ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

428 көрілім

Түркістан қаласында құқықбұзушылықтың алдын алу және криминогендік ахуалды жақсарту мақсатында мекемеаралық кездесу ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Бахытбайұлы, сондай-ақ қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы қатысты. Бұдан бөлек, прокуратура, полиция және әкімдік қызметкерлері де талқылауға белсене қатысып, өзара пікір алмасты.

Жиынның күн тәртібінде өткен жылдың құқықбұзушылық деңгейі мен криминогендік ахуалының қорытындылары қаралды. Бұл ретте, ювеналды полицияның қызметі, көші-қон заңнамасының орындалуы және жол-көлік оқиғаларының саны да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, алдағы уақытта атқарылуы тиіс шаралар мен жоспарлар талқыланды. Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының тарихи және туристік маңызына тоқтала отырып, қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттырудың аса маңызды екенін атап өтті.

– Қаламызға басқа өңірлерден және шет елдерден зиярат етушілер мен туристік қонақтар жиі келеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруы тиіс,– деді қала басшысы.

Сонымен қатар, әкім қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін рейдтік шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.

– Сауда орындары мен дүкендерде кешкі сағат 20:00-ден кейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу бойынша бақылау күшейтілуі керек. Қоғамдық орындарда полиция патрульдерінің санын арттырып, жол қауіпсіздігіне ерекше мән беруі керек. Түркістан қаласы тек мәдени және тарихи туризмнің орталығы ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз қала болуы тиіс,- деп атап өтті Әзімбек Пазылбекұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы