- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Ұлт ретінде жұтылып кетудің қара бұлты торлаған ауыр саяси-экономикалық жағдайда еліміз өз Тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қадам басқан болатын. Міне, осындай сын кезеңде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел тұтқасын қолына алды. Біздің республикамыз бен халқымыз қиын да қайғылы жолдан өтті. Сталинизм жылдарында Қазақстанда концентрациялық лагерьлер орналасып, оған кейбір халықтар тұтасымен жер аударылды, атом сынақтары жасалды. Космодром мен сынақ алаңдарының да көбі осында. Сырттан 2 миллион адам күштеп көшірілгендіктен көп ұлтты елге айналдық. Тағы 2 миллиондай адам тың көтеруге жіберілді. Бұл – әрине, демографиялық естен тандыру еді.
Бірінші кезекте тәуелсіздік жағдайында мемлекет ретінде қалыптасуға бағыт алу міндеті алға қойылды. Биліктің мемлекеттік институттарын құруға, түрлі деңгейдегі дүниежүзілік ұйымдарға кіруге алғашқы қадамдар жасау ауадай қажет еді. Осы орайда 1992 жылдың басында дүниеге келген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» тұңғыш жоспарлау тәжірибесі болды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жасалған стратегия қазақстандық ұлттың өзін-өзі танып білу жөніндегі мәселенің идеологиялық іргетасын қалаған республиканың тұңғыш ресми құжаттарынның бірі еді.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ғасырға пара-пар маңызды істер атқарылды. Республиканың тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Қазақстан өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар тәуелсіз дербес елге айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Шанқай Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам конференциясына, тағы басқа бірқатар беделді ұйымдарға мүше болды, шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды, шетелдік іскер адамдардың егемен елімізге деген ынтасы арта түсті. Осылардың бәрі тұтас ұлт болашағының алтын діңгектеріне айналды. Ұлттық сананың өрлеуі ұлттық жаңғырудың тұтас жүйесін қозғалысқа келтірді. Осынау ұлы істердің басы-қасында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жүрді, теңдессіз маңызға ие болған сан қырлы игілікті шаралардың ұйытқысы болды. Республикамыз әлемдік дамуда өз орнын алып, оң-солын тани бастаған тұста, яғни 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясы ресми түрде жарияланды. Сол күні Елбасы Қазақстан халқына ең алғашқы Жолдауын арнады. Бұл жыл сайынғы дәстүрге айналды.
Көпұлтты Қазақ елінің тәуелсіздік тұғырындағы ұлан-ғайыр табыстары, еңсесін көтеріп, әлемдік өркениет көшінде өзін-өзі әлемге таныта білуі ең алдымен сан алуан ұлттардың ынтымақ-бірлігінде, тізе қоса қимылдауында десек артық айтпаймыз. Республика халықтарының ұлтаралық, дінаралық, қоғамдық келісім-ынтымағы қалыпты өмір салтына, барлық жетістіктердің қайнар көзіне айналғаны нақты өмір шындығы. Қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттер – кеңпейілдік, дарқандық, толеранттық өзге ұлттармен сыйластық, құрмет сезімінің негізіне айналған. Қазіргі қазақ қоғамындағы өркениетті елдер қатарына шүбәсіз алып баратын бірден-бір жол елдегі тыныштық, сан алуан ұлттар арасындағы өзара келісім болып табылатындығын арта түскен абырой-бедел, «Қазақстан» деген елдің, «қазақ» деген халықтың бет-бейнесі мен өзіндік үнінің асқақтай түсуі, еліміздің Орталық Азия көшбасшысы ретінде таныла бастауы айқын дәлелдегендей. Осы абыроймен көмкерілген ұлы жолда Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев әлем таныған шоқтығы биік тұлғаға айналды.
Кеңестік дәуірде қазақ халқының бастан кешірген ең үлкен қасіреттерінің бірі – өз жұртында жүріп-ақ азшылыққа айналуы. Қазақ тілінің толық мағынасында кең құлаш жаюы үшін ана тілінде сөйлеп, ойлай алатын ұлттық орта қажет. Патшалық-отаршылдық экспансия, сталиндік-голощекиндік геноцид, қуғын-сүргін кезінде қатал тағдырдың тәлкегімен әлемнің түпкір-түпкіріне тарыдай шашырап кеткен қазақтарды атажұртқа қайтару ғана ұлттық ортаны қалыптастырудың ең маңызды шарты болмақ. Өзге елдердегі төрт миллионнан астам қандастарымызды құшағымызға басқанда ғана ана тілімізде сөйлейтін ортаның орнығары анық. Тұңғыш Президенттің пәрменімен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлы көш басталып кетті.
Түркілік дәуірде бабаларымыз ұстанған ислам діні кеңестік дәуірде атеизмнің ұранымен құбыжық етіп көрсетілді. Мешіттер мен медреселер түгелге жуық жабылды, рухани жұтаңдық бел алды. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тұғырына көтерілгенде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінінің гуманизимге толы бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарын барынша дәріптеуге айқын бағыт алынды. Кеңес дәуірінде елімізде 25 мешіт қалса, тәуелсіз елімізде мешіттердің саны 2 мыңнан асты. Ел саясатында дінге кең жол ашылды.
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше Қазақ елінің соңғы онжылдықта әлем мұсылмандарының құрмет-қошеметіне ие болып отырғанын ешкім де теріске шығара алмайды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев діндераралық үнқатысуларға, ортақ келісімдер мен басқосуларға айрықша мән береді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен еліміздің Елордасында жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері қазіргі заманғы діндер арасындағы жаһандық үнқатысудың жарқын да іскерлік көрінісі ретінде әлемдік қоғамдастықтан жоғары баға алуда.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Әлемдік ядролық қарусыздану бағытындағы теңдесі жоқ еңбегі ел Тәуелсіздігінің елең – алаңында, яғни 1991 жылғы 29 тамызда «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойған күнінен бастау алады. Қазіргі таңда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің осыдан жиырма сегіз жылдан астам уақыттағы тарихи Жарлығы жер шарында мойындалып отыр. Сол тұста Елбасының адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға баруын асқан көрегендік пен даналықтың жарқын символы ретінде бағалаған жөн. Қазақ елінің 2010 жылғы желтоқсан айында Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына байсалдықпен табысты төрағалық етуі ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының содан бергі аралықтағы сессияларында ұдайы айтылып келеді. Астана Саммитінде қабылданған Астана Декларациясының орасан зор маңызы лайықты бағалануда. Қазақ елінің әлем алдында танылып, мойындалуының бұдан асқан жарқын дәлелдерін келтіріп жатудың қажеті де бола қоймас.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 2017 жылы сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық рухани өрлеуіміздің нақты бағдарламасы ретінде қабылданғаны баршамызға аян. Елбасының елімізде үлкен серпіліс туғызған «Ұлы даланың жеті қыры» атты кезекті мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қабылданды. Әрбір халықтың баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Идеяның түп төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және тағы басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді» деп ежелгі тарихи жәдігерлерімізді тілге тиек ете келе, мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтынын айтады. Президент «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу барысында ішкі және сыртқы мәдени туризмді өркендету мақсатымен осы қастерлі мұраларға сүйене отырып, мәдени маңыздылығы тұрғысынан келгенде Түркістан мен Алтайдың ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар екеніне баса назар аударады.
«Түркі әлемінің генезисі» жобасы негізінде «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажеттілігіне тоқталған Тұңғыш Президентіміз Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыруды, сондай-ақ Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен түркі халықтарының ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашуды ұсынды. Сонымен қатар, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналатын облыс орталығы – ежелгі Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажеттігіне баса назар аударылып отыр. Адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы.
Қазіргі киелі Түркістанда классикалық философиялық, археологиялық, тағы да басқа бағыттарды кең өріс алдыру үлкен маңызға ие екенімен ешкім де дауласа алмайды. Бұған білім ордасының ғалымдары өз үлестерін қосуға дайын. Олай дейтініміз, ғылыми әлеует бар. Бір таңқаларлығы сол, күні бүгінге дейін Ахмет Ясауи терең зерттелмеген, ұлы ғұламаның жеке өмірі, тарихы жөнінде там-тұмдап қана білеміз. Ясауи музейі қажет-ақ. Сондай-ақ осында жерленген хандарға, батырлар мен билерге арналған ашық аспан музейін іске қоссақ, қала мәртебесінің биіктей түсері сөзсіз. Осы орайда мына мәселелерге де баса назар аударсақ нұр үстіне нұр болар еді. Біз «Түркістан – мұражай қала» концепциясын ұсынамыз. Түркістан атырабында ескі шаһарлар тұтасып жатыр. Дәлірек айтар болсақ, 60 шақырым жерде Арыстанбаб кесенесі, 40 шақырым жерде ежелгі Сауран қаласы, Қаратау бағытына қарай 50 шақырым жерде Үкаша ата, Жылаған ата және басқа да әулиелі жерлер, 40 шақырым жерде Сырдария өзені, жылы су көздері орналасқан. Туризмді дамытуға сұранып тұрған қолайлы аймақ. Демек, қазба жұмыстарын кең бағытта жүргізіп, саяхатшылар тамсана тамашалайтын жағдай туғызу қажет. Ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жаңа сәулет өнерімен үндестіре білсек, қанеки. Осындай игілікті істерді Арыстанбабта, Сығанақ қалашығында, өзге тарихи мекендерде жүргізер болсақ, бұл туризмнің дамуына негіз болар еді. Осы тұрғыдан келгенде, Түркістан мен Қызылорда облыстары әкімдерінің ынтымақтаса отырып, іс-қимыл танытуы маңызды. Қазір оның алғышарттары жасалуда.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде білім-ғылым саласына барынша мән беріліп, жан-жақты жағдай жасалуда. Мұның жарқын дәлелдерін жүздеп келтіруге болады. Осы ретте бір ғана мысал келтіре кетейік. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда бұрын аудан орталығы болып келген шағын қалада Түркістан Мемлекеттік университетінің ашылып, оған ұлы ақын және ойшыл, алғашқы түрік ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі күллі түркі дүниесінде тарихи оқиға еді. Келесі жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы келісім бойынша Түркістан Мемлекеттік университеті түркі дүниесіндегі тұңғыш Халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесіне ие болды. Содан бері арадан жиырма сегіз жылдан астам уақыт өтті. Халықаралық білім ордасы Орта Азиядағы іргелі оқу орындарының бірінен саналады. Қазірге дейін оқу орнынан 80 мыңнан астам жас бітіріп шықты. Олар елімізде және шетелдерде өндіріс, білім, бизнес секілді қызметтің көптеген өзекті салаларында жүр.
Саналы ғұмырын білім және ғылым саласына арнап келе жатқан айтулы азамат Болатбек Серікбайұлы Абдрасиловтың университет басшылығына келуі тың үрдістерге кең өріс ашып отыр. Айталық, Түркістан қаласының облыс орталығы болуы – аймақты дамытуға, инфрақұрылымдық жобалардың қарқынды өсуіне тың серпін беретінін, алдағы уақытта білікті мамандарға деген сұраныс артатынын ескере отырып, педиатрия, құрылыс, архитектура, ветеринарлық медицина, агрономия, қоғамдық денсаулық сақтау, ақпараттық қауіпсіздік мамандықтарын ашу үшін жұмыс жүргізілуде. Сол сияқты «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, оннан астам жаңа бағыттағы пәндер енгізу көзделіп отыр. Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Кентау трансформатор зауытымен тығыз бірлікте жаңа жобалар жасалды. Нақты өндіріс жағдайына бейімделген білікті мамандар даярлау, толық дәрежелі дуальді оқыту жүйесін енгізу мақсатында инженерия факультеті Кентау қаласына көшірілді.
Алдағы тұрған өзекті мәселенің бірі оқытушы-профессорлардың сапалық құрамын талапқа сай жоғары дәрежеге көтеру болып табылады. Оқу орнында 70-тен астам ғылым докторы, профессор, 300-ге жуық ғылым кандидаты, доцент, 200-ден астам ғылым магистрі қызмет етеді. Мұнан тыс Түркияның бірқатар университеттерінен 200-дей профессор кезек-кезегімен келіп, лекция оқуда. Университетте қазіргі кезде 29 ұлт өкілі саналатын 10 мыңнан астам жас білім алуда. Оның ішінде түркітілдес 17 мемлекеттен келген 1200-дей студент пен тыңдаушы бар. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылады. Сондай-ақ барлығы 54 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік болса, 30 мамандық бойынша магистратура, 4 мамандық бойынша резидентура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған. Жыл сайын қазақстандық талапкерлерге Түркия Республикасы тарапынан 500 білім гранты бөлінеді.
Елбасы – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының екінші бөлімінде қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларды қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететіні алға тартылып, таяу жылдары атқарылуы тиіс міндеттер белгіленді. Осы орайда Елбасы ең бірінші қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау қажеттігіне тоқталды. Тұңғыш Президенттің қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы Тәуелсіз еліміздегі ең басты оқиғалардың біріне айналып отыр. Білім ордасының оқытушы-профессорлары мен студенттері латын әліпбиіне көшу – Қазақ елінің рухани жаңғыруындағы жаңа қадам екенін терең түсіністікпен қабылдап, барынша қолдауда.
Елбасының бағдарламалық мақаласында алға қойылып отырған ұлтымыздың рухани жаңғыруына бағытталған таяу жылдардағы міндеттер біртұтас ұлт болуға, мәдени және сана ашықтығына ұмтылуға, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеген ізгі қасиеттерді қайта түлетуге бастайды. Сондықтан да білім ордасы студенттерінің рухани жан-дүниесін байыта түсудің маңызына мән бере отырып, Рухани жаңғыру орталығын ашты. Қазіргі таңда бұл орталық Түркістан облысы мен қаласының тиісті бөлімдерімен бірлесе отырып, өз жұмыстарын жандандыра түсуде. Елбасы «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынына кәміл сене отырып, Қазақ елін мекендейтін әрбір жанның бойындағы туған жерге деген сүйіспеншіліктің Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатынын қадап тұрып айтты. Әрбір қазақстандық өз елінің патриоты болуға міндетті. Патриотизм өз тарихы мен тамырын білумен тікелей байланысты болса керек.
Ежелгі Түркістанда шаңырақ көтерген Халықаралық білім ордасы тек ғылым мен білімнің нәрімен сусындатып қоймай, қалаға көрік беретін үздік сәулеткерлік шеберлікпен салынған оқу ғимараттарымен, оқытушы-профессорларға арнайы салынған коттедждерімен, спорттық сауықтыру кешендерімен, зәулім Мәдениет орталығымен, жатақхана, асхана және кітапхана кешендерімен де ерекшеленеді. Аумағы 160 гектарды алып жатқан таңғажайып ботаникалық бақ та қасиетті Түркістанның көркіне көрік қосып тұр. Үстіміздегі жылы университет қалашығында Түркістан қаласы әкімінің демеушілігімен Рәміздер алаңы мен Түркі бағы пайдалануға берілді. Білім ордасының спортшылары биік белестерді бағындыруда. Спорттың 13 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. Бізде қазақ күресінен 3 әлем чемпионы, бокстан 1 әлем чемпионы, Азия ойындарының 4 жеңімпазы бар.
Сан ұлтты студенттер арасындағы достық білім ордасының қабырғасында жүргенде мәңгілік нығая түседі. Бүкіл түркі халықтары ынтымағының негізі болып табылатын да солар. Олар өзара қарым-қатыныста жүріп, туыстас халықтардың тарихын, мәдениетін және тілін терең ұғынады. Білім ордасының студенттері өзге студенттерден білім сапасымен ғана емес, сонымен қатар патриоттық рухымен де ерекшеленеді. Университет еліміздің нағыз патриоттарын даярлауда. Өз дәуіріндегі білім мен адамгершіліктің жарық жұлдызы, байсалдылық пен салауаттылықтың, адамдардың ар-ұятының символы болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз атындағы Халықаралық университеттің рухани астанамыз – қасиетті Түркістанда шаңырақ көтеруі жастар жүрегін нұрландырады.
Өткен жылдың маусым айында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысының дүниеге келіп, Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы Түркі әлемінде тарихи оқиға болды. Бұрын аудан орталығы болып келген шағын шаһар қазір мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналып келеді. Қасиетті мекеннің жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде Қазақ елі Тәуелсіздігі қарсаңында дүниеге келген Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отыр десек, артық айтқандық емес. Білім ордасы еліміз Тәуелсіздігінің символына, түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениеті мен өнерінің алтын бесігіне айналды.
Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістанның еңбек сіңірген қызметкері, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейінің ғылыми қызметкері.