ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫНА – 25 ЖЫЛ

1  793 көрілім

  Осыдан 25 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанымызда азаматтық қоғамның іргетасы саналатын мәслихаттар институты құрылды. Ардақты Отанымыздың бүгінгі әлемде қандай орын алатынын мен айтпасам да барша қазақстандықтар жақсы біледі. Біз бұл биіктерге елмен ұдайы бірге Елбасының сарабдал саясатының арқасында жеттік. Тәуелсіз мемлекеттің керегесі кең, уығы тік, шаңырағы мықты болуы үшін түрлі мемлекеттік құрылымдар жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақстан Парламенті, облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихаттардың орны ерек.

  1993 жылдың 10-желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қоғамды демократияландыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Бұл Заң елдегі жергілікті басқару жүйесін, жергілікті өкілді және атқарушы органдар құзыретін, оларды құру және қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындап берді. Осы Заңға сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен атауы, қызметінің мән-мазмұны, құзыреті өзгерді.

  Жергілікті атқарушы органдар иерархиялық бағыныстылық тәртібімен біртұтас атқарушы органдар жүйесін құрай отырып, жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы болса, мәслихат-депутаттар жиналысы халықтың атынан өкілдік ететін жергілікті мемлекеттік басқарудың ұйымдық-құқықтық тұрғыдан дербес институты болып белгіленді. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі осындай қайта құрулардың нәтижесі ретінде 1994 жылғы 7-наурызда тұңғыш рет еліміздің жергілікті өкілді органдарына – мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткізілді. Облыстық мәслихат-депутаттар жиналысының депутаттарын сайлау үшін облыс бойынша 783 мыңнан астам адам дауыс берді, ол сайлаушылардың жалпы санының 80 пайызы еді.  Сайлаудың қорытындысы бойынша 47 сайлау округінен алдын ала тіркелген 130 кандидаттан 47 адам депутат болып сайланды. Оған қоса, бұл сайлауларда аудандық мәслихаттарға – 358 депутат, қалалық мәслихаттарға – 109 депутат сайланды. Бірінші шақырылымдағы облыстық мәслихат-депутаттар жиналысының алғашқы сессиясы 1994 жылғы 29-наурызда өтті.

  Бұл күн Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Түркістан облыстық мәслихаты жылнамасының жаңа парақшаларын ашып берді. Бірінші сессияға сол кездегі облыс әкімі Зауытбек Тұрысбеков және облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық және аудандық әкімшіліктердің әкімдері, облыстық ұйымдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының хатшылығына Қуанышбек Бөлтаев сайланды. Бірінші шақырылымның депутаттары үшін бірінші кезекте тұрғындарды әлеуметтік қорғау, мұқтаж адамдарға: зейнеткерлерге, ардагерлерге, мүгедектерге, материалдық жағдайы төмен адамдарға адрестік көмек беру мәселелері тұрды. Мәслихат депутаттары кез келген мәселені талқылау барысында ең алдымен тұрғындардың барлық топтарының мүдделерін ескерді.

  Бірінші шақырылымдағы облыстық мәслихат – депутаттар жиналысының бюджетті дамыту, экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Орынбай Рахманбердиев сайланды.

Мемлекеттік-құқық мәселелері, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы – Мұрат Жұрынов, әкімшілік-аумақтық құрылыс және қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы – Юрий Кирюхин, депутат өкілеттілігі мен депутат этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы – Иманәлі Байдәулетов, тексеру комиссиясының төрағасы – Павел Добрица болды.

  Бірінші сессияны жүргізген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әмірсейіт Әлиев облыстық мәслихаттың сайланған депутаттарына арнап былай деп сөз сөйледі: «Құрметті халық қалаулылары, елдің игілігі үшін берік шешім қабылдаған және біздің мемлекетіміздегі тыныштық пен игілікті сақтау жолына түскен азаматтар, сіздер өз қолдарыңызға алған шаруа – жаңа, жауапты және тарихи іс. Кәсіби Парламентті және депутаттар жиыны – мәслихатты құру мен қалыптастыру, сондай-ақ оның ырғақты дамуы мен тиімді қызметіне қол жеткізу бақыты сіздерге бұйырып тұр. Сіздерге тәуелсіз, егеменді мемлекеттің еркін дамуына жарқын жол ашатын жаңа кезеңдер мен құбылыстардың бастамашысы және көшбасшысы болу құрметі тиді» деген еді.

  Міне, сол тарихи оқиғалардан бері де 25 жыл өтті. Халық сайлаған облыстық мәслихат депутаттарының барлығы дерлік сайлаушыларының аманатына берік, адал болды. Ел өміріндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне жәрдемдесті. Облыстың жергілікті өкілді органдарында оның бірінші шақырылымынан бастап бүгінгі таңға дейін 4 мыңға жуық сессия өткізіліп, облыстық мәслихат депутаты ретінде – 313 адам, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаты ретінде – 1620 адам жұмыс істеді.

  Бүгінгі таңда облыстық және 16 аудан, қала мәслихаттары жұмыс істеуде. Депутаттық корпус 289 адамды құрайды, оның ішінде 15-і – әйел депутаттар. Уақыт пен тарих кеңістігіндегі өлшеммен 25 жыл деген аз ғана мерзім болғанымен, еліміз осы кезең ішінде талай белестерді бағындыра білді. Ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.

  Бәрімізге белгілі, егемендік алған 90-жылдары ел экономикасы тұралап, тығырыққа тіреліп тұрған кез болатын. Барлық өңірлермен қатар Оңтүстік Қазақстан да ауыр сәттерді бастан кешірді. Бұл электр энергиясы, газ, ауыз су, жылу берілместен, халықты әбден қажытқан жылдар еді. Ұлттық валютамыз қолданысқа енген 1993 жылы облыстың бюджеті 380 млн. теңгені құраған болса, 25 жылда ол 756 млрд. теңгеге жетті. Осы жылы облыстың бюджетінде әлеуметтік салаға 221 млн. теңге көзделген болса, 25 жылда ол 392 млрд. теңгені құрады. Бұл ширек ғасыр ішінде ғана қол жеткізген жетістіктерді 2018-2019 жылдар межесімен есептейтін болсақ, тағы да көңіл көншітетін өсімдер алдымыздан шығады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн. 104 млрд. теңге сомасында қалыптасты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға артық. Ал, өнеркәсіп өнімі 454 млрд. теңгеге жетті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 48 млрд. теңгеге көбейгендігі дамудың жаңа деңгейінде келе жатқандығымызды аңғартады.

Еліміздің осылай қарыштап дамуына халық қалаулылары да өз үлестерін қосып келеді. Атап айтқанда, аға буын марқұм Манап Өтебаевтың меценаттығы, оқу орынының басшысы және азамат ретінде жасаған қайырымдылық шаралары бәрімізге белгілі. Ал, биылғы жылдың ең үздік кәсіпкері атанған Серікжан Сейітжановтың өнегелі істерін Елбасымыздың өзі үлгі ретінде кәсіпкерлерге үнемі айтып отырады. 1964 жылы еңбек жолын кешегі Қызылқұм ауданындағы Шілік кеңшарында тракторшы болып бастаған ол адам баласы жанын аямай еңбектенсе, білім іздесе алмайтын асуы жоқ екендігін іс жүзінде дәлелдеген жан.

  Елге еңбегі сіңген азаматтарымызды әрі қарай тізбектесек олардың қатары көп. Мәселен, облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына Әбілқасым Досболов, Рахым Тәңірбергенов, Дулат Әбіш, Сәду Бекенов, Өмірзақ Мелдеханов, Лесбек Ташимов, Қайрат Сапарбаев, Талғат Баймаханов, Шәріпбек Жамалбеков сынды халық қалаулылары жақсы еңбек сіңірді. Ал, жол, көпір салу және әлеуметтік нысандар бағдарламаларына Рәшкүл Оспанәлиева, Қайрат Молдасейітов сияқты депутаттарымыз белсенді әрекет етсе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын іске асыруда Дәурен Ахметов, Жаңабай Ағабеков, Мұрат Төлтебаев, Бекасыл Төлендиев, Алмас Сәлімов, Әсет Қайыпбековтер қолдау көрсетті.

  Қазақстан – аграрлы ел. Елбасы агрокешендерді дамытуды еліміздің үлкен болашағы ретінде қарастырып отыр. Осы идеяларды іс жүзіне асыруға Нұрәлі Әбішев, Нұржан Әшіров, Бақытжан Серманизов және Үмбет Жүсіпбаев сынды азаматтарымыздың атсалысып отырғандығын айтқан жөн. Сондай-ақ, аты аталмай қалған барлық халық қалаулыларының өз сайлау округтарындағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқандығын мақтанышпен айтуға болатын жағдай.

  «Қайырымды істің қайырымы мол» дегендей, облыстық мәслихат депутаттары 2017 жылы өткен «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін тамашалау үшін 68 млн. теңгеден астам жеке қаражаттарына 17 мың билет сатып алып, оларды өз сайлау учаскелеріндегі ардагерлерге, мүгедектерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін таратып, Нұр-Сұлтан қаласына барып келуін қамтамасыз етті. Таяуда Арыс қаласында орын алған апаттың зардаптарын жоюға барша ел-жұрт бір кісідей жұмылып, тілеулес болып, қамқорлық көрсетті. Елдігіміз сынға түскен, сыналған шақта ауызбіршілік пен елдікті көрсете білді. Апат кезінде облыстық мәслихат депутаттары зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қаржылық, материалдық көмек көрсетті.

Халық қалаулылары жалпы 65 млн. теңгеден астам, оның ішінде 45 млн. теңгеге заттай көмек және 20 млн. теңгеге қаржылай көмек көрсетті. Бүгінде толық қалпына келтіріліп, қайта даму жолына түскен Арыс халқының отандастарына алғысы шексіз. Облыста халық сайлаған депутаттардың ешқайсысы да елге қиын жағдайларда сыртта қалған жоқ. Әрине, атқарылған жұмыстар еленіп, халық қалаулылары мемлекеттік наградалармен марапатталуда.

2016 жылдан бүгінгі таңға дейін облыстық мәслихаттың 16 депутаты мемлекеттік награда-лармен марапатталып, 12 депутаты – Түркістан облысының Құрметті азаматы атанды. 25 жыл бойы халықпен бірге және халық үшін жұмыс істеп келе жатқан мәслихаттар институты тәуелсіз Қазақстанның тарихын жасады және Түркістан облыстық мәслихаты-ның халық қалаулылары да дәстүрлі сабақтас-тық қағидатымен бүгінгі өңір тарихын жасауда. 2018 жылғы 5-маусымда облыстық мәслихат Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызу және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы Үкіметке ұсыныстар енгізу жөнінен тарихи шешім қабылдады. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 20-ақпанда өткен сессиясында Мақтаарал, Сарыағаш аудандарын екіге бөлу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылдады. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысындағы осындай өзгерістер өңірді тиімді мемлекеттік басқару мен қарқынды дамыту тұрғысында қабылданған маңызы зор тарихи шешім болды деп нық сеніммен айта аламыз. Шын мәнінде, бүгінде мәслихаттардың қоғам дамуындағы еңбегі, отандастарымыздың күнделікті өмір-тіршілігіндегі рөлі арнайы атап өтуге тұрарлық деп есептеймін.

  Мәслихаттар бүгінде қандай да бір саяси және әлеуметтік шешімдерді қабылдауға ықпал ете алатын қоғамдық өмірдің әрекет етуші компонентіне айналды. Өңірдің даму бағдарламасы, атқарушы органдар шешімдері міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, сонан соң сессияларда талқыланып, қабылданып жатады. «Жергілікті халық – халық қалаулысы – атқарушы билік органдары» үштік одағы өзінің іс жүзіндегі дәрменділігі мен тиімділігін дәлелдеді. Берекелі бірлік пен жасампаз еңбектің арқасында бүгін егемендігіміз нығайып, үйлесімді қоғам құрылды. Ұлттық рух оянып, мемлекеттілігіміз жаңғырды.

  Елбасы депутаттар хақында: «Мен депутаттардың қашанда тарихи оқиғалар биігінен көріне алатына сенемін. Меніңше, Сіздер жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыста, заң актілеріне сәйкес «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қажеттінің бәрін жасай аласыздар. Бір нәрсені ұмытпау керек: бірліксіз молшылық, келісімсіз бақыт болмайды. Біздің басты байлығымыз – халықтың бірлігін сақтап, жоғарғы мақсаттарға қарай ұмтылу. Бұл мақсаттарға жету үшін сіздер заңдық негіздер жасайсыздар. Мен сіздердің халық қалаулысы деген биік те мәртебелі атаққа лайықты болатындарыңызға сенемін. Қазақстанды дамыту жолында дұрыс шешімдер қабылдауда табыс тілеймін» – деді.

Елбасының сенімі бәрімізді қанаттандырады. Ел ішін ала тайдай бүлдіруге тырысатындар әлемдегі барша мемлекеттерден табылады. Оған дер кезінде тоқтам жасау керек. Отанымыз бүгінгіден де қуатты, тұғыры биік мемлекет болуы үшін барлығымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз маңызды болмақ.

Құрметті жерлестер! Бізге осы айтулы мерейтойды атап өтуді нәсіп етіпті. Баршаңызды Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтаймын! Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, зор денсаулық, амандық тілеймін!Көк байрағы желбіреген, абыройлы да беделді, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!

Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы