ТҮРКІСТАН ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛЫМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСУДЕ?

202 көрілім

Қазіргі таңда есірткі қылмыстарының саны артып келеді. Ал қылмыскерлер жылдан жылға айласын асырып, ғаламтордың көмегімен жаңа деңгейге көшкен. Осы уақытқа дейін есірткі бизнесі көбінесе жабық, жасырын орындарда жүргізілсе, бүгінгі таңда интернет арқылы есірткі сату мен тарату әлдеқайда жеңіл әрі қолжетімді болған. Тіпті олар жоғары жалақы мен тиімді жұмыс ұсыныстарын жариялап, жастарды заңсыз бизнеске тартуды мақсат етеді. Бұл жағдай қоғам үшін аса қауіпті, себебі заңсыз есірткі айналымына тартылған адамдар өз болашағын ғана емес, бүкіл өмірін бұзып, қылмыстық ортаға еніп кетеді. Ал Түркістан қаласында бұл мәселе қалай өрбіп жатыр? Осы сауалдың жауабын іздеп, Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Марат Бимахановпен сұхбаттасып, мәселеге тереңірек үңілдік.

– Марат Асылханұлы, биылғы статистикаға тоқталып өтсеңіз. Жалпы Түркістанда есірткі тасымалы және саудасына байланысты қанша оқиға тіркелді? Оның қаншасы қылмыстық жауапкершілікпен аяқталды?

– 2025 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша, Түркістан облысында жалпы құқық бұзушылық саны 47-ні құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 11 дерекке төмендеген, өйткені былтыр 58 құқық бұзушылық тіркелген еді. Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар айында 29 қылмыс орын алса, биыл тек 11 қылмыс тіркелген. Бұл дегеніміз, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс тіркелімі 18 дерекке, яғни пайызға шаққанда 62%-ға азайған. 2025 жылдың қаңтар айында тіркелген 11 қылмыстың ішінде төртеуі есірткі мен психотроптық заттарды, сондай-ақ олардың туыстас түрлерін өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу бойынша тіркелді. Бұл қылмыс бойынша күдіктілер анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ал бір қылмыс тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру дерегі бойынша тіркелді. Бұл оқиға Сарыағаш ауданының 38 жастағы тұрғынының ауласынан фитозертхана табылғаннан кейін ашылды. Жедел тергеу барысында 41 түп сора мен 12 қапшыққа салынған 30 келіден аса марихуана есірткі заты тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыс орнынан 2 атыс қаруы алынды. Қазіргі таңда, күдікті тұлға қамауға алынып, тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

– Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны азайды ма?

– Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, иә. Өткен жылмен салыстырғанда Түркістан облысында қылмыс саны айтарлықтай азайғанын байқаймыз. 2024 жылдың қаңтар айында 29 қылмыс тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 11-ге төмендеген. Яғни, қылмыс саны 18 дерекке азайған. Бұл, әрине, құқық қорғау органдарының күш-жігері мен қылмысқа қарсы жүргізген профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді.

– Түркістанның қай өңірі есірткі қылмыстарына байланысты тіркелген қылмыс бойынша көш бастап тұр?

– Ағымдағы жылдың құқық бұзушылық тіркелімі бойынша, Түркістан облысында Кентау қаласы басым болып тұр. Бұл қалада құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай жоғары болғанымен, қылмыс санына келетін болсақ, аймақтың әртүрлі аудандарында есірткі қылмыстарының тіркелуі әртүрлі. Соның ішінде, Сарыағаш ауданында ерекше оқиға орын алған болатын. Аудан тұрғынының ауласынан фитозертхана табылып, онда есірткі өсімдіктерін өсіру дерегі анықталды. Сонымен қатар, Сауран ауданында жедел іс-шаралар барысында 3 келіге жуық марихуана есірткі заты тәркіленді. Тағы бір ірі есірткі жасыру дерегі Ордабасы ауданында тіркеліп, сол жерде 3 келі марихуана және 2416 дана трамадол таблеткасы табылды. Ал Түркістан қаласында жасырылған есірткі заттары бойынша тағы бір маңызды оқиға болды: қала аумағында 6 грамм синтетикалық есірткі – мефедрон тәркіленген болатын. Сондықтан есірткімен күрес қазіргі таңда ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

– Соңғы кездері интернет, əлеуметтік желі арқылы есірткі саудалайтындардың қатары көбейген. Тіпті олар оңай жұмыс береміз деп жастарды өз құрықтарына түсіруде. Мұндай қылмыскерлермен күрес қалай жүргізіледі?

– 2025 жылдың қаңтар айында құқық қорғау органдары есірткімен күрестің жаңа тәсілдерін қолданып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Осы уақыт аралығында, арнайы «Киберқадағалау» жүйесінің көмегімен 60-тан астам есірткі сатуға арналған сайттар анықталып, оларды бұғаттау шаралары жүзеге асырылды. Бұл іс-шаралар аясында полиция, прокуратура және басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп, 58 профилактикалық іс-шара ұйымдастырып, олардың барысында 6000-ға жуық жастарға есірткіге қарсы ескерту жұмыстары жүргізілді. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 39 дерекке, яғни 12,6 пайызға азайған. Алайда, бүгінгі күні есірткі қылмыстарымен күрестің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отырғаны – интернет арқылы есірткі тарату тәсілдері. Соның ішінде, «Telegram» мессенджерінде және «OLX» хабарландыру парақшаларында қолданушының қатысуынсыз тапсырмаларды автоматты түрде орындайтын чат-боттар арқылы жұмысқа шақырулар жиі кездеседі. Бұл тәсілдер, әсіресе, жастар арасында таралып, олардың құқықтық сауатсыздығы мен оңай жолмен ақша табуға деген ұмтылысы есірткі саудасымен айналысушылардың құрығына түсіп қалуға әкелуде. Осындай жағдайлар көбіне жас жеткіншектердің болашағына қауіп төндіріп, олардың өмірін астаң-кестең етеді. Әрі бұл әрекеттер олардың ғана емес, ата-аналарының да тағдырын қайғылы жолға түсіруде. Мәселен 2024 жылы облысымызда есірткі жасырумен айналысқан 35 күдікті құрықталды. Ұсталғандардың көпшілігі 20-30 жас аралығындағы жастар.

– Өзінің есірткі таратып жүргенін білмеген азаматтарды қолға түсірген кездер болды ма?

– Иә, әрине, ондай жағдай кездеседі. Мысалы осы жылы Шымкент қаласында болған бір оқиға өңірде, әсіресе жастар арасында есірткіге қатысты жағдайдың алаңдатарлық деңгейге жеткенін тағы бір рет айғақтап отыр. Қаңтар айында Шымкент қаласының тұрғыны, жас қыздың қатысуымен болды. Ол 3 грамм синтетикалық есірткіні өзімен сақтап, тасымалдап, қолданғаны бойынша Түркістан қаласында құрықталды.

– Қылмыскерлер интернеттен бөлек, есірткі сатуға жəне таратуға басқа қандай амалдар қолданады?

– Қазіргі таңда есірткілердің таралу жолдары өзгеріп, күрделене түскен. Тұрғындар синтетикалық есірткілерге көбінесе интернет мессенджерлері арқылы қол жеткізеді. Бұл технологияның арқасында есірткі сату жасырын түрде жүзеге асуда. Ал табиғи есірткілер, мысалы марихуана, арнайы фитозертханалардан таралу мүмкіндігі жоғары. Бұл жерде есірткі заңсыз түрде өндіріледі де, қоғамға үлкен қауіп тудырады.

– Байқағанымыздай, есірткі саудасымен айналысатындардың əдіс-тəсілдері үнемі жаңарып, ауысып отырады. Осыған орай, департамент тарапының қызметкер-лері оларды дер кезінде анықтап, жолын кесу үшін қандай шараларды жүзеге асырады?

– Иә, есірткі саудасымен айналысатындардың әдіс-тәсілдері күн сайын жаңарып отырады. Мәселен, синтетикалық есірткілерге қатысты жағдай да осылай. Құрықталған қылмыскерлерден тәркіленген синтетикалық есірткі заттары заң жүзінде тыйым салынған тізімге енгізіліп, есепке алынады. Бірақ, қаскөй сатушылар бұл жағдайды ескеріп, өздерінің есірткілерінің құрамын үнемі өзгертіп, оған әртүрлі қоспалар қосады, осылайша олар жаңа есірткі түрлерін жасайды. Қазіргі таңда осының бәрімен күрес жүргізу үшін, ең алдымен, интернет желісіндегі наркосайттар анықталып, бұғатталуда. Сонымен қатар, облыс аумағында бейнебақылау жүйелері арқылы күдікті әрекеттер бақылауға алынып, құпия режимде арнайы жұмыстар жүргізіледі. Мұның барлығы есірткі саудасына қарсы күресті одан әрі тиімді ету мақсатында жүзеге асырылып отыр.

– Есірткі саудасы мен тасымалына кəмелет жасына толмағандарды тартқандар болды ма? Олар балаларды қалай алдайды? Жалпы, мектеп, колледж, университет аумағында есірткі сатумен айналысқандарды анықтаған кездеріңіз болды ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. 2024 жылы Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенті 109 грамм синтетикалық есірткі затын жасырын қоюмен айналысқаны анықталып, сот үкімі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға есірткі саудасына қарсы күрестің маңызды аспектілерін көрсетіп отыр. 2025 жылдың қаңтар айы бойынша, жасөспірімдер арасында құрықталған тұлғалар жоқ. Жалпы облыс көлемінде 341 адам есірткіге қатысты есепте тұр, олардың ішінде 7 адам синтетикалық есірткімен айналысады, оның ішінде сегізі әйелдер. Тәжірибеде есірткі жасырын қоюшы жастар, яғни «закладчиктер» көбінесе өздері есірткі қолданбайтыны анықталды. Олар көбіне жеңіл ақша табу мақсатында интернет арқылы наркосайттарға тіркеліп, осы әрекетке араласады. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде есірткімен байланысты оқиғалар тіркелген жоқ, сондай-ақ жасөспірімдер жауапкершілікке тартылмаған. Бұл көрсеткіштер жастар арасындағы есірткіге қатысты жағдайдың бақылауда екендігін көрсетеді, бірақ бұл мәселенің түбегейлі шешілуі үшін қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды.

– Қалай ойлайсыз, есірткі саудасымен немесе тасымалымен айналысқандарға қатысты жазаны қатаңдату қажет пе?

– Онсыз да, есірткіге қатысты қылмыстық заңнамаға 2025 жылдың 3 наурызынан бастап өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл жаңашылдық керісінше, бірінші рет есірткімен ұсталған жастарға жеңіл жаза тағайындалып, оларға қайта қалпына келу мүмкіндігі беріледі. Алайда, есірткі саудасын ұйымдастырушылар мен лауазымды тұлғаларға қатысты жаза қатаңдатылып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу көзделуде.

– Ал елімізде таралған қауіпті есірткі түрлері қандай?

– Елімізде таралған қауіпті есірткі түрлерінің ішінде синтетикалық есірткілер айтарлықтай кеңінен қолданылып келеді. Олардың арасында «МДМА», «Амфетамин», «Экстази», «Меткатинон», «Мефедрон» сияқты есірткілер жиі кездеседі. Бұл есірткілердың барлығы да қауіпті әрі есірткіге тәуелділікті тез тудыратын заттар болып табылады. Қазіргі кезде, әсіресе жастар арасында танымал болған «МЕФ» – Мефедрон мен «Скорость» – PVP (пивипи) сияқты синтетикалық есірткілер жиі анықталып, құрықталып жатыр. Бұл заттар адам организміне өте зиянды әсер етеді, психологиялық және физикалық тәуелділікті қалыптастырады. Мысалы, 2024 жылы 34 дерек тіркеліп, заңсыз айналымнан 4 келі 377 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді, бұл шамамен 8768 доза тұтынушыға жеткізілмеген деген сөз. Осы есірткілердің кең таралуы қоғам үшін үлкен қауіп тудыруда, себебі олар тек тәуелділік тудырып қана қоймай, көптеген денсаулық мәселелерін, әсіресе жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі және психикалық ауруларды туындатуы мүмкін. Сондықтан, осы есірткілермен күресу, олардың таралуын бәсеңдету үшін қоғамда ақпараттық жұмыстарды күшейту өте маңызды.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп рахмет!

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы