Ә.Қойлыбаев:«АУДАН-ҚАЛАЛАР РЕЙТИНГІН «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕДЕН» БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ»

1 299 көрілім

Облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Жиында биылғы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндалды. Қазіргі таңда облыс бойынша 704 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Өңір бойынша жалпы 11 мәдениет нысаны салынып, 6 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінге дейін Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 150 концерт және мәдени шаралар өткізіліп, 67526 көрермен қамтылған.

7 айда «Оңтүстікфильм» мекемесі 137 бейнеролик, 38 әлеуметтік және деректі бейнефильмдер дайындалып, 97048 қаралым жинаған. Ал өңір бойынша 24 музейге келушілер саны 225472 құраса, 2024 жылдың 7 айында облыс кітапханаларында оқырмандар саны 279646-ға жеткен.

– Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінде халық шығармашылығын дамыту, әдістемелік көмектер көрсету мақсатында «Мәдениеті ауылдың…» ақпараттық танымдық бағдарламасы, «Ұлттық мұра жаршысы» танымдық фильмдер, «Түркістан мақамдары», «Мәдениет және өркениет» әдістемелік семинар мен шеберлік сағаттарын өткізіп, «Turkistan TV» телеарнасынан және әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталды, – дейді Әзімхан Серікұлы.

Айта кетейік, жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биылғы жылы да жалғасын тапқан болатын. Басқарма өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, аталған фестивальдің өту барысына бірқатар өзгертулер енгізген. Әр апта сайын кестеге сәйкес 2 аудан «Этноауыл» кешенінде салт-дәстүрлер, қолөнер, ұлттық ойындар ұлықталса, келесі күні «Керуен сарай» аумағында гала-концерт өткізілуде.

Брифинг барысында Әзімхан Серікұлы сала бойынша атқарылатын жұмыстар мен жаңалықтарды атап өтті. Мәселен, 7-13 қыркүйек күндері Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына спортшылардан бөлек, түркістандық өнерпаздар да атсалыспақ. Арнайы тігілген 3 киіз үйдің біреуінде облыстық музейлердің көрмесі қойылса, екінші киіз үйде өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Ал, басты киіз үй ұлттық нақышта безендіріліп, салт-дәстүрлер насихатталмақ. Сонымен қатар, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына ресми сапары аясында өткізілетін мәдени бағдарламада «Конгресс холл» көп салалы кешенінің «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі, «Самғау» би тобы өнер көрсететін болады. Мұнымен қоса биыл дәстүрлі түрде өтетін Республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы қыркүйек айының соңына жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының бастамасы негізінде қыркүйек айында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясын өткізу жоспарлануда. Жыл соңында облысымыздың барлық аудан, қалаларында оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап», «Ақылдыммен ақылдымын», «Оқырман іздейміз» жобаларының қорытындысы өтеді. Ал дәстүрлі «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауын өткізу 21-22 қазан күндері Республика күніне орай жоспарлануда.

P.S. Жиын барысында спикерге журналистер бірнеше сауал жолдады. Біз де көкейде жүрген ойды ортаға салған болатынбыз. Мұндағы мақсат облыстағы өнеркәсіп, инвестиция, ауылшаруашылық, әлеуметтік салалар секілді мәдени саласының да көрсеткіштері анықталса деген ұсыныс болатын. Бәсекелестік бар жерде даму да болады. Әрбір аудан-қалалардағы іс-шараларға басқарма тарапынан бақылау мен талдау жасау – өңір мәдениетін өрге сүйрейтіні анық. Осы орайда «Түркістан облысында мәдениет саласында атқарылған жұмыстар бойынша басқарма тарапынан аудан-қалалардың рейтингтері жасала ма? Егер жасалса Түркістан қаласының көрсеткіші қандай?» деген сұрағымызға басқарма басшысы:

– Ондай рейтинг жоқ. Бүгінде облыстық «Арай» фестивалі секілді іс-шаралар көп өтеді. Оған облыс көлемінде барлық аудан-қалалар қатысады. Бұдан бөлек әрбір ауданда облыстық, республикалық көлемде өтетін мәдени іс-шаралар бойынша жұмыс жоспарлары ұсынылады. Аудан әкімдері бекіткен жоспарға біз келісім береміз. Мысалы, аудандарда әртүрлі деңгейде айтыстар, әзілкештер байқауы, термешілер байқауы өтіп жатады. Бірақ, аудан-қалалар бойынша рейтинг қалыптасқан жоқ. Біз мәдениет саласы бойынша рейтингті «Өнерлі өлке» фестивалінен байқауымызға болады. Осы мәдениет мерекесінде аудандар әртүрлі жобалар арқылы өз өнерін паш етеді, – деген болатын.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы