Қаламызда қолөнер шеберлері өздерінің таптырмас талантымен еңбек етіп, бірі көрмеге көрікті дүниелерін қойса, бірі саудаға шығарып, сонымен нәпақасын тауып жүр. Қолдан келсе қолөнерің өзіңе серік болып, шабытыңды шарықтатып, еңбегің абыройға бөлеп жатса, қанекей! Ал бүкіл отбасымен ынтымақтаса еңбек етіп, әрі сапалы дүниелерінің нәтижесінде көптің ықыласына бөленіп жүрген жандарды көрсең, тіпті сүйсінесің. Әңгімемізге арқау болғалы жатқан отбасының бірлесе жасап жатқан дүниесі сапаны ғана емес, қиыншылық пен қайратты, төзімділік пен дәлдікті талап ететін жұмыстардан тұратыны аңғарылады.
Ағаш бұйымдарын жасауда өзінің қолөнер шеберлігімен танылып жүрген отбасында бұл еңбекке барлығы жан-тәнімен кіріседі. Олар қолөнерді біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз деп түсінеді. Расында, бүгінде халқымыздың қолөнері қарқынды дамып келе жатыр. Ұлттық қолөнер салт-дәстүрімізді жетілдіріп, мәдениетіміздің озық жетістігін көрсетуде. Халық өнерінің бай мұраларын сұрыптай отырып, заманымызға сай сапа, түр беру әдісімен оларды әрі қарай дамыту, оны бүгінгі ұрпаққа меңгерту – игілікті іс. Осы жағынан алғанда ұлттық қолөнердің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндігі жоғары. Өйткені ұрпақ тәрбиесіне, санасына әсер етіп, қабілеттерінің жетілуіне, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне көмектеседі. Осындай кәсіпті меңгерген Вахапов Заир ағаның отбасы бабалардан қалған өнерді жалғастырып, ағаштан өз қолымен ою ойып, тапшан жасайды. Келіні Алимова Дилнозаның мамандығы – конструктор-модельер.
«Өлшемі берілген тапсырыстар түскеннен кейін ісімізді бастаймыз. Әлбетте, тапшанға салынған оюлар қолмен ойылатын және станокпен ойылатын екі түрі болады. Бұлардың бағасы да әртүрлі болатыны белгілі. Себебі қолмен оюға, өздеріңіз білесіздер біршама уақыт кетеді. Бұл нағыз шыдамдылықты, сабырлықты қажет ететін жұмыс. Талғамы айрықша тұтынушылар бүгінде қолмен жасалған дүниелерді көбірек қалайды. Сондықтан жолдасым қолмен оюдың қыр-сырын Өзбекстаннан үйреніп келіп, бүгінде өз ісін жетік меңгерген шеберге айналды. Қайнатам екеуі бірге тапшанның түр-түрін өлшеміне қарай жасайды. Мен өзім дизайнер болғандықтан тапсырыстарды өлшеп, оюларын пішіп дайындап беремін. Енді «Атамекен» ұлттық палатасына жүгініп, біраз қаржылық және кәсіпкерлік ақыл-кеңестер алуды жөн көріп жүрмін», – дейді Вахаповтар отбасының келіні, көп балалы ана Дилноза.
Сүйікті ісін кәсіп еткені шабыттандырып, тапсырыс берушілердің ризашылығы қуанышқа бөлегенімен, қай істе болмасын өзінің қиындықтары болатыны белгілі. Бір тапшанды тап-тұйнақтай етіп тапсыру үшін қаншама процестерден өтеді десеңші. Яғни ұста қолына кұрал-саймандарын алып кесу, шабу, қию, жону, қырнау, керту, ою, қыру, сүргілеу, тесу, тілу, бояу, жылтырату, сырлау, желімдеу, шегелеу, қағу сияқты біздің көзімізге көрінбейтін қыруар жұмыстарды жасайды.
«Ата-бабаларымыз ағаштың түрін, жай-күйін, қасиетін жақсы білген. Сондықтан ыдыс-аяқты көбіне ағаш безінің қатты жерінен жасаған. Ыдыс жарылып кетпеуі үшін оны майлап, оған барынша май сіңіру қажет екен. Сол кезде оның ішіне су сіңбейді деп жатады. Біз жалпы материалдарымызды Ақсу кенттен, Сайрамнан алдыртамыз. Сондай-ақ бізде баспалдақтар, үстел орындықтарымен, астау сияқты түрлі ағаш бұйымдары жасалады. Ал әбден кептірілген қара ағаш, қайың, терек ағаштары астау ыдысын жасауға қолайлы», – дейді істің көзін бір кісідей меңгеріп қалған шебер келін.
Шеберліктің биік шыңына еселі еңбекпен ғана шығуға болатындығын паш еткен қолөнер шеберлерінің ісі оңай емес, төбедей үйілген тақтайларды тоқтамай зырылдатып жұмсайтын тапсырыстар тізіліп, әне тұр. Асқан төзімділікті, ептілікті талап ететін өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан еңбекқор отбасының тіршілігі осындай. Ең кереметі, жасаған еңбегінің рәтін көріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Табанды еңбек – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі және бірегейі. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп еселі еңбектің зор құндылық екеніне айрықша назар аударғаны белгілі.
Қазіргі таңда халқымыздың ұмыт бола бастаған кәciпшiлiгiн өшірмей жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде қолөнерді сақтап, елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеудің маңызы зор. Олардың қатарында Вахаповтардың еңбегі зор құрметке ие десек қателеспейтініміз анық.
Н.ҒАЙБУЛЛАҚЫЗЫ.