МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДА ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

1  420 көрілім

Еліміздің ұлық мерекесі қарсаңында қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің алғашқы төрағасы, қалалық статистика басқармасының басшысы Бекайдар Еділбекұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Төсбелгіні Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары В.Божко арнайы тапсырды.

Кеңес әскерлерінің Ауған жерін біржола тастап шыққандарына биыл 30 жыл толып отыр. Он жылға созылған Ауған соғысы біздің тарихымыз және оны халық жадынан біржола өшіру мүмкін емес. Қаламызда алғаш рет 1999 жылы Бекайдар Көшербаевтың бастамасымен Ауған соғысы ардагерлер кеңесі құрылды. Осы кеңестің ұйымдастырушысы және алғашқы төрағасы болған кейіпкерімізді барша түркістандықтар жақсы біледі.

Өткен ХХ ғасырдың есте қалар қасіретті кезеңі – Ауған соғысы. Оның шығу себебі туралы күні бүгінге дейін бірнеше болжамдар айтылды. Бірақ, әлі толық шындығына жеткен ешкім жоқ. 1989 жылы кеңес әскерлерінің Ауған жерінен біржола тастап шыққан күнін ауғандық ардагерлер жыл сайын кең көлемде атап өтеді. Олар түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырып, кездесулерде жастардың бойына қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында келелі жиындар өткізіп тұрады. Міне, сондай ілкімді істердің басы-қасында Бекайдар Еділбекұлының жүретіні сөзсіз.

Осынау мерейлі де мерекелі күнде газет жанашыры, ардагер ағамыздың елімізге сіңірген адал да абыройлы еңбектерін жоғары бағалай отырып, мемлекеттік марапатыңыз тағы да құтты болсын деген тілегімізді арнаймыз.

Ізгі ниетпен:

«Түркістан» газетінің ұжымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы