Елордамызда Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік партия филиал төрағаларын жинап, мәжіліс өткізген болатын. Сол жиында партия жұмысын ілгерілету бағытында аса маңызды тапсырмалар берілді. Өңірлердегі мәслихаттардың жауапкершілігін күшейтіп, жұмысын ширатуды тапсырды. Қоғамдағы ең өзекті әрі аса маңызды мәселелерді айқындап, оны шешу жолдарын ұсынды. Кездесу баршамызға тың серпін беріп, жаңа межелерді белгіледі. Жаңа мақсаттар қойылды.
Елбасы ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – партияның 7 серпіні» атты қайта жаңғырту бағдарламасының жалғасы деуге болады. Сол бағдарламаға сәйкес, Түркістан қалалық партия филиалы Саяси кеңесінің мәжіліс барысында 7 бағыт бойынша нақты міндет жүктеген болатын. Түркістан қаласында 8233 партия мүшесі топтасқан 17 бастауыш партия ұйымы жұмыс істеуде. Барлық бастауыш партия ұйымдары әлеуметтік желі арқылы бірыңғай ақпараттық желіге қосылған.
Партияның кадрлық іріктеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қала тұрғындарының арасынан 96 үміткер тіркелді. Үміткерлер арасында қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер, білім, медицина саласы өкілдерімен бірге партия мүшесі емес 23 азамат қатысты. Жастардың үлесі 20 пайызға жетті. Қараша айының 8-12 аралығында 222 кездесу, акциялар, дебаттар басқа да іс-шаралар өткізіліп, барлығы 21 мыңнан астам адам қамтылды. Дауыс беру нәтижесінде 96 үміткердің рейтингісі жасалды. Алдағы сайлау кезінде қалалық мәслихат депутат-тары осы кадрлық резервке өткен тұлғалардан таңдалады.
Елбасы мәслихаттағы сайлауалды партиялық тізімдерге кемінде 30 пайыз әйелдер және 20 пайыз жастар енуі керектігін айтты. Сондай-ақ тізімге халықтың түрлі топтарының өкілдері, елге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуін тапсырды. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Біз бұл тұрғыда шынайы патриоттарды, партияға, елге адал қызмет ететін азаматтарды қабылдаймыз және мәслихаттарға ұсынамыз.
Сонымен қатар, депутаттық фракциялардың жұмысын күшейтуі, қоғамның өткір мәселелерін көтеруге, сайлауалды бағдарламаларды әзірлеуге шақырды. Жыл басынан бері Түркістан қалалық мәслихатында депутаттық фракцияның 10 мәжілісі өткізіліп, 12 ұсыныс әзірленіп, оның 9-і орындалды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – фракция мүшелері түрлі мәселелер бойынша биыл 10 айда 55 жеке қабылдау жүргізіп, 241 азаматтың мәселелері қаралды.
Партия көшбасшысының тапсырмасына орай Түркістан қаласында елімізде алғашқылардың бірі болып, халықпен ашық диалог алаң ретінде «Open Space» форматында Қоғамдық қабылдау кеңсесі ашылды. Партияның ашық алаңында құқық қорғау органдарының басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары қоғамдық қабылдаулар өткізуде. Қай басшының қабылдайтыны алдын ала тұрғындарға хабарланды. Осы жұмыстар нәтижесінде тұрғындардың партияға сенімі арта түсті. Қала көлемінде бүгінгі таңда қоғамдық қабылдау бөлмесі қызмет етеді. Биыл 10 айда Түркістан қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 591 арыз түсіп, оның 328 (55,5%) оңтайлы шешілген. Партия тарапынан қазіргі кезде халықпен кері байланыс жолға қойылды.
Алмасбек ТЕМІРБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.