Қазақстан мәслихаттарының ХХІ жылдығына орай, өткен аптаның жұмасында Нұр-Сұлтан қаласында конференция болып өтті. ҚР Парламентінің Сенат Төрағасы Д.Назарбаева, Үкімет басшының орынбасары Б.Сапарбаев, Мәжіліс төрағасының орынбасары В.Божко қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Иә, өткен ширек ғасырда Қазақстанның жеткен жетістіктерінде аймақтардағы халық қалаулыларының қосқан үлестері аз емес.
Ел игілігін еселеу тұрғысында мәслихат депутаттарының еңбегіне оң баға беріп, алдағы уақытта үлкен сенім артылып отырғанын жеткізген Сенат төрағасы Д.Назарбаева өз сөзінде:
«25 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мәслихаттардың тарихы басталды. Бүгінгі конференция – атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға, мәслихат қызметінің перспективалары мен проблемалары туралы айтуға жақсы себеп. Бізге жұмысымыз туралы, халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар туралы байсалды, іскерлік әңгіме қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында “Азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу және олардың іске асырылуын бақылау тетіктерін көздейтін жергілікті өзін-өзі басқару органдарын одан әрі дамытуды қолдау” қажеттігін атап өткенін білесіздер. Енді осы бағытта нақты қадамдар жасайтын кез келді», – деп халық қалаулыларының мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге және өзекті мәселелерді шешуге белсенді қатысуы қажет екеніндігін атап өтті.
Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: «Мәслихат депутаттары әкімдіктермен бірге өз өңірінің, елді мекенінің бюджет қаражатын тиімді бөлуге жауапты. 2020 жылы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржыны игеру облыстық және қалалық мәслихаттарға, тексеру комиссияларына барынша жоғары талап қояды. Қазір елімізде түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 3300-ден аса депутат бар. Оларға қойылатын басты талап – халықпен жұмыс істеуде атүстілік пен салғырттықтан арылу. Өйткені осы жылдың өзінде әкімдіктер мен мәслихаттар қабылдаған 608 құқықтық актіні прокуратура кері қайтарған. Себеп – заң талаптарына сай емес. Сондықтан мәслихаттарды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету негізгі мәселеге айналып отыр. Бірақ бұл салада ештеңе атқарылып жатқан жоқ дегенді білдірмейді», – деген Дариға Назарбаева осы бағыттағы өзге де мәселелерді баяндамасына арқау етті.
Иә, жергілікті басқару ісі бұл жарқын жетістіктерге қол жеткізудің маңызды деңгейі. Сол үшін бүгінде осы бағытқа айтарлықтай өкілеттік берілді. Дәл осы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары халыққа барынша жақын, олар елдің уайымы мен үмітін жақсы біледі. Бұл біздің күнделікті тіршілігімізде кездесіп жатқан жағдай. Мемлекет деңгейінде шешім қабылдаған кезде де аймақтардың, ең алдымен мәслихат депутаттарының ұстанымдары мен пікірлеріне көбірек назар аудару керектігі де бұған дейін қозғалып жүрген мәселелердің бірі еді. Сол мәселе енді ел көлемінде жүйелі түрде ескерілетінін аталмыш жиындағы спикер сөзінен аңғардық. Қысқасы, шалғайдағы халық қалаулыларының әрбір ұсыныс-пікірі ескерусіз қалмайтынын айта кеткен жөн.
Осылайша өрбіген жиын барысында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мәслихаттардың мардымды істерге ұйытқы болатынын өз тәжірибесінде талай кездескенін жеткізіп, депутаттарға алғыспен қатар, жарқын болашақ жолында табандылықпен еңбек етуге шақырса, Мәжіліс төрағасының орынбасары В.Божко өңірлердегі күрмеулі мәселелердің түйінін ағытуда депутаттардың ықпалы зор екеніне тоқталды.
Жиын барысында бірқатар депутаттар марапатталды. Солардың қатарында Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Ғ.Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаты Е.Мұстафаев «Мәслихатқа 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қорыта айтқанда елімізде мәслихаттар туралы заң 1993 жылдың желтоқсанында қабылданған болатын. Ал, оның депутаттары 1994 жылдың 7 наурызында сайланды. Сәйкесінше, дәл осы күн тарихи күн болып есептеледі. Содан бері тура ширек ғасыр уақыт сырғып өте шығыпты. Осы аралықта атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер өңір-өңірде жыл басынан бері талқыланып жатыр. Алдағы жылы жергілікті бюджеттерге 2 трлн теңгеден астам субвенция берілмек. Ел қазынасы-нан бөлінетін қаржының артуы облыс-тық және қалалық мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте ел аманатын арқалаған депутаттар халық игілігі жолында аянып қалмасы анық.
М.ДӘУЛЕТОВ,
Түркістан – Нұр-Сұлтан – Түркістан.