ӘНІ КӨККЕ ҚАЛЫҚТАҒАН ӘН-АҒА

1 213 көрілім

Алты Алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлы сазгері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 94 жыл толып отыр. Ән әлемінің падишасы болған Шәмшінің әндерін білмейтін, әуеніне ермейтін қазақ жоқ шығар?! Қазақ даласын әнімен тербеген Ән-Аға халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, көзі тірісінде-ақ аңызға айналды.

Қазақтың ортасынан шыққан тума талант, үлкен дарын иесі атанды. Шәмшінің шығармашылығы мен ғибратты ғұмыры осы уақытқа дейін талай зерттеліп, том-том кітаптарға арқау болды. Әлі де талай зерттелері хақ.

Қазақтың маңдайына біткен нар тұлғасы қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында туған. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.

Болашақ халық композиторы 1930 жылы 15 тамызда елдің оңтүстігіндегі шағын ауылда дүниеге келді. Оның әкесі зергер, темір ұстасы болған. Десек те, өнерден де құры қол емес еді. Қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері адам. Анасы да ән салатын. Шәмші бала кезінен өнерге бейім болды. Кішкентайынан мандолинада ойнап, алғашқы әндерін жаза бастады.

1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білген сазгер атаулы жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды.

Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады.

1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

Сонымен қатар, белгілі композитор шығармашылығында қазақтың ақтаңдақ жазушылар Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс жасаған. Тіпті, Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген әйгілі сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалаған. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры сонда. Сазгер әндері, әсіресе, 60-70-жылдардағы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.

Ұлы композитор 1991 жылдың 16 қарашасында ауырып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында сазгерге «Қазақстанның Халық әртісі» атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

Осыдан 32 жыл бұрын өмірден өтсе де, Ш.Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соны леп ала келген сазгер ретінде тарихта қалды. Қырық жылдан аса шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды.

Гүлзира ДЖУМАНОВА,

«Фараб» кітапханасының мерзімді басылым бөлімінің секторы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы