Түркістан. Ұстаным. Татулық. Конфессияаралық келісім. Әрбір сөзде терең мағына, еліміздің, соның ішінде көпэтносты өлке саналатын киелі шаһардың ұстаған бағыты, қоғамдағы өміріміздің сипаты жатыр. Түркістан қаласындағы «Достық үйінің» дөңгелек үстелінде бас қосқан түркістандық қауым артар жүгі, мәселесі маңызды көкейтесті тақырыпты қозғады. Олай болуы орынды да. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Халқымызды ынтымақ-бірлікке, қоғамдық келісім мен татулыққа үндеген ассамблеяның «Жүз тілдің планетасы» атанған Қазақстан халқының өмірінен алар орны ерекше. Оған халықтар достығының символына айналған елімізде бақытты ғұмыр кешіп жатқан этнос өкілдерінің жарқын тұрмысы куә. Жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы модераторлық етті.

«Біздің елімізде ұлтына, нәсіліне қарамай, барлық ел бір туғандай болып өмір сүруде. Қазақстан экономикасын, шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға барлық ұлт өкілдері белсене қатысып, бірлесе еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда мемлекетімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әркімнің өз салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын ұстануына елімізде ешқандай шектеу жоқ. Бүгінгі таңдағы баршамыздың мақсатымыз – елімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты қамтамасыз ету. Ол үшін сіз болып, біз болып халық арасында ұлтаралық қатынас туралы дұрыс пікір қалыптастыруға атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Бұл жұмысты ұдайы өздеріңіз жүргізіп келесіздер. Өздеріңізбен бас қосып отырған алқалы жиында осы өзекті мәселелерді саралап, оны бірлесе шешсек дейміз. Түркістан қаласы – бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан киелі мекен. Сондықтан да бірлікті көзіміздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны күн сайын өз істерімізбен нығайтуымыз керек» – деп сөз бастап, жиынға модераторлық еткен шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы алғашқы сөзді Түркістан облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төраға-сы Созақбай Исаұлы Әбдіқұловқа берді.
«Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қ. К.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдығына орай облыс, аудан, қала басшылары мен ардагерлер, әйелдер кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдарға арнайы тапсырма берген болатын. Отыз жыл салыстырсаңыз көп уақыт емес. Бірақ осы аралықта көптеген шаралар атқарылды. Елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға, жастар тәрбиесіне ассамблеяда үлкен мән берілді. Шынында да, бүгінгі таңдағы ең үлкен мәселе – елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау, жастар тәрбиесін басты назарда ұстау, отбасы құндылығын сақтау. Сондай-ақ, Президентіміздің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жұмысшыларға құрмет көрсету, оларға әлеуметтік жағдай жасау, дұрыс бағыт-бағдар беру, мәртебесін көтеріп, марапаттауға мән берілді. Мүфтият тарапынан жастардың отбасын сақтауына, түзу діни көзқарас қалыптастыруға ықпал ету мәселелері де зерделенуде. Ең үлкен мәселе – жастар. Үлкен кісілер көп нәрсені біледі. Қазақ халқы уақытысында келген бауырларымызға қоржын үйінің бір бөлмесін бөліп беріп, бір таба нанын бөліп жеген, бір малын сойып берген. Жастарға соны дұрыс жеткізу керек» – деді.
Сондай-ақ Созақбай Исаұлы үкімет тарапынан арнайы бағдарламалар қарастырылып отырған арнайы мамандықтар алудың тиімділігі, қоғамымызда кәмелетке енді толған жастарды көшеден ұстап алып, еріксіз әскерге әкету фактілерінің орын алған келеңсіз көріністерге жол бермеу жөнінде әскери қызмет орындарына құлаққағыс етті. Жастарға патриотизм тәрбиесін, отаншылдықты мектептен бастау керектігін атап өте келіп, негізгі татулық пен бірлік мәселесін жандандыруға сәттілік тіледі.
Өмір болған соң, тұрмыс тауқыметінің болуы, адамды тұрмыстық қиындықтардың билеуі – заңдылық. Сондықтан да, «Достық үйінде» өткен «Түркістанның ұстанымы – татулық пен конфессияаралық келісім» тақырыбындағы келелі жиында ұлтаралық қарым-қатынас, ауызбірлік, ынтымақ тақырыптарымен бірге жоғарыда аталған жұмысшы мамандығы, жастардың әскерге алынуы, «ауылы аралас, қойы қоралас» ұлт өкілдерінің күнделікті тіршілігі туралы мәселелердің қозғалуы адам өмірінде ұсақ-түйектің жоқтығын, татулық пен бірлік болу үшін адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуы керектігін, «сыныққа сылтау» болмаса, «ойыннан от шықпайтындығын», жалпы қоғамның тұтастығы мен бірлігі тұрмыстың, әлеуметтік жағдайдың деңгейіне, жақсы өмір сүрудің алғышарттарына байланысты екендігін айқындап бергендей еді. Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ербол Оралбаев 2020-2025 жылдар аралығындағы деректерге шолу жасады.
Зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, этномәдени орталық, дін саласының өкілдері, масс-медиа қатысқан алқалы жиынның төрінен тіл қатқан әрбір азаматтың сөзінің айтар өз түйіні, қоғамға пайдалы шешімі, ұсынысы мен өтініші қылаң беріп жатты. Қолымызда бар деректерге сүйенсек, Түркістан қаласын бүгінгі таңда 228 мың халық мекендейді екен. Түркі елдерінің туристік астанасы атанған шаһарымызда 40-қа жуық этнос өкілдерінен құралған 77 мыңнан астам тұрғын тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ел ынтымақтастығы үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, бірлік танытып отырған қаламызда түрік, өзбек, славян бірлестіктері бар. Негізі, жалпыұлттық тұтастықты нығайтуда осы келелі кеңестің өтуіне мұрындық болған, игі істің бастауында тұрған Қазақстан халқы Ассамблеясының, соның ішінде Түркістан облыстық филиалының атқарып отырған рөлі зор. Көпшілікке белгілі болса да, жалпы мәлімет үшін айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы наурыз айының 1-ші жұлдызында құрылған болатын. Кейіннен, яғни, 2016 жылы көктемнің алғашқы күні, 1 наурыз – «Алғыс айту» күні болып белгіленді. Міне, содан бері аталмыш ассамблея ел бірлігін арттырып, мерейін тасытқан ұлан-ғайыр істерді жүзеге асырды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, этнос өкілдерінің басын қосты. «Достық үйіндегі» достық басқосуда кемелді сөз тізгінін алған Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, тек қайырымдылығымен ғана емес, білімге құштар балалардың кітап оқуға құштарлығын оятумен де ел алғысына бөленіп жүрген Райымжан Қошқаров ой бөлісті:
«Кез келген тірлік ынтымаққа байланысты. Бұл бағытта да біраз жұмыстар жасалып жатыр. Қарт-қарияларымызбен кеңесіп, тек қала ғана емес, жақын маңайдағы ауыл-ауылдарды, мектептерді аралап, әңгіме-сұхбаттар өткіземіз. Мешіттерде де бірлікке шақырған әңгімелер айтылады. Сондықтан да бізде келеңсіз оқиғаларға жол берілмейді. Ал, енді, соңғы кезде істеп жатқан тірліктеріміз, балаларды пайдалы жұмыспен қамту. Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік желі барша қауымды алаңдатып отыр. Әсіресе, телефоннан бас алмайтын жас жеткіншектеріміздің жайы толғандырады. Осы орайда Президентіміз айрықша қолдап отырған жас ұрпақты кітап оқуға баулу үшін «Жүз кітап оқы!» – деген бағдарламамен үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Жеті жастан жетпіс жасқа дейін кітап оқып жатқан оқырмандарымыз бар. Спорттан да жетістікке жетіп отырмыз. Қолымыздан келгенше ассамблея жұмысына да атсалысамыз. Ынтымағымыз арта берсін!”- дейді Райымжан Саттарұлы.
Түркістан қалалық «Ахыска-түрік» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Полад Хуршедов:
«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың өзі келіп қатысып, ашып берген осы «Достық үйінде» көптеген іс-шараларымыз өтеді. Осындай кең ғимараттың Түркістанда ашылғанына мақтанамын. Өзбек ағайын болсын, тәжік, славян болсын, бәріміз бас қосып, ақылдасып, ҚХА-ның 30 жылдығы аталып өтетін жылы тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізуіміз керек. Жастармен көп жұмыс істеуіміз керек. Біздің балаларымыздың көпшілігі Нәзір Төреқұлов мектебінде оқиды. Учаскелік инспекторлармен, полиция басқармасымен бірлесіп, көп іс-шаралар өткізіп тұрамыз» – деп түйіндесе, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» МКК басшысы Эльмира Жанғазиева екі миллионнан астам халқы бар Түркістан өңірінде этнос өкілдерінің жиырма бес пайызы тұратынын, айтып, мынадай көкейтесті мәселелерді тілге тиек етті:
«Түркістан – көпэтносты өңір болғандықтан этностар арасында тәртіп бұзушылық, құқық бұзушылық оқиғалары орын алатын жағдайлар бар. Түркістан өңірінің мақтанышпен айтатын жетістіктері де бар. Мемлекет басшысының ҚХА-ның 2024 жылғы отызыншы сессиясында Түркістан өңіріндегі жасалып жатқан жұмыстарға, медиация саласына үлкен баға бергені өздеріңізге белгілі. Ассамблея жанында ардагерлер, аналар кеңесі, жастар ассамблеясы, медиация, журналистер мен блогерлер сияқты алты құрылым бар. Тәжірибе алмасуға біраз әріптестеріміз келді. Бұл деген сөз Түркістан өңірінде татулық пен бірлікті, қоғамдық келісім мен ынтымақты сақтауда біраз жұмыстар атқарылып жатқанының белгісі. Біз республикаға барғанда тағы бір жетістігімізбен мақтанамыз. Ол – Түркістан облысының 95 пайыздан астамы қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде сөйлейді. Әрине, біз онымен тоқтап қалмаймыз. Әрі қарай да жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағытта ассамблея жанында бейбітшілік пен келісім жобасын іске асыру тапсырылған. Ол бойынша жеті бағытта жұмыс жүргізуіміз қажет. Атап айтқанда, этносаралық келісім, әлеуметтік және еңбек проблемаларын шешу, халықтың денсаулығы, жалпы білім беру, кәсіпкерлік ортаны дамыту, конфессияаралық келісім, заңдылық және қауіпсіздік бағыттары. Осы бағытта аудан-қалаларда жеті кіші топ құрып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Түркістан қаласында да осындай топ құрып, осы жобаның тұжырымдамасында көрсетілген кесте бойынша жұмыс жүргізсеңіздер екен. Іске асырсаңыздар деген ұсынысым бар. Біздің өңірімізде этнос өкілдері көбірек шоғырланған. Бірлікті сақтау мақсатында бәріміз бірігіп, бір шаңырақтың астында бірге тату-тәтті өмір сүрейік!» – деді.
Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбав алқалы жиынға жиналған ел жанашырларына игі тілегін жолдап:
«Басты мақсатымыз – сіздердің ой-пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды тыңдап, қабылдау. Полиция, прокуратура, жалпы құқық қорғау ұйымдары – халықтың қорғаны деп айтылады. Қоғамдық тәртіпті сақтауда барлық жүйе жұмыс жасап келе жатырмыз. Жаңа полиция қызметкері, әріптесім бес жылдың статистикасы бойынша баяндама жасады. Статистикаға қарап мысал келтіретін болсақ, ұлтаралық қақтығыс қаламызда болған жоқ. Болмасын деп тілейміз. Біз барлық мәселені бақылауда ұстаймыз. Түркістан облыстық, қалалық ақсақалдар алқасымен, әкімдермен, органдармен бірлесіп көптеген іс-шараларды жүзеге асырып келе жатырмыз. Атап айтар болсақ, үлкен екі форум өткіздік. Жылдың басында есірткіге байланысты және зорлық-зомбылыққа қарсы өткізілген іс-шараға республикадан өкілдер, парламент депутаттары қатысып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Осының бәрі – болашақ жастарымыз үшін жасалып жатыр. Мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен кездесіп, әңгімелесіп, қылмыстық әрекеттерден сақтандырдық. Бүгінгі іс-шара өз уақытында өткізіліп отыр деп ойлаймын. Осында айтылған пікірлер әрбір отбасына, мекемелерге жетіп, жүзеге асырылса, нәтиже де болады» – деген ой-пікірін ортаға салды.
Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Ұлжалғас Мұстафаева әйел-аналар тілегінің де бірлігі – ұрпақ тәрбиесінде екендігін баса айтты:
«Біз қоғам болып, ел болып жұмыс жасауымыз қажет. Осында отырған бәріміз – ата-анамыз. Біреуіміз – әжеміз, біреуіміз – әкеміз. Алдымен өзіміз өнеге көрсетейік. Көшеде жүрсек те, үйде жүрсек те үлгі болуымыз керек. Балаларымызға басынан сипап, жылы сөзімізді айтып, мейірім төгейік! Небір жайлы мектептер ашылып, бүлдіршіндерге жағдай жасалып жатыр. Бүгін, міне, мынадай ғимаратта отырмыз. Жаның рахаттанады. Әйелдер алқасының төрайымы ретінде менің аналарым бар қолдайтын. Мектептерді, колледждерді аралап, қыздармен әңгіме өткіземіз. Тәрбиенің бастауы – отбасынан басталады. Сондықтан үйдегі тәрбиенің жөні бөлек. «Бақ қайда барасың» – десе, «Ынтымаққа барамын» – дейді екен. Әкем осы әңгімені көп айтатын. Халықтық педагогиканы ата-анамыздан алдық. Дастарханнан тоғызымыз тұрып кетейін деп жатсақ, «Отырыңдар. Бәріміз бірге «әумин» десек, осы үйге бақ-береке келеді» – деп айтатын. Қазір солай бірге отырып тамақ ішпейміз балаларымызбен. Түркістан – ең үлкен облыс. Түркі дүниесінің астанасы. Иманы ұйыған елміз. Сондықтан бізге ұлтқа бөліну, төбелесу жараспайтын қылық. Жанұядағы тәрбие жақсы болса, ынтымақ болса, біздің балаларымыз ондай әрекетке бармайды. Көп болып жұмылғанда ғана жетістікке жетеміз. Осы орайда қала тізгінін ұстаған Әзімбек Пазылбекұлына, прокурорымыз Каукен Нәрікбаевқа, т.б. іс басындағы азаматтарға қолдау-көмек көрсетейік» – деген ақ тілегін жолдады Ұлжалғас Әбенқызы.

Көпті көрген, өмірден түйгені мол, қос дәуірдің куәгерлері, әрбір сөздері ат басындай алтынмен тең абыз-қарияларымыз, қазына қарттарымыз, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз, дәстүр-салттарымыз, әдет-ғұрыптарымыз, ел бірлігі мен татулығы туралы өз бастарынан өткен өнегелі оқиғалармен байланыстыра әңгімелеп, ынтымаққа үндеді. «Түркістан ұстанымы – татулық пен конфессияаралық келісім» тақырыбындағы алқалы жиын абыз ақсақал Жарылқасын Әзіретбергеннің дуалы аузымен айтылған, сөз атасы Майқы бидің: «Барлық адам бір туған, бір бәлеге жолығар есебін таппай сөз қуған» – деген даналық сөзімен мәреге жетті. «Майдан қыл суырғандай» әдемі ырғақпен, баппен өткен келелі кеңестен әрбір адамның ойында «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы. Бейбіт өмірдің бақ-берекесі – татулықта» – деген ой түйгенін жүрегімізбен сезіндік. Шынында да, түркі әлемінің тұмары, жақсылықтың бастауы, киелі Түркістанның ұстанымы – татулық!
Роза НАРЫМБЕТОВА.
