафе, сауна, ойын-сауық орындары түнгі 1-00-де жабылады. Белгіленген уақыттан артық жұмыс жасаған жағдайда ескерту беріліп, тоқтатпаса акт жасап айыппұл салыну керек. Жастарымызды жаман жолдан сақтаудың төте жолы осындай болғандықтан, зиялы қауым өкілдері мен студент жастарымыз бірден қолдады.
Алайда, соңғы жылдары той өткізгенде дарақылық, мақтаншақтық, бекер мал шашу, ысырапқорлық тым белең алып бара жатқандығына куә болып жүрміз. Мыңдаған қонақ шақырып, той жасайтындар өз алдына, жақында бір ірі кәсіпкердің Мәскеуден үш метрге баратын тортты алпыс миллион теңгеге алғызғанын естігенде жағамызды ұстадық. Ондаған миллион теңгеге сырттан эстрада жұлдыздарын шақыру қайтадан сәнге әрі бәсекелестікке айналып барады. Олар фонограммамен екі-үш ән айтады да, ақшаны қалтасына басып, жөніне кетеді. Бәлду-батпақ мәні жоқ әндер. Ән адамды демалдырып, ой салып, көңілін көтеруі үшін керек емес пе? Оның сөздері мәнді де оралымды, жанға жайлы болуы тиіс. Бұл деңгейден көрінетіндер некен-саяқ. Сондықтан алдағы уақытта сырттан қымбат әншілерді шақыруға тыйым салу керек деп ойлаймын. Әр облыс, аудан өз әншілерін шақырып, шеберліктерін шыңдауға, елге танымал болуына жәрдемдесуі керек. Дәстүрлі әншілерімізді көтеру, дәріптеу маңызды. Қазіргі тойларға той жұлдыздары 6-15 миллион теңге аралығында келеді. Қайрат Нұртас 10 миллион, Төреғали Төреәлі 9 миллион, Тұрсынбек Қабатов тойға асабалық жасау үшін 15 миллион теңге сұрайды екен. Мұндай теңгені табу байлар үшін түкке тұрмайды. Ал, кедейлер мен орта шаруа үшін өте үлкен қаржы. Олар да намыстанып, несие алып, қарызға той жасап, той жұлдыздарын шақырып, құтыла алмайтын қарызға батады.
Тойға әрбір облыс, әрбір аудан қатаң бақылау жасап, жергілікті өнерпаздарды, жергілікті әншілерді шақырып, өткізу керек. Жергілікті әншілерге 200-300 мың теңгеден беру керек. Бұл той жасаған кедейлер мен орта шаруаға тиімді. Жергілікті әншілерге де өнерін ұштап, аздап табыс табуына жол ашылады. Атақты той жұлдыздарына он миллион ақша сұрауға қатаң тыйым салып, шектеу қою керек. Олар табысты бейшараларды алдап таппай, Димаш Құдайбергенге ұқсап, үлкен залдарда концерт қойып, қазақтың өнерін бүкіл әлемге танытып, табысын содан тапсын. Олардың тойға қатысып, мыңғырып баюына моратория жариялау керек.
2019 жылдың 14 қыркүйегінде Өзбекстан «Тойлар, отбасылық салтанат іс-шараларын өткізуді тәртіпке салу туралы Жарғыны» бекітті. Бұл өте қажет құптарлық іс шара. Той тек ән салып, би билеп, шарап ішу емес. Той үлкен тәрбие құралы. Қарапайым халықтың намысына тиіп, қарызға батырғаннан гөрі, барлық той бірдей, қарапайым, ысырапсыз, кедейдің де шамасы келетіндей ережемен өтуі керек. Бұл үшін әрбір облыстың әкімі, мәслихаты, заңгерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кеңесе келіп, той ережесін бекіту керек. Тойға қатысатын адамдар санын шектеу керек. Мәселен, үйлену тойына 300 адам, қыз ұзату тойына 200 адам, қалған ұсақ-түйек тойларға жүз адам шақырса жеткілікті. Ереже бекітілген жағдайда тойдағы даңғойлық та, мақтаншақтық та, босқа мал шашпашылық та, ысырапшылық та, несие алып қарызға батушылық та тоқтайды.
ҚАРЫЗҒА ТОЙ ЖАСАУ- ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫСҚА АЙНАЛДЫ
– Жәке, мені қатты қапаландырып жүрген нәрсенің бірі соңғы жылдары ата-анасы несие алып, баласына үйлену тойын жасап беріп, соңынан қарызды қыз-бен жігіттің мойнына іліп қойып, екі ортада жас отбасы-ның ажырасып жатқанына куә болып жүрміз. Несие алып той жасағанды қалай тиямыз?
Той қуаныш, той қызық, той тамаша. Қазақ: «Тойың тойға ұлассын!», «Жинағаның тойға шашылсын!» деп бір-бірінің қуаныштарына ортақтасып жатады. Тойдың түрі көп. Шілдехана, бесік, сүндет, кәмелетке толу, қыз ұзату, үйлену тойы болып жалғасып кете береді. Ата-бабамыздан қалған той өткізу дәстүрі бар. Той барынша қарапайым. Ысырапкершілікке бармай өткізілген. Үйлену тойында жас жұбайларға барынша қамқорлық жасап, мал беріп, ағайындары жиналып «Асар» әдісімен үй салып беретін дәстүрі де болған.
Кейбір мақтаншақ, бекер мал шашпақ даңғойлар өз атын шығару үшін тікұшақпен елдің үстінен ақша шашып шетелден 100 мың долларға эстрада әншілерін шақыртып, ақшаны судай шашқандар кездеседі. Мұндай тойларды көрген кедейлер мен орта шаруалар да баласының тойын жоғары дәрежеде өткізу үшін миллиондаған теңге несие алып, қарызға әбден батады. Бұдан соң қарыз үстіне қарыз жамалып, еселеп көбейіп кетіп, қалған ғұмырын несие қарызын төлеумен өмірін өксітіп өткізеді. Сондықтан тойға жайылатын дастархан мәзірі байға да, кедейге де бірдей қарапайым өтуі тиіс. Байға еремін деп, кедейдің таңы айырылмасын.
АРСЫЗ АСАБАЛАР АЗАЙМАЙ ТҰР
– Тойлардағы асабалар туралы да көп пікірі әралуан. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Тамада –асабалар туралы айтар болсам, соңғы кездері жұртты күлдіремін деп отырысты бүлдіретіндер көбейіп кетті. Олар анайы анекдоттар мен әзіл-қалжыңдар мен артық әңгімелерге үйір болып алды. Уақытты өткізу үшін әртүрлі билер ұйымдастырады. Жатып билеу, бірін-бірі арқалап билеу. Шал мен кемпір биі деген шықты. «Кәрі түйе ойнақтаса, жұт болады». Асаба уақытты өткізу үшін әр түрлі ойындар ойлап табады. Асабалар сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, ақылға қонымды, адамға ой салатын келелі пікірлер айтып, жастарға өсиет болатын ізгілікті амалдарды жасағаны жөн болады. Жақсы тілек, өсиет сөз сөйлегендерге елдің алғысын жеткізіп, сый-сияпат жасаудың артықтығы жоқ. Сол арқылы артымызда жақсы сөз қалады.
БАР ҚЫЛМЫСТАР АРАҚ-ШАРАПТАН БАСТАЛАДЫ
– Ақсақалдар алқасының бастамашылығымен қолға алынған Түркістанды арақ-шараптан ада, таза да халал қалаға айналдыру туралы бастамаларыңыз жұртшылық тарапынан қолдау табуда ма?
– Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы 2014 жылы тамыз айында киелі шаһарды ара-шараптан ада, таза да халал қалаға айналдыру туралы бастама көтердік. 2023 жылы 2014 жылғы «Түркістанды халал қалаға айналдырайық» атты Үндеуді бүкіл Түркістан облысы бойынша қайта көтердік. Қазіргі таңда көптеген елді мекендердегі дүкендерде арақ-шарап сатылмайтын болды. Облыс бойынша арақ-шараптан ада, таза да халал елді мекендер мен ауылдардың саны елуден асты. Ашылғанына үш жылдан асқан Сауран ауданы бойынша он бес ауыл халал ауылға айналды. Нәтижесінде бұл ауылдарда жастар арасындағы қылмыстық істердің барынша азайғаны байқалды.
ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТКЕН, КЕСЕНЕНІ ГҮЛ ЕТКЕН
– Сіздердің бастамаларыңызбен жүзеге асырылып жатқан «Түркістанды гүл қалаға айналдырайық!» атты бағдарламаларыңыз жұртшылық тарапынан қалай қолдау табуда?
– 2018 жылы шілдеде «Түркістанды гүл қалаға айналдырайық!» деген үндеу тастадық. Арада жыл өткенде бұған барынша сүбелі үлес қосқан үйінің айналасын гүл бақшаға айналдырған 100 отбасыға, 2020 жылы 200 үйге бәйге берілді. Өткен жылы басталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясына қала жастарымен қатар ақсақалдары да белсене қатысты. Бұл бастаманы алдағы жылдары да қолдап, әрі қарай жалғастыратын боламыз.
КӨШЕ КОМИТЕТТЕРІН ҚҰРАТЫН БОЛАМЫЗ
– Сіздердің барлық бастамаларыңыз жергілікті халықтан түгелдей қолдау тауып келеді. Алдағы жылдарға арналған қандай жобаларыңыз бар?
– Уақыт бір жерде тұрмайды. Қазіргі таңда қала халқы екі жүз отыз мыңнан асты. Үйлердің саны 40 мыңнан, көшелердің саны 900-ден асты. Осыған орай Ақсақалдар алқасы мен Қоғамдық келісім кеңесі төмендегі іс-шараларды іске асырды. Қаланы 11 мөлтек ауданға бөліп, шағын аудандар құрылды. Ол мөлтек аудандар төрағалары сайланды. Әр учаскеде шамамен 40-50-дей көше болады. Әр көшеге көше билері сайланады. Учаскелік комитеттердің 7-10 адамға дейін комиссия мүшелері сайланды. Оған төраға, учаскенің ауыл ақсақалы, мұғалім, дәрігер, белсенді ана, жігерлі жастар, мықты кәсіпкер, мешіт имамы мүше болады. Учаскелік комитеттің мүшелері көшедегі тәртіпті, оның тазалығын, келеңсіз әрекеттердің алдын алу жайын өздерінің күшімен шешуді ойластыруы керек. Көше комитеттері көшедегі тәртіпті, көше тазалығын, күл-қоқысты уақытында шығаруды реттеп отырады.
Көше комитеттері көктемде әрбір үй ауласын тазалап, көше жағына ағаш және гүл егуді ұйымдастырады. Учаскелік комитеттерімен көше комитеттері өз учаскесінің, өз көшесінің қамқоршысы, әрі жол көрсетушісі де, ақылшысы бола алады. Әрбір учаскелік комитет көше комитеттерімен бірлесе отырып, тұрғындардың тұрмысы, отбасылық жағдайы туралы мәлімет жинайды. Әрбір отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігін байқап отырады. Егер де кейбір отбасыларының әлеуметтік мәселелері, үйіне газ, су кіргізу, жарық, мектеп, балабақша мәселесі туындаса мүмкіндігінше бірлесіп көмектесіп жіберуі қажет. Сонымен бірге әр отбасындағы жастардың жағдайын анықтайды. Жұмыс істемей жүрген жастардың немен айналысатынын зерттейді. Ішкілікке құмар, ұрлыққа бейім азаматтардың жобасын байқайды. Оларды ерекше бақылауға алады.
БІЗДІҢ ҚАЛАМЫЗДЫ СЫРТТАН КЕЛІП, ЕШКІМ ЖӨНДЕП БЕРМЕЙДІ
Біздің қаламызды да, үйімізді де, көшемізді де, ауылымызды да сырттан келіп, біреу жөндеп бермейді. Оны әркім өзінен бастауы керек. Әрбір участіктердегі комиссия, полиция бөлімі, учаскелік инспекторлармен келісе отырып, халық жасақшыларын құрады. Олар мезгіл-мезгіл учаскелік инспекторлармен бірлесіп, түнгі рейдтерге шығып тұрады. Түнгі клубтар, казино,сауналарды бақылайды. Мұндай жұмыстарға және түнгі рейдтерге жастарды көбірек тартсақ, киелі шаһарда тәртіпсіздік азаяды.
Сөзімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұқбатынан үзіндімен аяқтағым келеді.
«Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді»,-деген болатын.
Осыған орай, меніңше, Түркістан қаласы түркі жұртына және еліміздің барлық шаһарларына үлгі болатындай мәртебесіне лайық қызмет атқара алатындай дәрежеге жетуіміз керек. Бұған үлкен, кіші, жасы да жасамысы белсене қатысуы керек деген ойдамын.
– Салиқалы сұқбатыңызға үлкен рахмет!
Сұқбаттасқан: Ескендір ЕРТАЙ