ҮРМЕЛІ АСПАП ҮСКІРІК

1  260 көрілім

          Үскірік – қазақ халқының ертеден келе жатқан музыкалық аспаптарының бірі. Ол сазсырнай, керней, желбуаз, сыбызғы сияқты қазақтың ұлттық үрмелі аспаптарының қатарына жатады. Ел арасында «үскірік» деп аталған бұл аспапты кейбір аймақтарда «уілдек» деп те атайды.

     Аспаптың ұзындығы – 120 мм, биіктігі – 58 мм, үрлейтін ойығының диаметрі – 7 мм-ді құрайды. Сол жақтағы ойығының диаметрі – 4 мм, оң жақтағы ойығының диаметрі – 5 мм. Айта кетейік, аүскіріктің ойығының саны орындаушының ойнау шеберлігімен байланысты болған. Ойықтың біреуін үрлеп, қалғандарынан саусақтарымен түрлі дыбыс шығару арқылы түрлі музыкалық туындылар орындалады. Тарихымызға үңілсек, үскіріктің сипаты, болмысы, ойналу мен жасалу әдіс-тәсілдері біраз жылдар бойы белгісіз болып кеткен. Қазақтың музыка аспаптарының шығу тарихын зерттеуші-ғалым Болат Сарыбаевтың үлкен еңбегінің арқасында аспап ұлттық аспаптар оркестрі мен фольклорлық ансабмльдерінде пайдалана бастаған. Дәлірек айтсақ, үскірік аспабы қазіргі уақытта «Отырар сазы», «Сазген», т.б. оркестрлер мен ансамбльдерде кеңінен пайдаланылады. Дыбыс ауқымы, яғни диапазоны – екінші октаваның ре нотасынан үшінші октаваның ре нотасына дейінгі аралықты қамтитын бұл ерекше аспаптың эксперименттік жолмен қайта жаңғырғаны  қазақ музыка өнері мен бай мәдениетінің жаңғыруының көрінісі десек артық емес.  Үскіріктің дыбыс бояуы сазсырнайдың тембріне ұқсас келеді.

Саздан жасалатын бұл айрықша аспаптың үні аң-құс, табиғи құбылыстардың дыбысына ұқсайды. Сол себепті де аспаптың тасбақа, түйе, құс секілді пішіндері бар. Тарихи деректерде бұл аспапта балалар ойнап, жеңіл әндерді орындағаны туралы мәліметтерді кездестіруге болады. Өкінішке орай, аспапта орындалған шығармалар сақталмаған. Бүгінгі таңда үскіріктің ұлттық аспаптар оркестрі мен фольклорлық ансабмльдерінде кеңінен қолданғанын айтып өттік. Әсіресе, кең көлемді музыкалық шығармада кездесетін судың сылдыры, желдің уілі, құстардың сайрауы, қамыс-қорған суылы, ағаш-талдың сыңсуы сияқты дыбыстарды үскірікті үрлеу арқылы шығарады. Сан ғасырдан бері сақталған үскіріктің қазіргі жетілдірілген нұсқасында «Елім-ай, «Елігай», «Ақ Баян», «Алатау», «Екі бала», «Ахау, Семей», «Жас келін» сияқты біршама күрделі халық әндерін, сондай-ақ «Қамбар батыр», «Нар идірген», «Кертолғау» сияқты күйлерді орындауға болады.

Бабаларымыздан жеткен бай мәдени мұралары әрқашан бізге үлкен қазына, мирас боп келеді. Ұмытылып бара жатқан үскірік аспабы да келешекте халықтың, өнерпаздардың сүйікті музыкалық аспабына айналады деп сенеміз.  Көнеден жеткен көркем туындыларымызды дәріптеу – баршаға ортақ міндет. Өскелең ұрпақтың өзіндік ерекшелігі бар аспапқа қызығушылығын арттыру маңызды екенін ұмытпағанымыз абзал.

Сандуғаш Алдонгарова,

М.Әбенова атындағы ЖББМ-нің музыка пәнінің мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы