Киелі қаламызда қазақ поэзиясында есімдері қатар аталатын қос ұлы тұлға Фариза Оңғарсынова мен Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналып, қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Фариза әлемі», «Мұқағали- мәңгілік ғұмыр» атты әдеби- сазды кештер өткізіліп, қос ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгіме қозғалғаны белгілі. Сол еске алу кешінде біз халқының дарабоз ақындарына деген телегей теңіз махаббатын, өлеңдеріне деген шексіз сүйіспеншілігін, олардың жеке өмірдеректерінен, шығармашылығынан кеңірек білгісі келетін құштарлығын сездік.
Сондықтан да бүгінгі «Әдебиет» айдарымен беріліп отырған топтамаға өмірге бір-ақ рет келетін, бірі ақиық, бірі сыршыл ақындарымыздың көзін көрген, қоян- қолтық араласқан, қала берді рухани мұраларын қызғыштай қорып, қамқорлық танытқан қарымды қаламгерлер, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары Батық Мәжитұлы мен Мағира Қожахметованың естелік-мақалаларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Өзі де арқалы мінезді ақын Батық Мәжитұлы – еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіндегі жемісті жұмысынан бас тартып, он сегіз жыл ғұмырын ақын атындағы журналға арнап, Мұқағали Мақатаевтың «екінші өмірін», рухани өмірін кешегі күнге дейін жалғастырып қана қоймай, «әу» баста белгілі қаламгерлер Жанболат Аупбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, сондай-ақ, қаржыгер Жақыпжан Нұрғожаевтармен бірлесе отырып, «Мұқағали» журналының жарыққа шығуына ұйытқы болған алаш азаматтары. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған «Азаттықты аңсаған ақын» атты Мұқағали шығармасына шолу осы басылымнан басқа еш жерде жарық көрмеген, тек ақынның Қарасазда өткен 90 жылдық мерейтойында жасалған баяндама. Сондықтан да бұл тың деректер оқырман қауымды елең еткізер деген ойдамыз. Ал, «Күннің алтын сынығы», «Адам-құпия», «Жантәсілім» «Жападан – жалғыз» атты тағы басқа да көптеген еңбектердің авторы, қазақ әдебиеті әлемінде ойып алар орны бар Фариза ақынның әрі сырлас, әрі үзеңгілес досы, туған бауырдай сыйласқан сіңлісі Мағира Қожахметованың «Фариза кеңістігі» атты естелігі де сырт көзге қатал, біртоға көрінетін ақын жүрегінің нәзіктігі, «өзім дегенге өзегін суырып берер» бауырмалдығы, адалдығы, көпшілікке беймәлім қасиеттері туралы сыр шертеді.
Сонымен, «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған Мұқағали ақын әлеміне, «Жанарының тұңғиығына сүңгіген бір сәтте, бір мезетте әрі мұздай қатырып, әрі оттай жандыратын» Фариза-қыз әлеміне бәріміз бірге тағы бір үңіліп көрейікші, қадірлі оқырман!
АЗАТТЫҚТЫ АҢСАҒАН АҚЫН
Мақатаев – халықтық тұлға, азаттықты аңсаған ақын! «Автограф» атты өлеңін жақсы білесіздер.
Сырым да осы, жырым да осы – алдыңда,
Байқашы бір, бықсыдым ба, жандым ба?!
Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты,
Мұқағали Мақатаев бар мұнда, – дейді. Қаламгер осы сертінен танған емес. Өлеңдерін ерлік пен өрліктің отына суарды. Әр қазақтың көкірегіне алаштың рухы болып ұялады. Ар-намыстың жолында Махаңдарша күресті. Оның дәлелі – алдыңыздағы асыл жыр.
Ол өлең жазудың қуанышын місе тұтқан жоқ. Дүниенің арғы-бергісін кең бағдарлады. Кемел биікке көтерілді. Философиялық ой айтудың әлемдік дәрежесін меңгерді. Оқуын тоқуына ұластырды. Өзін өзі терең біліммен шыңдады. Өкінішке орай, заманынан асып туған хас таланттар қашанда азап шегеді. Өйткені, «өмірде ақындардың бәрі жалғыз».
Мақатаевты халқының тағдыры, алаштың азаттығы, соған қатысты мәселелер толғандырды. Ақынның асқақ рухы билік сызған шеңберге сыймады.
Мінезін бермей түлкінің,
Жүрегін бердің қасқырдың…
Қапыда кейде қан құсып,
Қасқырмын дедім, қасқырмын.
Кеудеме мына нан пісіп,
Басыммен барып тасты ұрдым, – деуі жүректің сөзі. Қызыл империяның қыспағына қарамастан «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» деп бұлқынуы күрескерлік болмысқа тән адалдығы еді.
Ол талантының арқасында қазақтың жандауысын қағазға түсірді. Қарая бастаған саналарға нұр септі. «Оян, қазақ!» ұранын шеберлікпен жаңғыртты. Аталар арманын тірілтті. Ұлт алдындағы парызын, мойнындағы қарызын ойдағыдай өтеді.
Бұлай дегенде, әсірелеп отырған дәнеңеміз жоқ. Бәрі ақын жырларында сайрап тұр. Мысалы, балалар жаттаған «Үш бақытым» өлеңін қайталап оқыңызшы. Ақын қазаққа керек үш бақытты бөліп қарастырған. Неге олай? Себебі, осынау үш қажеттілік түгел болса, ел атанудың заңдылығы толық сақталады.
Ошақтың үш бұты секілді киелі тұғырдың біреуін құлатсақ, аманатқа қиянат жасағанымыз. Жеңіс туын қолдан бергеніміз, қор болғанымыз. Егемендік үшін күрес биік талғамнан, ақ-қараны ажырататын танымнан басталады. Ұлттық мұрат – әр қазақтың келешегі. Ақын өз оқырманын осыған тәрбиеледі. Уәдеден таймауға, қиындықтан қашпауға шақырды. Асыл жырдың астарына үңілсеңіз, асқақ ойлар арқаңызды қоздырады.
Ақын үш құндылықты негіз еткен қарапайым теорияны алдымызға тартты. Бірінші бақытың – халқың, екінші бақытың – тілің, үшінші бақытың – Отан деді! Осылардың біреуін тәрк етсең, бақыт құсы басыңнан ұшады. Егер халқың көбейіп, тілің құрыса, өскеннен, өркендегеннен не пайда?! Бұл – тірі жүріп жоғалғанмен бірдей. Ал, тіл мен халық түгенделіп, Отансыздыққа ұрынсаң, құлдықтың қамытын кигенің! Үш күн бірдей күлімдеп нұрын төксе – азат өмір сүргенің! Сонау 70-ші жылдардың аясында ақиық ақын көкейімізге азаттықтың ұрығын септі. Сондықтан Мұқағали Мақатаевты күрескер емес деуге аузымыз бармайтын шығар?!
Құдайсыздықты уағыздаған коммунистік идеология қазақы тәрбиені ірітті. Зиялы жандар зиянды құбылысты байқамай қалған жоқ. Оның алдыңғы қатарында Мұқағали да бар еді. Заман осылай кете берсе, бабалар дәстүрі эррозияға ұшырайды. Ұлттық имунитетке қауіп төнеді. «Малымды алсаң ал Құдай, пейілімді алма» деген өсиет мазмұнынан айырылады. Ақынның жүрегінен жас тамшылады, шиыршық атты. Содан кейін қаламды қару етіп атқа мінді, шындықты жырмен баяндауға бел буды.
Ақсақалдар не деген керім еді!
Не біледі, осы жұрт не біледі?!
Бабалардың баласы – қариялар,
Сиреп бара жатқандай көрінеді…
… Ақиқатты айқындап жариялар.
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын
Бара жатыр сарқылып дариялар
Немесе,
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өлімге мен өзіңді телімегем.
… Ақ кимешек астынан сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?! – деп бүгін мен ертеңге ақындық жолдауын жасады.
Компартия билік құрып тұрғанда бұлай сөйлеу оңай емес. Қызыл саясатқа қарсы келгендер қиындыққа жолығады. Шөміштен қағылады, қызметтен шеттетіледі. Марапат бұйырмайды. Себебі, нағыз ақын ұлттық сананы оятып жіберуі мүмкін.
Рас, қариялар сиреді. Алайда, шалдардың қатары сиреген жоқ. Шалдардың қариялардан айырмашылығы – өзі де, сөзі де ұсақталған еді. Ондай адамдардың ұлтты жаңғыртуға шамасы келмейтін. Кәсіпкерлікті ұмытқан. Ата салтты арзандатқан. «Майданға түспей бәйге алатын». Мұндай дағдымен ауызданған ұрпақтар не болады?! Олар елін қандай ұшпаққа шығарады?! Ақиық ақын осыны ойлағанда шыдап тұра алмады. Ақиқатқа араша түсіп өлең жазды.
Қараулыққа қарсы шапты. Жырдың киесіне жүгінді. Құрғақ ұранды малданбады. Қызыл сөзге алданбады. Әр шумақты көркем оймен көмкерді, қылыштай өткірледі. Атқан жебесін нысанаға дөп тигізді. «Қазақ қайда барады?» деген сұраққа дамылсыз жауап іздеді. Сондықтан «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған Мұқағали Мақатаевты алаш қайраткерлері қозғалысының 70-ші жылдардағы жаңа толқынына баласақ қателеспейтін шығармыз.
Сырттай қарағанда Мұқағали бәрін айтқандай көрінеді. Ал, ақынға құлақ түрсек, жағдай басқаша. Көңілдегі жырын айызы қанып ақтара алмаған. Өйткені, кеңестік билік саптаяққа қымыз құйып, сабынан қарауыл қарады. Қаламгердің көзқарасын таптық өлшеммен таразылады. Аяғына көрінбейтін тұсау салды. Тұлпардай шапқылатпады. Түйсікті жанға бұдан өткен не қыспақ бар ?! Ұлтының рухын өлеңмен көтермесе, қара көбейткеннің қажеті қанша?! Ол күрескерлерше күйзелді. Өйткені, Мұқағали кітап шығарғанға шүкіршілік ететін көнбістердің қатарынан емес еді.
Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбінде кір жасырмай, – дегені азаттықты аңсаудан туған арманды тіркестер.
Ақын маңдай терін босқа төккен жоқ. Әрбір қазақты қалғытпауға тырысты. Соны сезіндірудің әдістерін тапты. Қиыннан қиыстырған амалына қарап әрі сүйінесің, әрі таңғаласың.
…Мына бақты көргендер төбеңдегі,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?
Қорқыт, Асан тіріліп қайта келсе,
Қуанғаннан жүрегі қарс айырылып.
Бәлкім олар қайтадан өлер ме еді?! – дейді республика туралы тебіреніп. Кеңестік өзгерістерді құптағандай кейіп танытады. Анығында жырдың ниеті бөлек еді. Қоғамының компартиялық реңде емес, ұлттық сипатта түлегенін қалады. Қорқыт, Асан қайта тіріліп келіп қуанса дейді. Сағындырған келешекті көзіңе елестетеді. Еркіндікті естен шығармауға, бостандықтан үміт үзбеуге үндейді. Бабалардың ұлы өсиетін ұрпақтарға аманаттайды. Сөздерін сарымайдан қыл суырғандай етіп сүйкімді орындайды. Ақиық ақынның не ойлағанын қазағы ұқты. Сонымен бірге, кеңестің қауіпсіздік қызметі де аңғарды. Ел-жұрты – ақын жырынан алқа тақты. Екіншісі – «әйтеуір бір жерінен кіна тауып» жаман атын шығаруға тырысты. Өмірінің соңғы төрт жылында ұлы таланттың Алматыда, қаптаған баспасөздің ортасында жұмыссыз қалуы бекер емес. «Жұлдыз» журналының делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзіме алып қалдым» немесе «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім» деуінде өксікті сырлар жатыр. Біз Мақатаев шындығын жаңаша бағалай бастадық. Оның толық жеңімпаздығына қол қою хақы жарқын болашақтың еншісінде.
Мұқағалидың «Отаным, саған айтамын» деген толғауы бар. Ол кездегі Отан – СССР. Астанасы – Москва. Несін жасырайық, сол сарынмен тәрбиеленген біздер, менің қатарластарым, ұлттық ұғымдарға комсомолдарша қарай бастадық.
Алайда, Мұқағали олай өмір сүрген жоқ. Өлеңдері арқылы ақ пен қараның ғазауат майданына араласты. Алапат күшпен жағаласты. Алаш баласының атқа мінгенін армандады. Ұлтқа деген махаббат ақын жанын от болып өртеді. Ақынның сондай сәттегі ғаріп халін кім түсінбек, қайғы-шерін кімге ақтармақ?! Ол ұлтсызданудан шошыды. Ұлы уайым күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Әрине, СССР-дың селт етпейтіні белгілі. Ендеше бұл туралы туған Отаны, жан дегендегі жалғызы қазақ еліне айтуы заңдылық еді.
Отаным, саған айтамын,
Мен де бір аппақ арман бар,
Ақтығы алғаш жауған қар, – деп қобыздың күңіренген қоңыр дауысына қосылды. Мұқағали бабалардың қаны сіңген байтақ даланы, «Алатау, Алтай, Атырауды» ғана Отаным деп ұқты. Соның мойнынан құшақтап жылады. Аты бар да заты жоқ өгей тіршілікті тәрк етті. Ақын Отанына, Отаны перзентіне еміренді. Олар бір-біріне тәуелсіздік тіледі.
Мұндағы мұңлы суреттен Мұқағалиды ғана көрмейсіз. Оның ар жағынан алаш қайраткерлері қарап тұр. Ақын күллі күрескер тұлғалардың бәрін бір образға жинақтаған. Бұл өлең – солардың да монологы. 90-шы жылдары аталған толғау қазақ елі арасына кең тарады.
Аттағысы кеп басымнан,
Жан болса егер басынған.
Басынғандарға бас ұрман,
Үйреттің солай жасымнан.
Сенесің бе, Отан, осыған!?
Өзіңмен ғана сырласам,
Өзіңсіз менде тумас ән…
Өзегім шіріп өлер ем,
Өзіңнен егер тумасам, – дейді ақын ештемеден жасқанбай.
Ақын шабыты шалқыған саналы ғұмырын түгелдей еліне арнады. Халқының шырағын жақты. Сақтар мен Ғұндардың, ер Түріктің қанынан жаралғанын естеріне салды. Енді қайда баратынын өлеңмен нұсқады. Өсуге болады, өшуге қазақтың хақысы жоқ. Ол нені айтса да, қалай айтса да ең алдымен жүректерді жаулады. Сондықтан шығар, 47 жыл бұрын жазылған жырлар әлі жаңа, жалынын жарқылдатқан қалыбында адамдарға қызмет етіп жатыр.
Зәр ұсынған адамға нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, шабысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңе ұста,
Өлсем – өлем сірә, мен намысымнан!
Әдептімін, ұяңмын, именемін,
Сыраға – бал, сиыңа – сый беремін.
Аңқау қазақ екен деп, ағайындар,
Намысыма алайда тиме менің, – дейді хас батырларша.
Құдайшылығын айтыңыздаршы, бір келетін жалғанда Намыстан артық қандай құндылық бар?! Оны жоғалтсаң – бәрі жоғалады. Намыс – бостандықтың баспалдағы. Намыс – арыңды қорғайтын қару. Намыс – қазақ болып дүниеге келу мен қазақ болып өлудің арасындағы парасат.
Түптің түбінде қара шаңыраққа бостандық бұйыратынын Мұқағали ақындық түйсікпен болжады. Жазушы Жәлел Кеттебекке айтқан мынандай сөзі бар. «Сендер мені дұрыстап танытсаңдар, мен он жылдан кейін жаңа Кенесарыны шығарамын» деген екен. Айтқаны дәл келді. 1976 жылы ақын дүниеден озды, 1986 жылы желтоқсаншылар болып жаңа Кенесарылар тарих сахнасына шықты.
Талант тас жарады, талант тасада қалмайды. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды». Халық асыл сөзді таниды, асыл жыр жігеріңді жаниды. Оның ғажайып мысалы Мұқағали Мақатаев!
Ұлы қаламгердің жырлары сағынышқа толы. Оның әр жолынан азаттықты аңсаған ерлердің дауысын естиміз. Дүниеде жақсы жыр жазған ақындар аз емес. Ал артына қазына қалдырғандар сирек. Ондай дарындар жүз жылда бір туады. Біз Мақатаевты сөз еткенде құрғақ мақтанбайық. Тереңнен ойланайық, тебіреніп толғанайық. Қазынасын ақтарып, ілімін игеріп, бұрын байқалмаған қырларын түгендейік. Оны ұлт идеологиясының алтын арқауына айналдырайық. Сонда ғана ақын өнегесі тіршілігімізге құт болып дариды.
Батық Мәжитұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
ФАРИЗА КЕҢІСТІГІ
Жалындаған журналистік тағдыр бізді Фариза Оңғарсыновамен бұдан қырық бір жыл бұрын табыстырды. Ол «Лениншіл жас» газетінің батыс облыстары бойынша меншікті тілшісі боп жүргенде, 1969 жылдың күзінде мен де осында сынақ мерзіммен жұмысқа орналастым. Құлаш-құлаш мақала, очерктерімен қатар өлеңдері жарияланып, республика жұртшылығына есімі енді-енді кеңінен таныла бастаған. Әлі есімде, үшінші қабаттың тап-тар дәлізіне шықтым, назарым төменге түсіп, бір-екі адамның жоғарыға көтеріліп келе жатқанын байқадым. Шашын жып-жинақы ғып төбесіне түйген, үстінде ашық қоңыр, джерси ғой деймін, пальтосы бар, екінші қабат баспалдағынан мойнын бұра бері қарады. О, ғажап, бұл неткен көздер, тұңғиығына магниттей тартып барады, соншалықты мөлдір, тұнық, бұрын-соңды аңғармаппын мұндайды. Өнебойымнан беймәлім леп есіп өткендей өз-өзіме қатты таңырқадым. Сезім әлемінің бүкіл сыр-сипатын, қайғы-қасіретін, қуаныш-шаттығын көзінің ағы мен қарасына сыйғызған ерекшелігі көкірегіме мөр боп басыла кетті. Төңірегін барлай қарап келе жатқандай көрінгенімен дәл сол мезетте мүлдем алыста, басқа планетада жүргендей әсер етті. Тұман арасынан мұңға тұнған көздері ғана шалынғандай. Іштей жаңалық ашып, жұмыс бөлмесіне қарай бұрылдым. Бәрі қоғадай жапырылып, «Фариза келді…» деп жүгірісті. Үн-түнсіз қасынан әлденеше рет өтсем керек, «сен неге маған сәлем бермейсің?» деп тоқтатты.
Қадала қарағанда әлігіндегі мұң сап тиылып, жанары өткірлене, суықтау көрінген жүзі біртүрлі тіксіндіре, түріме қарамай мықтымсынып, ештеңеге дес бермейтін ішкі азаттығымның арынын бірден тежеп тастады. Тұлабойымды момақандық жайлап, жуаси қалдым. Мені ғана емес, басқаларды да мысы басып тұратындай. Бауыр тарта сөйлегенде, бастапқы салқындық әлдеқайда жоғалып, жүзінен шуақ төгілді, соған дереу жылынып, дүнием түгенделіп шыға келген. Редакциямыздың қасындағы қаладағы ең үлкен сауда орталығына ертіп апарды. «Не қажет саған, айт, қазір әперейін» деді. Ішпей-жемей тойып мәзбін, кенеттен жақсылыққа, жомарттыққа кенелгендеймін. Жігіттер кезектесіп оны қонақ етеді, ресторанға шақырады, қасына мені ерітеді.
Көп ұзамай «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторлығына тағайындалды. Гурьевтен көшіп келді. Қарсы алдық. Жоғары партия мектебінің бір бөлмесіне қоныстанды. Күн сайын барып, кейде қонып қаламын. Ауылдан келген дәмнен татырғым кеп, аракідік қазы, май ма, апарамын. Әңгімеміз таусылмайды, тақырып сан алуан. Бірде жел, нөсер, құйын, дауыл, боран, жауын, жасын, найзағай… туралы таң атқанша сырластық. Табиғат тылсымына үңіліп, екеуара тілдесу барысында қараңғы түнде қиял-ғажайып хал кешкенім бар. Басқа ешкіммен дәл солай ашылып сөйлеспегеннен бе, білмеймін, ертегідей сол сәттен кейін Фариза арқа тұтар тірегіме, сүйенішіме айналды. Қас-қабағының құлы боп, емеурін-ишарамен түсінісуге дағдыландым. Құрбы-құрдастарымнан да Фариза апайды ерекше құрметтеуін, тіпті әулие тұтуын талап ететінмін. Жетпісінші жылдарғы күнделік беттерінде «мой «бог» мне сказал…» деп жазылған тіркестер де кездеседі екен, алғаш араласқаннан өзімді патшаның кеңесшісіндей сезініппін. Сол жазбалардан бұ кісінің қасында маңайымдағылардың көбі көзіме де, көңілімө де титтей ілінбегенін ұқтым. Ертеректе жүргізілген күнделіктерден шағын үзінділер келтірсем деймін,түзеп, аударуды жөн санамадым,оқырманнан алдын-ала кешірім сұраймын.
Еліміздің қай түкпіріне барсам да Фариза Оңғарсынова апайдың беделі арқасында көліктен, басқадан титтей қиындық көрмейтінмін. Ауылдан ауырып-сырқап әлдеқалай келгендерді орналастыру да со кісінің мойнында, қалайда ауруханаға жатқыздырып емдетеді. Немере сіңлім Айгүлді педиатрия институтына тексертіп, небір атақты мамандармен таныстырды. Қызмет машинасымен толып жатқан шаруамды тындырып, жан-жақтан ағылған қонақтарымызды қыдыртамыз. Мектеп бітіріп қолыма келген Сәбира сіңлімді бірден өзіне жұмысқа алды. Тағдыры қиындау қалыптасып, түрлі қателікке ұшыраған, қарақан басын ешқайда сыйғыза алмай өткен байғұс бауырымның салмағын да көтерісті. Жоғары оқу орнына түсуге талпынған іні-сіңлілерімнің емтиханын қалай тапсырғанын қадағалап, оқытушы, ректорға дейін барып, мәселе түйткілін дереу шешетін.
1977 жылы алғаш рет газет редакциясынан пәтер алдым. «Мынадай мінез, қылығыңмен далада қаласың, адамдармен неге жақын араласпайсың, кімсің сен, сонша асқақтайтын, тым құрыса өзіңді бағалайтын аға апаларынды үйіңе шақыр» деп, базарға ертіп барып, өз ақшасына қой сатып әперді. Университетте сырттай оқитын Сәлима сіңлім сессияға келген. Тұтас етті қалай мүшелеп бөлеміз, қойдың басын не істейміз дегендей біз аңтарылып апайға қарап қалдық. Ауылда мұндай шаруаға араласпай, анамызға сеніп дағдылансақ керек.
-Не, сендердің үйлеріңде қой сойылмайтын ба еді, – деді.
Жалпы апайдың үй шаруасын дөңгелетіп жіберетіні ғажап, таң атар-атпаста қазаны қайнап, тамағы пісіп жатады. Міндетті түрде үйінде азық-түлік толып тұруы қажет, дастарханы жиналмайды. Есігін ашқаннан ең бірінші – тамаққа тойып аламыз. Несін жасырайын, үй тірлігіне қырым жоқ, бәрін атқаратын өзімнен кейінгілер, тіпті пәтерімізде әлдеқалай пеш жағылмай қалса, дереу апайдың үйіне тартамын. Қазір есіме түсіп отыр, бірде ауырып, екі күндей жұмысқа бармадым. О кезде телефон жоқ, Мейрамбек інім жұмысқа ерте кетіп, кеш келеді. Қақаған қыс, үй азынап тұр. Бір кезде Фариза апай кіріп келді. Сыртқы киіммен, етікпен төсекте жатырмын. Дереу тұрғызып, үйіне әкетті. Ыстық сорпа, дәрі-дәрмек беріп, жан жылуымен есімді жиғызды.
Осы ғұмырымда маған ең көп ұрысқан – апай ғана шығар.
– Сенімен қатар жүру ұят, – дейді алба-жұлба, әдейі жыртылған джинси шалбар мен түлкі ішігінен сыртқа қаратып тігілген қысқа қамзолыма қарап.
– Ендеше екі-үш қадам кейін жүрейін, – деймін шегініп. Жол бойы кездескендер иіліп-бүгіліп апаймен амандасып сөйлескенше, мен анадай жерде күтіп тұрамын. Кейде машинасымен келе жатқанда, тоқтай қалып, біреулерге арнайы сәлемдеседі, отырғызып межелі жеріне жеткізеді. Әбден жақын араласқандықтан ба, бірде «бұдан былай сен десем қайтеді?» деп сұрадым. Келіскендей сыңай танытты. Содан кейін сен дейтін болдым.
Құрбы-құрдастарым бұған таңырқай қарап, «қалайша біздің көзімізше апайға сен деп сөйлейсің» деп жақтырмады. «Ұялмайсың ба сен деуге, ыңғайсыз екен» дегендер көбейіп, оңашада сен, замандастарымның көзінше сіз деп сызылдым. Мұның өзі талай рет ыңғайсыздық туғызды, кейін біржола сізге көштім, анық қашан екені есімде жоқ.
Осыдан он шақты жыл бұрын қағаздарын ақтарып отырып, арасынан бір тілім хатты «сенің жазғаның ғой» деп қолыма ұстата салды. 1975 жылдың 7 ноябрінде Көкшетауға ұшарда жіберіппін, «…саған ең алдымен денсаулық, сосын творчестволық шабыт, шабыт…тілеймін» деген сөздер бар ішінде. Міне, «сіз», «сен», қайтадан «сіз» деп, Фариза апаның қанаты аясында ең мазмұнды, мәнді жылдарым өтті. Бұ кісіден жасырған сырым жоқ, құлап-сүріндім, сатқындық, зұлымдықтың құрбанына айналдым, қызметтен қуылдым, соның бәрінде қолын созды, жамандықтан арашалады. Құлазып түңілгенімде жігерлендірді, рухтандырды. Мүлдем жұмыссыз қалғанымда «Ақ желкен» журналының орыс тіліндегі «Ай» қосымшасын ашып, орынбасарлығына шақырды.
Менің туыстарыма деген ықыласы да ерекше болды. Ауылдағы анамды іздеп барғанда, «ең алдымен бізге соғуы керек еді ғой, білмей қалғанымыз қалай» деп, аудан басшысының өкінгенін кейін естідім. Келген-кеткен сайын анамызға шапанын жауып, сый-сияпатын аямайтын. Басқалармен араласуды, билік тізгінін ұстағандармен тіл табысуымды қалап, баулығанымен, пәлендей нәтиже шығара алмадым. «Сен өзіңді өлгеннен кейін бағалайды деп жүрсің ғой, адам тірі кезінде көруі керек еңбегінің жемісін» деп, мүшкіл халіме жаны ашып, қанша сүйрегенімен соңынан еруге жарамаппын. Қайбір жылы туған жерім Зерендіде Фариза апай демалыста болып, аудан орталығында кездестіру ұйымдастырыпты. Сол кеште дүйім жұрттың алдында маған қатысты айтқан салиқалы пікірі елден-елге тарап кетті. «Неліктен өздеріңнен шыққан талантты білмейсіңдер, іздемейсіңдер…» деген сөзі әсер етті ме, артынша жергілікті басшылар мені іздеп, өмірімде тұңғыш рет кездесуге ниет етті. Онда да зеренділік жастардың жарыққа шыққан жинағының тұсау кесеріне қосып шақырды.
Көкше өңірін аралап қайтқан алғашқы сапарынан соң айтқаны әлі құлағымда: «Ауыл аймағың, орман-көлің… шошқа сасып, мектеп атаулы орыс тіліне көшіп, ағайын-туғаның орыс боламыз деп жанталасып жатқанда, сендердің қазақша жазамыз деп, бір үйден үшеуіңнің қалайша шығып жүргендеріңе таң қаламын». Үшеуің дегені інім – Қапез, сіңлім – Сәлима университеттің журналистика факультетін бітіріп, мен республи-калық, інім облыстық, сіңлім аудандық газеттерде істейтін кезіміз. Әулеті-міздің жәй-жапсарынан ұдайы хабардар боп, ақыл-кеңесін аяған емес. Ебедейсіз, икемсіздігімнен бәлкім оның ықыласына сай жауап бере алма-сам, бұл енді өз кінәм. Неге екенін білмеймін, аз-кем еңбегімді, жарыққа шыққан туындыларымды насихаттауға, туған күнді тойлауға ешқашан ынталанбадым. Елу жасқа толғанымда достарымды, туыстарымды шақырып, өзі той жасады. «Мұншалық бейшара, сорлы боларсың ба, түкке қырың жоқ, сөйте тұра жанды менсінбейсің, басың тасқа соғылмайынша айтқанымды бір тыңдамайсың…» – деп талай ескертті. Дүниенің шалқып-толқыған талай пайдасын жіберіп алғанымды енді ғана білгендеймін.
Танысқан сәттен жанымды байытып, кез-келген тақырыпта емін-еркін пікірлесетін Фариза көңіл күйінің қандай жағдайында да: қуанышты, ренішті, тіпті ешкімді көруге құлықсыз ба, жадыраңқы әлде түнеріңкі ме… қасында жүретінмін. Сағаттап, тәуліктеп үндемей бір-бірімізбен тіл қатыспағанымызбен бұл мен үшін титтей ыңғайсыздық тудырмайтын. Анасын, үпір-шүпір кішкентай балақайларды бірінен соң бірін қарсы алып, әрқайсысының Алматыға келгендері, ағасы Махиз өмірден өткенде, Мереке екеуіміздің балаларды самолетпен ауылға алып барғанымыз көз алдымда. Дәл сол кезеңде Фариза Оңғарсынова төңірегінде жүрегінде оты бар жастар топтасып, рухани көсем ретінде толыққанды тұлғасы қалыптасыпты. «Сіздің атағыңызды аспандатып, ақындық келбетіңізді жасаған біз» деп күпінетінмін аракідік. Шынымен аға-апалары, қатарластарынан гөрі соңынан ерген іні-сіңлілерінің Фариза әлеміне ықпалы мен ықыласы зор еді. Жанына жалау боп Мереке, Мәди, Әшірбек, Мейірхан жүрді. Бірте-бірте жүздеген, мыңдаған жанашырлары, миллиондаған оқырмандарының іздейтініне қуандық. Алайда Алматыға, әдеби ортаға кірген кездегі шынайы хал-ахуалын бүкпесіз бөліскен, творчестволық ізденісін қатар кешкен әлгіндегі топтың – асау толқынның өзіне дейінгі де, өзінен кейінгілерде де кездеспеген аппақ ниеті ақиық ақын қуатының суалмайтын қайнары болатын. Өзі де мұны сезіп бағалайтын, көрінбей кетсек іздейтін.
Соңынан ілескен өңкей «жалаңаяқтардың», «қорғансыздардың», яғни, біздің қандай да мұқтажымыздың орнын толтырып, кез келген тығырықтан суырып алып шығатын. Жасаған қандай да қамқорлығын солай болуға тиісті деп қабылдайтынбыз. Небір ғажап сәттерді бірге өткердік. Медеу мұз айдынында сырғанадық, Алматы бассейндерінде, Каспий теңізіне шомылып, жүздік. Ұлытау, Маңғыстаудың тау-тасын араладық, табиғаттың тылсымына үңілдік, ешкімге ешқашан айтылмайтын құпия сырларымызбен бөлістік. Орта Азия жазушы қыз-келіншектерінің Ашхабадта болған жиынына екі рет бірге бардық. Нарынқолдағы Мұқағали тойында бірге болдық. Өзін шақырған жерлерге ертіп, көпшілікпен араласуыма тікелей ықпал етті. Қасында жүргенде, мұқтаждықтан құтылып шыға келетінмін.
Билік басында кеудесін керген небір мықтының апайдың алдында ашылып-шашылып, абдырап қалатынын талай көрдік. Жалған мүләйімсіп өтірік айту, көлгірсу мүмкін емес-ті. Фариза мінезіне қатысты талай жұмбақтың ішкі сарайымда тұншыққанын несіне жасырайын. Қаншалықты танып білдім дегеніммен, күні бүгінге шейін таңқалдырып келеді. Сол жұмбақтың жауаптарын шарқ ұра іздеп, енді таптым-ау дегенімше бүрқ-сарқ қайнаған мұхиттың атжал толқындарындай әлгі жауаптардың басылып көтеріле, қайтадан көміліп, сансыз сауалға ұласатыны қызық-ақ. Тұңғыш жолығып, жанарының тұңғиығына сүңгіген сәттен бір мезетте әрі мұздай қалтырып, әрі оттай жандыратын қасиетіне басыбайлы тұтқындалғаным анық.
– Сен бізді мақтап-мақтап, төбеге шығарасың да өзің одан гөрі биік төбеден қарап тұрасың, – деген-ді бірде, бірақ әлі тындырған түгің жоқ, түрің мынау, тірлігің анау…
Көкте шарықтаған қиялымды жерге түсіріп, шындықпен беттестіргенде, сана-сезімім сілкініп шыға келетін. Небір ғажап сәттерді бірге өткердік, Медеу мұз айдынында сырғанадық, қала бассейндерінде, Каспий теңізіне шомылып, жүздік, Ұлытау, Маңғыстау, т.б. тау-тасын араладық, табиғаттың тылсымына үңілдік, ешкімге ешқашан айтылмайтын құпия сырларымызбен бөлістік. Бәрі өтті де кетті.
Қайғылы хабарды естігенде, қасына барып, күте алмағаным үшін өзегім өртенді. Сонау жастық шақта әлдеқалай науқастанса, мейлі түн ортасында ма, жанұшыра жетіп, аяқ-қолына шейін уқалап беретінім еске түсті. Көзалдымнан өміріміздің ең ғажап сәттері тізбектеліп өте шықты. Жан-жақтан телефондар шалынып, өзара көңіл айтып, алды-артындағы қаламгер қыздардың бір де бірінің жасай алмағанын жалғыз өзі тындырғанын көңілге жұбаныш еттік.
Фариза апамызбен біздің толқынның тірегі, сүйеніші, өміріміздің, жастық шағымыздың қызық-қуанышы, мән-маңызы кетіп барады. Алдымыздағы айбынымыз, ар-намысымыз еді. Жас кезімізде бізге пана бола білді. Жақсылығын көп көрдік, тәуліктің қай мезгілінде болсын, үйіне еркін кіретінбіз. Тек маған ғана емес, өлеңді сүйетін, поэзияны қастерлей білетін кез келген қарадомалақтан қамқорлығын еш аямайтын.
Жанында жалау болып Мереке, Мәди, Әшірбек, Абылай және басқалар, «Асау толқынның» мықты өкілдері жүрді. Қазір солардың барлығы – еліміздің зиялы азаматтары. Біздің топтың ерекшелігі – ақын ретінде енді-енді белгілі бола бастаған кезінен білетініміз, дара күндерінің, нала түндерінің куәсі болғанымыз. Талай түнекті, тұманды, дауылды сәттерінде қасында басқаларға қарағанда тапжылмай отыра алатынмын. Төрт қабырғаның ішінде тым ұзаққа созылатын ортақ үнсіздіктен де үйлесім көретінмін. Дәл осындай тылсымды о кісімен басқалар өткерді ме, білмеймін, қандай жағдай кешсек те шынайы, табиғи еді. Асқар Сүлейменов үшеуміз кезекті кітабының композициясын талқылайтынымыз еске түседі, «сендер бекерге бөспей, нақтылы ұсыныс айтыңдар, кемшілігі бар ма…» деп, әңгіме барысында асқан баппен өзі дайындаған қуырдақ, ет пе, қою күрең шай ма, коньяк, шарап па, алдымызға тосып, елгезектікпен жүгіріп жүретініне қалай сенерсіз? Бәрі ертегідей енді…
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
