- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Көрнекті кеңес педагогы А.Макаренко айтқан «Жақсы отбасыда жазалау деген атымен болмайды. Ал бұл – отбасы тәрбиесінің ең дұрыс жолы» деген тәмсіл бар емес пе. Еліміздегі әрбір шаңырақтың берекесі тасып, ынтымағы берік болса екен деген тілек әрбір жанның жүрек түкпірінде орын алары сөзсіз. Бұл тақырыпта айта берсек мәселе аз емес. Жақында бір танысыммен әңгімелесіп отырып мынадай оқиғаны естідім.
«Шымкент қаласынан тойдан шығып, Түркістанға түнгі сағат 3-4-тер шамасында келдік. Жаңа қалаға әпкемді үйінен түсіріп, үлкен жолға шықсам жас келіншек ұлы мен қызын ертіп көшенің ортасында кетіп бара жатыр. Қызы 4-5 сынып болса, ұлы 8-9 сынып оқитын шамадағы жаста. Бір кезде ер адам келіншекке қарай беттеп, көлігімнің алдын қиып өтті. Ашулы екенін байқадым. Барды да әйелдің қолынан тартып, «үйге жүр дегендей» емеурін танытып жатыр. Жанындағы балалары анасын қорғаштап жылап жүр. Бір кезде келіншек екі перзентін қалқалап, әлгі жігіттен қорғай бастады. Мен ұзап көз ұшындай жерге дейін қараумен болдым. Ерлі-зайыпты болса керек, жігіт келіншектің қолынан ұстап тартқылап жатты. Балалары айналшақтап жылап жүр»,-дейді танысым.
Екеуміз отырып, сол мәселені біраз талқыға салдық. Беймезгіл уақытта жол үстінде не жүріс. Егер отбасында тыныштық болса қыстың көзі қырауда түнгі сағат 3-4-те дені сау ана екі баласын алып көшеге шыға ма?
Көпшілік ішінде мұндай жағдай аз кездеспейді. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды деген емес пе. Десе де балалардың көз жасы, одан жүрекке түсетін ауыртпалық тағысын тағы мәселелер жалғасып кете береді. Болашақ ұрпақты қалай тәрбиелеп жатырмыз деген сауалдың жауабы ретіндегі бір көрініс осындай. Иә, барлық отбасы бірдей емес. Бірақ, ішінара орын алатын осындай жағдайлар саналы ұрпақтың қалыптасуына кері әсерін тигізетіні белгілі. Келешегім жақсы болсын десең бірінші отбасындағы өз әрекетіңді түзе. Соған қарап ұлың мен қызың өседі. Ұяда көргенін ертең олар да қайталайды. Атам қазақ «Мықтылық он болса, жартысы мінезбен, жартысы ақылмен бетеді» деген. Отбасындағы әрбір қадам келешек ұрпағыңның бойына даритынын ескеріп, осы күннен ерлі-зайыпты жандар жақсы әрекетке бой ұруы тиіс. Бұл әр шаңырақтың ұстанатын басты қағидаты деп есептеген жөн. Теңіз тамшыдан құралса, берекелі мемлекет сондағы әр отбасыдан тұрады. Қолымызда қалалық полиция басқармасының мынадай мәліметі бар. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 800-ге тарта өтініш пен шақырту түскен. Бұл көрсеткіш алақандай Түркістан қаласында күн сайын екі-үш отбасында полиция шақыруға дейін мәжбүр болатын оқиға орын алып отыр деген сөз. Ақылға жеңдіріп, ар-ұятты басты орынға қойған отбасындағы жәбірленушілердің шағымданбай отырғаны қаншама.
Ел президенті бұл проблемаға ерекше көңіл бөліп, құқық қорғау органдары мен заң шығарушы биліктің алдына зорлық-зомбылықпен күресу үшін нақты тапсырмалар жүктеген. Соның нәтижесінде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге бірқатар маңызды түзетулер енгізілді. Осылайша полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу жүйесін түбегейлі өзгертті. Бұрын жәбірленуші тарапынан арыз-шағым түссе ғана тіркелетін заң бұзушылықтар енді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшірілді. Бұл дегеніміз, полиция қызметкерлері кез келген зорлық-зомбылық фактісін өздері анықтап, тіркеп, әкімшілік іс қозғай алады. Мәселені күрделендірмес үшін жауапты сала мамандары «отбасылық құндылықтарды сақтау және оны дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлттық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір жан өзінің парызы деп білуі тиіс», дейді. Бұл ретте неміс ойшылы Артур Шопенгауэрдің «Үйлену дегеніміз – өз құқығының жарымын азайтып, міндетіңді екі есе көбейту деген сөз» дейтін тағылымы ойға оралады. Айтпағымыз әр шаңырақ иелерінің бір-біріне деген құрметі биік болса аталмыш мәселе жөнінде бас ауыртпас едік. «Отбасындағы қастерлі құндылықтардың жетіспеушілігінен ата-ананың жылуы мен мейірімін толыққанды сезінбеген жасөспірімдердің өзіндік бағалауы мен бойдағы сенімділіктері төмендеп, ерік-жігерлері жасып, психологиялық тұрғыда ағзасы қатты соққы алып, жүйкелері жұқарады. Қоғамда өздеріне лайықты орын таба алмай дағдарысқа ұшыраған кейбір жасөспірімдердің психологиясы бұзылып, қатігездікке бой алдыруы да әбден мүмкін», дейді педагог-психологтар.
Сонымен бірге, қалалық полиция басқармасының жауапты сала өкілдері «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – біздің қоғамда кең тараған және өткір мәселе. Бұл тек жәбірленушінің денсаулығына немесе психологиялық жағдайына зиян келтіріп қана қоймайды, сонымен қатар, қоғамдық тәртіпке де қауіп төндіреді. Әдетте жәбірленушілер туыстарынан да мұндай фактілерді жасырады, тіпті полицияға жүгінуге батылы жетпей жатады. Олар үйдегі жанжалдың сыртқа шығуын қаламайды, ал бұл өз кезегінде құқық бұзушының жазасыз қалуына, жағдайдың нашарлауына және тіпті ауыр қылмыстардың орын алуына әкеледі. Бұл – әрқайсысы жеке зерттеуді, көмекті және нақты шара қолдануды қажет ететін жағдайлар. Бірақ, өкінішке қарай, жәбірленушілердің көбі заң жүзінде өздерін қорғауға дайын емес. Көпшілігі үй тирандарымен бірге тұруды жалғастыруға мәжбүр, ал кейбірі жағдайды қоғамдық қысым немесе ұят сезімінен жасырады. Біз үшін ең бастысы – жәбірленушілерге көмек көрсету, оларды қорғау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу. Қазірдің өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр»,-дейді.
Аталған бағытта бірқатар жүйелі шаралар қолға алынып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Мәселен, өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 300-ден астам іс-құжат сотқа жолданған. Оның ішінде төрттен бір бөлігі яғни 64 іс қайта жасалған тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтарға қатысты. Әкімшілік істердің шамамен 50 пайызы сотта қаралып, кей жағдайларда тараптардың татуласуы нәтижесінде құқық бұзушылар жауапкершіліктен босатылған. Бұл жағдайлар көпшіліктің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарына жеңіл қарауы мүмкін екенін көрсетеді. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бір жылға арналған қорғау нұсқамаларын рәсімдеп, профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп жатқанын айта кетуіміз қажет. Бұл нұсқамалар жәбірленушіні қорғап қана қоймай, құқық бұзушыға нақты шектеулер қою арқылы қайталанатын зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Бүгінде полицияның негізгі мақсаты – жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және оларға қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді деп сендіруде тәртіп сақшылары.
Орайы келгенде екінші рет тұрмыстық зорлықтың құрбаны болып, қайта шағымданғандар жөнінде сұрап көрдік мамандардан. Айтуынша ондай жағдайлар көптеп кездесетін көрінеді. Әсіресе ажырасқан отбасында жиі кездеседі екен. Тіпті полицияға «күйеуім бүгін ішіп келеді, маған тисетін сияқты» деп алдын ала хабарлап қоятындар да бар көрінеді. Бірақ өтініш екінші рет түскен жағдайда 73 бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. «Одан кейін бір жыл ішінде тағы да шағым түсетін болса оның жауапкершілігі күшейеді. Яғни оған әкімшілік іс, екі тараптан татуластыру, ымыраға шақыру деген әрекеттер мүлде болмайды. Бірден әкімшілік қамаққа алынады. Осы заңды көбі түсінбей, ерлі-зайыптылар бір күн ұрысып, ертесі татуласып арыз тастағанына өкініп отырады», – дейді мамандар.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастарда орын алатын құқық бұзушылықтардың кейбірі ұсақ-түйек мәселелерден туындайтыны жөнінде де тоқталып өтпеске болмас. Кей жағдайларда азаматтар эмоцияға беріліп, отбасылық ұрыстың шағымға ұласуы да мүмкін. Осындай мәселелер көбінесе отбасындағы материалдық қиындықтардан немесе ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінбеуінен туындайды екен. Мысалы, 2024 жылы 680 тұлғаға қатысты «Қорғау нұсқамасы» шығарылған. Оның ішінде 642-сі отбасылы адамдарға қатысты. Айта кету керек, кейбір азаматтарға бір жылда бірнеше рет қорғау нұсқамасы алынған. Тарқатып айтсақ, 53 тұлға екі рет қорғау нұсқамасына алынса, үш адам бұл тізімге төрт рет енген. Тіпті бір азамат бір жыл ішінде бес рет қорғау нұсқамасына алыныпты. Сонымен қатар, кейбір азаматтарға қатысты қатаң шаралар қолданылып, бір азамат төрт рет 10 тәулікке қамауға алынған оқиғалар да тіркелген. Мұндай жағдайларда полиция өкілдері тек заңдық тұрғыдан ғана емес, адамгершілік қырынан да қолдау көрсетуге тырысатынын айтады. Болмашыға арыз түсірген азаматтарға мәселені ымыраласып отырып шешудің жолдарын түсіндіреді.
Өкініштісі мұндай деректер өткен жылмен салыстырғанда қатты өзгермеген. Тәртіп сақшылары негізінде отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтардың өсуін бірнеше факторлармен байланыстырады. Ең алдымен, Заңға енгізілген өзгерістердің салдарынан қылмыстарды тіркеу деңгейі артқан. Мәселен, 2024 жылы аталған салада жасалған қылмыстар саны 4-тен 30-ға дейін өскен. Талдау көрсеткендей, осындай құқық бұзушылықтардың 8 оқиғасы мас күйде немесе спиртті ішімдіктерді бірлесіп ішу кезінде орын алған. Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында қоғамдық орындарда және көшелерде арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұратыны белгілі. Нәтижесінде, 2024 жылдың соңғы айларына дейін Әкімшілік кодекстің 440-бабына сәйкес, 1517 құқық бұзушылық анықталған. Алкогольді шектен тыс қолдануға байланысты, сот шешімімен 30 азаматқа алкогольді ішімдіктер ішуге шектеу қойылды, ал 7 адам мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілген. Айта кетерлігі, алкагольді қолданғандар туралы деректі түгелдей отбасында кикілжің шығарды деп шатастырмау қажет. Бұл жалпы көрсеткіш. Бұл ретте, кейбір кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзып, пайда табуды көздегені байқалады. Осыған орай, жыл басынан бері 96 жеке кәсіпкер Әкімшілік кодекстің 200-бабы бойынша жауапқа тартылған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептерінің бірі – отбасылардың әлеуметтік жағдайы. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жұмыссыз немесе маскүнемдікке шалдыққан азаматтардың арасында орын алатыны белгілі.
Осы орайда, аталған мәселені шешу тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін жете түсінгеніміз абзал. Түркістан қаласының жергілікті полиция қызметі бұл бағытта мүмкіндігінше жүйелі жұмыстар жүргізіп, жәбірленушілердің құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тыңғылықты шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, жаңа заңнама аясында жасалып жатқан қадамдар құқық бұзушыларға әділ жауапкершілік жүктеп, жәбірленушілерге моральдық және заңдық тұрғыда қорған болуды күшейтуге бағытталған. Алайда заңның тиімділігі тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың түсіністікпен қарап, мәселені бейбіт жолмен шешуге деген ұмтылысынан да көрінеді. Отбасылық тыныштық пен қоғамдағы тәртіп – өзара үйлесімділіктің кепілі. Бұл мақсатта полиция қызметі тек заңдық әрекетпен ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да қолдау көрсетуге тырысып жатқанын айтады. Ал қоғам ретінде біз отбасы құндылықтарын сақтауға, адамдардың бір-біріне деген құрметін арттыруға атсалысуымыз қажет.
Мәселеге тек заңдық тұрғыдан қараған жөн болмас. Қоғамның ұйысуына тікелей ықпал ететін бұл тақырыпты күнделікті жұмыс бағытына арқау етіп келе жатқан мемлекеттік мекемелерден бөлек қоғамдық ұйымдар және жекелеген азаматтар жетерлік. Соның ішінде облыстық Ақсақалдар алқасының «Түркістан арақ-шараптан ада қалаға айналдырайық» деген бастамасының мәні мен мазмұны тереңде жатыр. Табанды еңбектің арқасында өңірімізде бірқатар ауылдарда арақ-шарап сатылмайтын болды. Оны сол ауылдардың тұрғындары бастап, игі іске қолдау көрсетуде. Нәтижесінде сондай елдімекендерде отбасы кикілжіңі былай тұрсын өзге де қылмыс түрлері тіркелмеген деректер жария етіліп жатыр. Бұл дегеніңіз қоғамның дертін асқындырып тұрған себептердің басты көзі алкоголь өнімдерін тұтынудан шығып жатқанын айғақтауда.
Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде оқырман мен көрермен санын арттырып табыс табуды көздеген жандардың «бақытты өмірді» дәріптеген көріністері де кей отбасыларда түсініспеушілік туындатып жатқанын жасырмауымыз керек. Оған қатысты мамандардың да дәйекті пікірлері жетеді. Ұлттық құндылықтардан алшақ яғни, бастықтық түсініктерге негізделген желідегі кей ақпараттар, көріністер жас отбасылар арасында шаңырақтарының шайқалуына дейін әкеліп соқтыруда. Айта кетерлігі, осындай ойдан құралған «бақытты отбасын» дәріптейтін бейнеролик-терді кімдер түсіріп, кімдердің желіде дәріс оқып отырғанына мән бере бермейміз. Өмірде көргені мол, тоқығаны көп көне көз жандардың пайымды пікірлері көп жағдайда ескерусіз қалып жатады.
М.ӘЛМАХАН.