“ТҮРКІСТАН ТЕКТІЛЕРДІҢ МЕКЕНІ ҒОЙ,ТЕК ҚАНА ТУЫН ТІГЕР ЗОР БЕЛЕСКЕ”

227 көрілім

«Ата Заңым – айбарым» атты тақырыппен өткен облыстық жас ақындар айтысына он екі ақын қатысып, ата заңымыз туралы жыр мәйегін төгілтті.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституция күні мерекесіне орай Түркістан облыстық әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  «Ата Заңым- айбарым» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Бұл айтыстың басты ерекшелігі, кіммен кімнің айтысатыны, айтыстың тақырыбы алдын ала  хабарланған жоқ. Айтысатын жұп сахнада, көрермен көзінше жеребе тастау арқылы анықталды. Әр ауданнан және Түркістан қаласынан келген он екі ақын өзара бақ сынасып, аламан айтыстың көрігін қыздырды. «Бұлақ көрсең көзін аш» – демекші, негізгі мақсат, «айтыс» атты қасиетті өнерді өмірінің мәніне айналдырған жастарды қолдау, тұғыры биік тәуелсіздікті, ерлікті, елдікті, түрленген, гүлденген Түркістанды, татулықты, достықты жырлау және алда өткелі отырған республикалық «Күміс домбыра» байқауына қатысып, облыстың намысын қорғайтын жеңімпазды анықтау. Бұл күнгі аламанға Аян Ниязбек (Төле би ауданы), Исламхан Мұхамедхан, Нұрдәулет Өмірбек ( Түркістан), Нұрмахан Жақыпбек (Арыс), Мейіржан Жақып, Ахметрасул Баянбай, Даниал Болысбек, Сұлтан Сәуірхан (Отырар), Нұртілеу Төлембек (Бәйдібек), Қазыбек Аманқұл (Сауран), Ердәулет Ыбыраев, Нұрдәулет Тіллабек (Сарыағаш) қатысып, айтыс көрігін қыздырды. Қаншама жыр додасына түсіп жүрсе де, бүгінгі ақындарды «ширықтырып-шыңдау» мақсатында таңдалған жұп пен тақырыпты жеребе тәсілімен анықтаған сындарлы сәттердің қобалжуы мен толқуы байқалды. Олай болуы заңды да. Аламан бәйгеге қатысқан жүйріктер арасында талай додаға түсіп, шыныққандары да, «қиыннан қиыстырар сөз сарасын» енді ғана игеріп жүрген «тебін мұртты» бұла ақындар да бар. Сондықтан салт-дәстүрдің қайнар көзі, шоқтығы биік айтыс өнерінің шыңына шығу үшін осындай аламан айтыстарда ысылудың маңызы зор.

«Ата Заңым- айбарым» атты жас ақындар додасын айтыс және жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының Түркістан облысындағы төрағасы, «Өнер»  мектебінің директоры, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев сөз сөйлеп ашып, жыр бәйгесін жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған қазақ айтысының мақтанышы, «Алтын домбыра», «Құрмет» орден иегері Бекарыс Шойбеков, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Нұралыұлы ауыздығымен алысып, жыр додасын тағатсыздана тосып тұрған жас тұлпарларға сәттілік тіледі:

Күні ертең келе жатқан Ата Заң мерекесі және басталғалы тұрған жаңа оқу жылы, «Білім күні» баршамызға құтты болсын!» – деп бастады сөзін Бекарыс Ақсақалұлы.

– Осы мерекелер қарсаңында Түркістанда тағы бір жыр жәрмеңкесі басталғалы отыр. Оны ұйымдастырып отырған – жастар ресурстық орталығы. Бұл орталық бұған дейін де ұлттық бағыттағы, дәстүрлі бағыттағы жастарға арналған қаншама іс-шараға мұрындық болып жүр. Соның бірі – бүгінгі жас ақындар айтысы. Бұған дейін де, алдыңғы жылдары да өткізілген дәстүрімізді жыл сайын жалғастыратын боламыз. Біздің жүйріктеріміз талай жарыстардан жүлделі оралып жүр. Алматы қаласында өткен дәстүрлі «Асыл домбыра» айтысында Түркістан облысының командасы, соның ішінде, осы ақындар арасында тұрған жастардан құралған команда өздерінің қарсыластарын жығып, «Асыл домбыра» айтысының ақтық сынына жолдама алды. Осы жеңіспен құттықтаймыз және алдағы айтыста сәттілік тілейміз. Бүгінгі айтыстың да оңай болмасы анық. Себебі, айтыс көз алдарыңызда жеребеден өтті. Ақындардың өз арасында ғана емес, тақырыпты таңдауы да жеребеден өтті. Мұның бәрі ақындарымызды көрерменнің көз алдында шыңдап, ширықтыру үшін керек – деп сөзін қорытындылады, айтыскер-ақын.

Одан кейін, Ернар Нұралыұлы сөз алып, мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара барысына тоқталып, тағлымы мол жас ақындар додасын өткізу жауапты іс болғанын айтты.

– Қайырлы күн, құрметті жастар! Жастар орталығы жастарға арналған  түрлі бағыттағы іс- шаралар ұйымдастырады. Соның бірі және бірегейі – бүгінгі жас ақындар айтысы.  Тұрақты түрде өтіп жүрген, соңғы екі жылда түрлі себептермен тоқтап қалған айтысты қайта жалғастырып отырмыз. Жастарды ұлттық құндылыққа, рухани байлыққа тәрбиелейік деген мақсатпен үйлестіріп, ұйымдастырып отырмыз. Уақыт бөліп келген әділ қазылар алқасындағы ағаларымызға алғыс айтамыз! Көрермендер бұл бір күндік іс- шара деп ойлауы мүмкін. Бекарыс, Тұрар ағаларымыз, жастар орталығының мамандары бір аптадан бері осында. Мұндай іс-шараны ұйымдастыру да оңай емес. Ақындарымызға ақ жол тілейік – деп түйіндеді сөзін жастар Түркістан облысы жастар ресурстық орталық басшысы.

Бекарыс ақын мен Ернар  Нұралыұлының  «еңіл қолымен» аынған жеребе алғашқы ақындар жұбы, түркістандық Исламхан Мұхамедхан мен саурандық Қазыбек Аманқұлды жұптады. Жеребе арқылы таңдалған тақырып – жасындай жарқ етіп жиырма жасында еліміздің туын Сидней олимпиадасында желбіреткен ер Бекзат Саттархановты жырға арқау ету ақындардың оң жамбасына келгендей-ақ екен. Домбырасын қағып-қағып жіберіп сөз бастаған Исламханның жыр маржанын төгілткен беталысы осыны аңғартқандай еді:

Арқасына аманат таңып келген,

Жаратқан ақынға зор дамық берген.

Он екі ақын алдыңа түгел келді,

Жыр жүйрігін бәйгеге салып көрген.

Қысқасы, бұл МКТУ бөтен емес,

Бұл жерді баяғыдан танып көргем.

Бүгінде бұл айтысты төріне әкеп,

Арнайы ақындарға шабыт берген.

Бұл МКТУ өнерден де алыс емес,

Бекеңді, Бекарыстай барыс келген.

Бекең де осы жерде білім алған,

Жарты сөзі жанына жарық берген.

Бұл МКТУ спорттан да алыс емес,

Саттарханов Бекзатты тауып берген.

Қысқасы, қай түлегің болса-дағы,

Дүниенің додасын жарып келген.

Мен жай ғана екеуін айтып өттім,

Жаратқаным аузыма салып берген.

МКТУ енді қандай арманың бар,

Қай салаға болса да бағыт берген.

Батырың алғаш алтын тағып келген,

Ақының «Алтын домбыра» алып келген, – деп термелей келіп, айтар сөзінің түйінін соңғы екі жолға сыйғызған Исламхан  шаршы топта сөз бастаудың қиын екендігін сырып тастап, «ә» дегеннен-ақ арынын байқатты. Арынды ақынға сүйсіне қол соққан көрермен қауым ол кезде Исламхан Мұхамедханның бас жүлдені қанжығасына байлайтынынан бейхабар болса да, киелі сахнада тегеурінді ақынның отырғанын аңғарып та, пайымдап та үлгерген еді. Айтыс өнерінің жыр жәрмеңкесін қыздыруға ұмтылған алты жұп ақынға қазылық жасап, баға берген сарапшылардың құрамы да «аттарынан ат үркетін» айтыс өнерінің саңлақтарынан құралыпты. Әрине, төрағалық еткен айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков. Әділ қазылар алқасының құрамын көрермен қауымның да білгісі келері анық. Кез келген жанға бақ болып қона бермейтін айтыс өнерінің ақтангерлері, қазылар алқасының мүшелерін атап өтер болсақ, «Алтын домбыра» иегері, шашасына шаң жұқтырмас ақын Еркебұлан Қайназаров, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Бекмұрат Анарбаев, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, айтыскер ақын  Біржан Байтуов, белгілі дәулескер күйші Жағыпар Қалықұлов, сарапшылар, «Жүрсіннің жүйріктері» Мұрадым Мирланов, Қалижан Білдашовтардың сын тезінен өтіп, жас тұлпарларға жоғары баға алудың оңай болмағаны бесенеден белгілі. Арасында іркілістер, тақырыптан ауытқулар, ақындардың бір-бірінің жеке басына мін айту сияқты «әттеген- ай» болғанменен, бұл күнгі айтысқа жас та болса  талай додаларға түсіп жүрген ақындардың сынға түскенін дәлелдеді. Әрбір ақыннан кем дегенде бір шумақ жылы сөз, оралымды ой, жарасымды әзіл  қалып жатты. Мысалы, Арыстан шыққан жүйрік, «Күміс домбыра» иегері Нұрмахан Жақыпбек пен «Шабыт» өнер университетін бітіріп, туған жерге оралған Нұрдәулет Өмірбектің айтысында көрерменнің делебесін қоздырған сәттер көп болды. Сол күні айтыс тақырыбына сай айтылған шындыққа жанасымды әзілдері де көрерменнің жүзіне күлкі үйірлтті.

Өлеңді өзгешелеу өріп қапсың,

Осылай ел алдында толып қапсың.

Тараздың қыздарына барып ем деп,

Осылай енді мемен жолықпақсың.

Қарбыз сатып жүргеннің әсері ме,

Таразға қатты құмар болып қапсың.

Өнімім жөнді биыл шықпады леп,

Барлығын шегірткелер жеп кетті деп,

Егіншіміз осылай ептетеді.

Нұрмахан осыдан-ақ көрмеймісің,

Жағдайымыз осылай боп кетеді.

Қыздарды шертіп таңдап жүре берсең,

Осылай шегірткелер жеп кетеді, – деп бір сәт қалжыңдап алып, келесі сәтте:

Тұлпар ем тұяғына шоқ батпаған,

Болмайды шабытыма от жақпаған.

Тақырыпты ендеше мен де айтайын,

Ел бізге  сенімдерін текке артпаған.

Кешегі Сиднейден алтын алып,

Қаймықпай Бекзаттай кетті ақтабан.

Жиырмасында жарқылдап найзағайдай,

Қарсыласын  рингте тоқпақтаған.

Ал биыл сол алтынға қол жетпеді,

Спортшылар барса да көп қаптаған.

Мен жастарға сенемін дегендей- ақ, 

Үмітті дұрыс, әлі тоқтатпаған.

Мен сенем төрт қақпалы Түркістанның,

Ұлдары сақтайды деп соқпақты аман.

Төрт жылда Бекзаттардың ізін басқан,

Бір батыр шығарына көп қақпадан.

Өлеңнен ақын едің азық терген,

Тереңнен жырдың кенін қазып келген.

Жеребемен шығарды мына бізді,

Біреуден қап, біреуден озып келген.

Ендеше Нұрмаханға кезек бердім,

Түнімен дайындалып қажып келген.

Суырып сап шапта-шап айтысайық,

Деген сөзді өзі де жазып келген, – деп салмақты қалыпқа ауысады.

Қарсыласына Нұрмахан да әзілмен жауап беріп, одан кейін тақырып бойынша жыр нөсерін төгіп-төгіп жіберді. Таудан аққан бұлақтай сарқыраған нөсер жыр ұлы ақындар көшіне ілесетін көктұйғынның келгенін сездіргендей болды.

Түркістан тектілердің мекені ғой,

Тек қана туын тігер зор белеске.

Басқасын айтпағанда бокстан да,

Осынау облысымның орны ерекше.

Мысалы, Сағындық Тоғайбайдай,

Боксёрімнің орыны төрде емес пе?

Өйткені ол 2023-те, Қытайданқола жүлде ап келді емес пе?

Аз болса, Бекболат пен Абзалдарың

Қаншама қарсыласты жеңді емес пе?

Қысқасы, қасиетті Түркістаным,

Қазаққа талай боксёр берді емес пе?

Әй, бірақ бәрін айтып неғылайын,

Бір Бекзатты туғасын болды емес пе?

Ең алғашқы түскен кезде құл Құранға,

Жаттайтыны Фатиха, Құлқуалла.

Құранды да білетін, құдайды да,

Кімдер келіп кетпеген бұл Тұранға.

Бұл жерде Абылайдай батыр жатыр, 

Есімін айналдырған жұрт ұранға.

Әттең-ай, ауыздыға сөз берместен,

Ал аңыздай сөйлейтін сілкіп алға.

Әбдікәрім қайтадан тірілер ме,

Әсел апам қайтадан бір туар ма?

Осы екеуін толғатса топырағы,

Қайтадан туылуы мүмкін ол да.

Түркістаным бұл күні облыс боп,

Талайлар мақтау айтып жыр құрауда.

Негізі бұл атақ та жеткіліксіз,

Қаланың қыздай сұлу тұрқы барда.

Тұрқы барда алдағы жыл Түркістаным,

Астана болатұғын күн туар ма?

Астана болатұғын күн туар ма?

Болатыны анық қой бір күні ол да.

Көрсеңдер балдарыңмен бірдей мені,

Ағылсын өздеріңмен жырдың лебі.

Ағылсын МКТУ-ға жырдың легі.

Сапасын салыстырсаң бұл орданың,

Кем болмас Кембриджден уровені.

Ол түгіл сен бар жерде айтылмайды, 

Астананың  атақты Гумилёві.

Екі миллион танымал қазақ болса,

Өзіңнен шықты-ау соның  бір миллионы

Мысалы, сенен шыққан Саттарханов,

Қаншама боксёрлардың Гумилёві.

Басқасын айтпағанда осы жерде,

Бекарыс та оқыған жюридегі.

Қысқасы, Түркістанда орналасқан,

Жасай бер, қазақ-түрік универі.

Әйгілі қазақтар мен түріктердің,

Сұлулыққа қойылған сувенирі.

Ғажап. Керемет теңеулер. Мәселен, мына айтысқа зер салайық!

Шабысы Нұрмаханның бөлек екен,

Мен мұны деп ойласам зерек екен.

Шумақты жаттап айттың деп қояды,

Мынауың өтіріктеу дерек екен.

Өтірік сөз айтуға болмайд қазір,

Бауырым, оған мынау себеп екен.

Өткенде Ата Заңды оқып шықтым,

Ол заң да төбемізден төнеді екен.

Өтірік ақпар берген адамдарға

Кемінде бес-он жылдай береді екен.

Бұл келіп тағы өтірік айтып отыр

Білмеймін, ондағысы неден екен.

Ата Заңның аясында бұл баланы,

Заң бойынша жазалау керек екен.

Бұл Ахметрасулдың Нұрмаханға айтқаны. Нұрмахан да оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Жауабы былай:

Түркістаным – тектілер мекенісің,

Бәйгеге шауып жүрген көп құлыны.

Ақындардың елісің Әселхандай,

Қара өлеңге арналған ақ ғұмыры.

Батырлардың жерісің дұшпанына,

Табыт та бұйыртпаған тақ түгілі.

Қысқасы, жайнай берші Түркістандай,

Тәңірімнің сыйлаған тәтті жыры.

Қазақ деген халықтың басындағы,

Бір ауыз сөзге сыймас  бақ-тұғыры.

Түркістан – бұл  Расулдың отқан жері,

Түркістан-тектілердің жатқан жері.

Өтірікке он жылды кеседі деп,

Мынау да елге жалған ақпар береді.

Өтірікке негізі тоғыз жыл ғой,

Жалған ақпар бергені үшін елім,

Мемен қоса бұны да соттау керек.

Бауырым, көп мыжымай енді бізге,

Осы жерден «конкретно» тоқтау керек.

Ата Заңымыздың құдіреті мен қасиетін жырға қосқан жас ақындар айтысын тамашалауға келген көрермен, ХҚТУ оқытушысы Үміткүл Мелдебековамен үзіліс кезінде сұхбаттасқанымызда, пікірін былайша білдірді:

«Жас айтыскерлердің айтысы болған соң әдейі қызықтап келіп едім. Бұл балалар әлі шыңдалу керек. Шыңдалып, дайындықты көбірек жасау керек. Қазақта сөз толғамы деген керемет нәрсе бар ғой. Бұл басқа халықтарда жоқ нәрсе. Сондықтан соған жақсы дайындалып, көбірек оқу керек. Топ алдына шығып сөз айтатын болғасын білімдерін үнемі жетілдіріп отыру керек. Кейбір тақырыптарды аша алмай жатыр. Жаңа біраз тақырыптарды айтып еді,  аша алмады. Мысалы,  бүгін негізгі тақырып Ата Заң туралы, еліміздің дара тұлғалары Қаныш Сәтпаев, Нұртас Оңдасынов, Өзбекәлі Жәнібеков  туралы тақырыптар ұсынылғанда, кейбір ақындарымыз іркіліп қалды. Бұлар қазір көздері жарқырап, алқынып тұрған жастар ғой.  Іліп алып, суырып салып тұру керек. Біздің өлкенің азаматтарымен мақтанамыз. Соған сай болу үшін көп іздену керек. Осы жағы кемшін түсіп жатыр. Маған жаңа соңына қарай шыққан Нұрмахан деген ақынымыздың айтысы ұнады. Домбыра қағысы, тегеуріні мықты екен. Суырып салма екенін, төгіліп тұрғанын, көп ізденетінін көрсете алды деп ойлаймын. Жалпы осындай айтыстар ақындарды шыңдайды, айтыс өнерін дамытады. Айтыскерлер елдің алдында жүретін өнер иелері. Елдің қамын ойлайтын азаматтар. Бір өкініштісі, бүгінгі айтысқа қыз балалар қатыспапты. Қыздар қосылса, аналар мәселесін көтеріп, айтысқа көркем әр берер еді. Жалпы бастама жақсы. Әділ қазылар айтыстың шынайылығын көрсетеді деп ойлаймын» – деп пікір білдірді.

Сонымен бірнеше сағатқа созылған аламан айтыс өз мәресіне жетіп, сахна төріне қазылар алқасының төрағасы Бекарыс Шойбеков көтеріліп, қорытынды сөз сөйледі:

– Бүгінгі айтыс көз алдарыңызда өтті, қадірлі көрермен! Мұндай айтыстың салмағы өте ауыр болады. Себебі ақындарға бұл психологиялық жағынан ауыр. Қарсыласын білмеу. Тақырыбын білмеу. Он жерден суырып салма дегенмен, жауапкершілігі өте үлкен. Сол жағынан келгенде бүгінгі айтыстың сәтті шығуы да, сәтсіз шығуы да заңды. Айтыстың табиғатының өзі, ерекшелігінің өзі аяқ астынан, жөппелдемеде сөз табу деген кез келгеннің маңдайына жазылмаған нәрсе. Бірақ соның өзінде қиыннан қиыстырып жол тауып, елдің көңілінен шыққан ақындарымыз бар. Біз күткен биіктен көріне алмаған ақындар болды. Мысалы Отырар ауданының ақындарына барынша шыңдалу керек. Өздерін жетілдіру керек. Осындай айтыстарға жиірек түсу керек. Сондықтан бұл әркімнің өзінің күшін, тұрған жерін байқау үшін де керек нәрсе. Ал ақындарға осындай мүмкіндік жасап отырған облыс әкімшілігіне, оның ішінде қоғамдық даму басқармасына, жастар ресурстық орталығына, бұрыннан өнерді қолдап, қолпаштап келе жатқан, зәулім сарайын берген ХҚТУ басшылығына рахмет! Бағана бір ақынымыз айтты ғой «Қазақтар мен түріктердің сұлулыққа тұрғызған сувенирі» деп. Осы айтысты өткізуге күш салып отырған барша азаматтарға, ең бастысы, тапжылмай осы айтысқа жанкүйерлік жасаған сіздерге, көрерменге мың рахметімізді айтамыз. Бұл айтыстың бас жүлдесі ғана емес, арнайы жүлделеріне дейін қазылар алқасының бірауызды шешімімен қабылданды. Сіздер де оны бірауыздан қолдайды деп ойлаймын, – деді.

Қазақ айтысының ақтаңгерлерінің бірі, «Алтын домбыра» иегері, жас ақындар айтысына Астана қаласынан арнайы келген Еркебұлан Қайназаров ізін басқан ізбасар інілері туралы лебізін былайша білдірді:

«Жастар айтысын көріп шын жүректен қуанып отырмыз. Бір облыстан осыншама жүйріктің шығуы бұл біздің қазақы болмысын сақтаған қасиетті Түркістан топырағы деп білеміз. Бұл ақындарымызды қандай топқа салсақ та, кез келген додада «Түркістанның бетке ұстары осы» деп көрсететін жігіттер екеніне көзіміз жетті. Қазір жастар айтысы көптеп өтіп жатыр. Бірақ кейде төрт облыстан бір ақын таппай қалатын кезіміз болады. Бүгін Түркістаннан, бір ауданнан төрт ақын шықты. Мұның өзі үлкен жетістік! Жастарға- сәттілік!»

Көрермен қауым тағатсыздана күткен сайыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.  Бас бәйгені айтыс барысында ұтымды ой айтып, тапқыр шумақтарымен көрермен қошеметіне бөленген  Түркістан қаласының намысын қорғаған  айтыскер ақын  Исламхан  Мұхамедхан (500 000 теңге) еншілеп, республикалық «Күміс домбыра» байқауына жолдама алды. Сөз реті келгенде айта кетейік, бұл дәстүрлі «Күміс домбыр» байқауы айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының бастамасымен,  ақтаңгер ақын Біржан Байтуов мұрындық болып, Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен өтеді. Аталған жыр жәрмеңкесіне қатысып, алғашқы жүлделерін еншілеген Нұрмахан Жақыпбек, Даниал Болысбек, Аян Ниязбектер «Күміс домбыра» иегерлері. Енді осы байқауға Исламхан Мұхамедхан қатысып, бақ сынамақ. Бірінші орынды (жүлде қоры 400 000 теңге) жыр саңлағы, ақтық сында салиқалы ойларымен тереңдіктің үлгісін көрсеткен Ахметрасул Баянбай иемденді. Екінші орын арынды, арқалы ақын, түйдек- түйдек сөздері нысанаға дөп тиетін Нұрмахан Жақыпбекке (жүлде қоры 350 000 теңге) бұйырды. Үшінші орынды Түркістан облысының байрағын талай аламандарда желбіреткен Аян Ниязбек пен Нұрдәулет Өмірбек өзара бөлісті (жүлде қоры 200 000 теңге).

Қазақтың айтыс өнерінде өзіндік жыр мектебін қалыптастырып, сүре соқпақ салып кеткен тау тұлғалы Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы  жүлде (150 000 теңге) Мейіржан Жақыпқа, Сарыағаш пен Келестің кең даласын шиырлап, алты Алаштың сөзін сөйлеген қайталанбас тұлға Жарқынбек Наушабаев атындағы арнайы жүлде Нұрдәулет Тіллабекке (жүлде қоры 150 000) берілді. Ал Нұртілеу Төлембек, Қазыбек Аманқұл, Ердәулет Ыбыраев ынталандыру сыйлықтарына(120 000) ие болды.

Қорыта келе айтарымыз, «Ата Заңым – айбарым» атты жас ақындар сайысы жырдан шілтер тоқыған, шоқтығы биік айтыс өнерінің айдынында жүзуге талпынған жас ақындарды биіктерге талпындырған тағы бір баспалдақтың бірі болды. Айтыс өнерінің, жыршы-термешілердің халықаралық одағының Түркістан облысындағы бөлімшесінің бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен, қоғамдық даму басқармасының, жастар ресурстық орталығының йымдастыруымен өткен жыр жәрмеңкесі Ата Заңды құрметтеудің, оның мәртебесін көтерудің жарқын көрінісіне айналған  маңызды,  мәнді іс- шара киелі домбыра  мен қасиетті қара өлеңді пір тұтқан жастарға шабыт сыйлады десек қателеспейміз.

Роза Нарымбетова, Түркістан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы