Мемлекет басшысы қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады, Қазақстанға сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет деді. Президент атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігін жеткізді. Сондықтан президент 2 қыркүйектегі халыққа арналған жолдауында атом электр станциясын салу бойынша референдумды 6 қазанда өткізуді тапсырды. «Атом» дегенде біздің халықта үлкен қорқыныш бар. Оның себебі, халық-тың есіне алдымен екінші дүниежүзілік соғыста атом қаруынан қырылған жапон, одан қала берсе келмеске кеткен Кеңес өкіметі кезіндегі талай жанның жанын жалмаған Чернобыльдағы жарылыс, Семей полигоны түседі. Ал энергия тұрғысынан қарасақ, атом электр станциясын салудың пайдасы көп. Алайда бұл мүлде қауіпті емес дегенді білдірмейді. Осыған орай, біз бүгінгі шығарылымда АЭС (атом электор станциясы) салу идеясының тиімді тұсы мен қауіпссіздік мәселесі туралы толық тарқатып көреміз.
Бүгінде атом энергиясын пайдалану әлемдегі ең өзекті, сонымен қатар, екі жақты пікір қалыптастыратын мәселенің бірі. Әлемде бес жүзге тарта атом станциясы бар екен. Олардың көбісі АҚШ пен Еуропада орналасса, одан кейін Жапония, Қытай, Ресейде бар. Сонымен бірге басқа дамушы елдерді қосқанда, жалпы 50 мемлекетте ядролық реактор бар. Елімізбен одақтас Беларусь, Арменияда ядролық реактордың иелері. Cарапшылардың болжауынша, қазір елімізде электр энергиясының сұранысы күннен-күнге артуда. Тіпті 2030 жылға қарай бұл сұраныс тіптен артатынын айтады. Сондықтан алдағы уақытта энергия тапшылығының алдын алып, тозған электр станцияларының жұмысын тоқтатып, қайта жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе дейді сала мамандары. «ҚазАқпарат» ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы электр энергетика өндірісі негізінен солтүстік, батыс және оңтүстік өңірлерге бөлінген. Елдегі электр энергетика өндірісінің 79,2%-ы солтүстік аймаққа, 10,8%-ы батыс аймаққа, 10%-ы оңтүстік аймаққа тиесілі. Жылу электр энергиясы қазақстандық энергетикалық жүйеде басым орынды ұстап, оның ішінде көмір энергиясымен электр өндіру 75%, табиғи газбен өндіру 10,1%, мазутпен өндіру 4,9%, ал гидроэнергетиканың ұстайтын бөлігі 9%-ды құрайды екен.
«Әлем жаңартылған энергияға үміт артып отыр»
Қазір қауіпсіз энергия жүйесіне қол жеткізу басты мақсаттардың біріне айналған дейді Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықарлық қазақ-түрік университетінің доценті Шерзод Құрбанбеков. Қазір әлем қоршаған ортаға бөлінетін парниктік газдың мөлшерін азайтуға күш салып жатыр. Одан құтылудың бірден бір жолы – жаңартылған энергетикаға көшу. Оған жел, күн, су және атом электр станциясы кіретінін айтады. Америкадағы ұлттық ядро орталығында тәжірибе жинап келген ғалымның айтуынша, дүниежүзіндегі 32 мемлекетте 440-тан астам реактор жұмыс істейді. Әлемдегі электр энергиясының 10%-і қуат көзін осы атом электр станциясынан алады. Мәселен Франция жарықтың 70%-ін, Америка Құрама Штаттары 20%-ін, Жапония 30%-ін атом электр станциясының реакторларынан өндіреді. «Олар байытылған уранды пайдаланғандықтан, ауаға зиянды газ бөлінбейді», – дейді ғалым. Ал біздің елде электр энергиясын өндіретін станциялардың 70%-і әлі күнге көмірді отын ретінде пайдаланады. Су электр станиялары қуат көзінің 10%-і, ал күн мен жел 7%-і ғана өндіреді. Қалғаны импортқа тәуелді екенін айтады.
«Ал егер «жоқ, бізде көмір жетеді, мұнай жетеді» дейтін болсақ, оның барлығы таусылатын дүние. Реактор 60-тан 100 жылға дейін үздіксіз жұмыс істейді. Оның сондай ерекшелігі бар. Біз оны құратын болсақ, 100 жылға дейін ешкімге тәуелді болмаймыз. Иа, ол жерде «қалдық» деп айтып жатыр. Қазір қалдықты да қайта өңдейтін технологиялар бар. Біз бұған оң көзбен қарауымыз керек деп ойлаймын. АЭС салу 2015 жылдан бері талқыланып келеді. Мен өзім Жапония мен Америкадағы атом электор станциясында болып көрдім. Екі елдің станциясы да өте жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Менің ойымша, осы жоба біздің елге келетін болса экономикалық тұрғыдан да өркендейтініміз рас. Себебі өздеріңіз білесіздер Қазақстан уран өндіру бойынша дүниежүзінде алдыңғы орында тұр» – дейді ғалым.
Шерзод Құрбанбековтің айтуынша АЭС салу жобасы ең тиімді шешім. Себебі ол ғылыми фактімен дәлелденген жүйеде одан мүлдем қауіп жоқ екенін айтады.
«Менің айналамдағы физиктердің барлығы атом электор станциясын қолдап отыр. Себебі біз оның қаншалықты пайдалы екенін жақсы білеміз. Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептейміз. Дені Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек» – дейді, ғалым.
АЭС жобасына қарсылықтың неден туындағанын айтқан ғалым, халыққа түсіндірме жұмыстарын барынша қарқынды жүргізу керектігін айтты.
«Біз барлығымыз АЭС салуға неге қарсылық болып тұрғанын бағамдап тұрмыз ғой. Мен қоғамда болып жатқан оқиғаларды саралай келе қарсылықтың үш себебін жобаладым. Бірінші, ол әрине, Семей таргедиясы. Алайда біз халыққа ол жылдағы жобаның мақсаты мүлде бөлек болғанын түсіндіру керекпіз. Себебі ол кезде ядролық қару болды, ал қазір атомдық станция. Екеуінің жүйесі де, бағыты да екі бөлек. Екіншіден, кадр тапшылығы. Халық атом электр станциясын игеретін мамандар жоқ деп ойлайды. Шын мәнінде, маман көп. Оның үстіне, Қазақстанда атом электр станциясы салынатын болса, оның құрылысы мен қауіпсіздігін түрлі халықаралық ұйымдар бақылайды. Оған қоса станцияның қуаттылығына байланысты ең озық технология қолданылады. Ал оның құрылысы аз дегенде 10-15 жылға созылады. Осы аралықта еліміз шетелдік әріптестерімен бірге қажетті мамандарды да даярлап үлгереді. Ол мамандар қазір әлемнің әр елінде жұмыс істеп тұрған реакторлардың тәжірибесімен таныса алады. Ал үшінші фактор, халық АЭС салуға қарсы емес, олар соған бөлінген қаржының орынды жұмсалатынына күмәнданады. Енді жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жемқорлық індеті біздің елде аз емес» – дейді Шерзод Құрбанбеков.
«АЭС салсақ, Балқаштан біржолата айрыламыз…»
Жауапты сала мамандары жасыл энергия көздері – жел, күн энергиясының энергетика көздеріндегі ұстайтын салыстырмасы елімізде өте аз екенін айтады. Алайда, белгілі эколог Мэлс Елеусізов бұл оймен келіспейді. Оның айтуынша, атом электор станциясын салудан да басқа кезек күттірмейтін мәселе жетерлік. Себебі елімізде күн де, жел де, газ да жеткілікті дейді.
«Атом электор станциясының бізге қажеті жоқ. Бұл тек саяси мақсатты көздейтін жоба. Бізде онсыз да күн, жел, газ деген көп. Оның үстіне 15 жыл салу деген сұмдық. Біз осы аралықта басқа мүмкіндіктерді қарастырып көруіміз қажет. Жалпы одан бөлек «Атом станциясынан шыққан қалдықты қайда жібереміз?» деген сұрақ туындайды. Қазақстанда қалдық көметін бос орын жоқ. Бізде Семей полигонынан шыққан радиоактивті заттар сақталатын орын бар, бірақ ол жер реактордың отынын көмуге жарамайды. Қазақстан атом станциясының қалдықтарын бір жаққа шығаруы керек. Бұған көп қаржы кетеді, мәселесі де шаш-етектен. Біз онсызда ауа-райының қолайсыздығынан 44 пайыз мұздықтарды ерітіп алдық. Енді алдағы уақытта су тапшылығы болады. Ал атом станциясы жұмыс істеген кезде орасан жылу бөлінеді, ол жылу Балқаштың суын тікелей пайдаланады. Ал көлдің экожүйесі мұндай ауыртпалыққа шыдас бермейді. Көл де, ондағы бар тіршілік те ажал құшады. Бұл тек бір ауылдың мәселесі емес. Мұндай маңызды сұрақтарды шешу үшін басқа жолдар табуымыз керек. Атом станциясы – болашақ үшін қауіпті таңдау. Әлем әлі күнге дейін ядролық қалдықтарды қайда жіберуді білмейді. Мұздықтар еріп жатыр, Іле өзені азайып келеді, ал ол Балқаштың басты су көзі. Егер біз қазірден ойланбасақ, Балқаш та, біз де көп нәрседен айрыламыз» – дейді эколог.
Оның айтуынша Қазақстан АЭС салуға дәл қазір мұқтаж емес. Оның орнына Балқаштың тағдырын ойлаған абзал екенін айтады. Мэлс Елеусізов: «Біз Балқашты сақтап қалуымыз керек. Бұл біздің ұлттың болашағы. Атом станциясының құрылысы тек бір өңірдің мәселесі емес, тұтас Қазақстанның экологиясына әсер ететін таңдау», – деп түйіндеді.
АЭС бойынша референдум маңызы қандай?
АЭС құрылысына Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен кентінің жанындағы аумақ белгіленді. Ауданды бағалау АЭС салу алаңын таңдау бойынша Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА, орысша – МАГАТЭ) басшылығында келтірілген критерийлер негізінде жүргізілгенін хабарлады. Бірнеше параметрлер бойынша талдау Үлкен кентінің ауданы Қазақстанда АЭС салу үшін жарамды екенін көрсетті. Дегенмен, тағы техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) дайындау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады, онда орналастыру ауданының көптеген аспектілері қосымша пысықталып, инженерлік іздестірулер жүргізілетінін айтады. Демек, жоғарыда Мэлс Елеусізов айтқан Балқаш көлінің су режиміне ықтимал теріс әсер ететін факторлар қосымша зерттеледі. Дегенмен, қоғамға атом электр станциясын салуды «қолдайтын» және оған «қарсы» дәйектер ұсынылуы керек. Сол себепті, мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі жолдауда АЭС салу бойынша референдум өткізуді тапсырды. Себебі әрбір адамның дауысы маңызды екенін атап өтіп, ел дамуы үшін қажет белгілі бір шешім қабылдауға ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан 6 қазан күні өтетін референдумға қатысып, маңызды шешімнің куәгері болыңыз. Ал біз АЭС салудың тиімді және зиянды тұсын тарқатып көруге тырыстық. Ары қарай шешім өздеріңізде, оқырман!
Ғалия БИСЕЙІТ