ТӘУЕЛСІЗДІГІМ – БАҚ ЖҰЛДЫЗЫМ

1  223 көрілім

(Тәуелсіздік туралы ой)

Тәуелсіздік – ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған осы бір сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші?! Халқымыздың басынан өткен тарихты таразылап, көз алдымыздан өткізіп көрейікші…

Сонау «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» заманы, «Елім айлап» еңіреген халқымыз, жоңғар шапқыншылығы, қалмақ қырғыны, ұлт-азаттық көтерілістерін айтпағанда, кешегі Ресей империясының қарамағында болу кезеңдері.

Советтік  ұжымдастыру,  ірі  қара, уақ мал фермаларын «орталықтандырамыз» деп отырықшылыққа енді айналған ата-бабамыздың ең нашарының есігінің алдындағы күнделікті ішіп-жемі мен көже-қатығына жарап отырған тай-тұяғына дейін сыпырып алғанын, ашаршылық нәубеті, халқымыздан шыққан озық ойлы даналарды, небір тұлғаларды, қоғам қайраткерлерін сталиндік репрессия салдарынан халық жауы атандырып, көзін жойып отырғанын қай қазақ білмейді?

Бір таңқаларлығы осындай қолдан, есебін тауып, көзін жойып отырған, «адам өлтіру саясаты» біздің елден басқа ешбір елде болмаған. Соның бәрі де өз еліңді, бірнеше жылдар бойы, өзі де, сөзі де бөлек жандардың басқаруынан, тілін түсініп, өзін қадірлемей, ұлттық дәстүрін қастерлемей, «қазақ халқында ел басқара алатын ондай адам жоқ» деп түсінгенінен орын алған жағдайлар екенін сексен алтының желтоқсаншы жастары тарихи дәлелдеп берді. Нәтижесінде, ата-бабамыздың, еліміздің ғасырлар бойы армандап күткен, аңсаған тәуелсіздігімізге жеттік. Иә, Тәуелсіздік – бізге оңай келмеді, ешкім бізге оны қолдан бермеді.

Тәуелсіздік алу – әрбір мемлекеттің арманы, «тәуелсіздікке» жете алмай жүрген елдер қаншама? Бүгінде дүние жүзі бойынша, 149 тәуелсіз ел бар екен. Әлемдегі 7,5 млрд халық осындай тәуелсіз мемлекеттерде өмір сүреді. Солардың ішінде, жер көлемі жағынан 9-орын алатын – біздің Қазақ елі. Халқымыздың осы Тәуелсіздікті аңсап, кезінде қаншама көтерілістер мен күрестер ұйымдастырғаны тарихи деректерден белгілі.

Бүгінде Әнұранымыз қалықтаған, Көк туымыз көгімізде шалқыған, Елтаңбамыз айқындалған, тіліміз теңдігін алған, теңгеміз айналымға түскен, Ата Заңымыз күшіне енген, жастарымыз білім мен ғылымға ұмтылған, халқымыз ауызбіршілік пен абыройды сақтаған өркениетті, зайырлы елдер қатарындамыз.

Академик Манаш Қозыбаевтың: «Тәуелсіздікпен мақтану аз, оны жақтау жеткіліксіз, оны көздің қарашығындай сақтау парыз. Ел, халық мүддесін қорғап, оны ақтау қарыз. Жадағай қазақ, жаңа қазақ, қазақ ұлты, Қазақстан халқы бірігіп, ол мүддеге негіз, тірек болуымыз керек»,- деген сөзі еске түседі. Өмір бойы арман болған Тәуелсіздік қазақ мемлекеттілігінің үзілгенін жалғап, ұлттық рухын көтерді. Енді оны көзіміздің қарашығындай сақтап, қасиетін сезіну әрбір қазақ пен қазақстандықтардың қастерлі борышы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бір, екі, он жасар баладай еліміз дәрменсіз, өзгенің көмегіне зәру, мұқтаж болдық. Он бес, жиырмада еңсемізді тіктеп, жан-жағымызға қарадық, ой ойладық, біліммен қаруландық, етек-жеңімізді жинадық. Енді міне, «орда бұзар» отыздың маңайына да жақындадық. Отызға келетін адамда жастық болмайды. Жан-жағына еркін қараған, өзіндік ойы, отбасылық мақсаты, ұрпақ алдында жауапкершілігі бар, болашақты, арманды келісті келешектен күтетін ұрпақ егесі. Қолына тәуелсіздіктің туын мықтап ұстаған, болашағы айқын, жүйрік, бәйге атына мінген, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың межелі істері мен алар асулары алдан күтеді. Елінің, халқының қамын ойлаған қаһарман жігіт отызға, қырыққа, елуге, жүзге келеді, халқы соңынан ереді, бейбіт өмір солай жалғаса береді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, бақ-жұлдызымыз биіктерден жарқырай берсін, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Балтагүл ОСПАНОВА,

ф.ғ.к., доцент, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы