ӘЛЕМ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА

1  194 көрілім

Тәуелсіздік Туы көгімізде желбіреген күнінен бастап, еліміз үшін жаңа тарих басталғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздін тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болашақты болжай білетін көрегенділігінің арқасында үлкен мақсаттарды алға қойып, заңдылықтың, келісімнің және еліміздің қарқынды дамуының кепілі болған өз Ата заңымыз қабылданып, еліміздің болашаққа бағытын айқындап «Қазақстан-2030», сонымен қатар Қазақстан әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену стратегиялық бағдарламаларын жасап, көпұлтты мемлекетімізді дамытудың даңғыл жолын көрсетті.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас Қазақ мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігінің қалыптасуына, дамуына аянбай еңбек еткен әлемнің казіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымыз елімді қайтсем де дағдарыстан алып шығам деп толғанған болса, казіргі таңда қазақ елін қайтсем жоғарғы деңгейге, жарқын болашаққа жетелеудің жолында жаңа бағдар-бағыттарды ұсынумен келеді.

Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлемде жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы деп танытты. Сарыарқаның жазық даласына ел астанасын ауыстыруға батыл қадам жасады. Қысқа мерзім ішінде Еуразия кіндігінде, Есілдің бойында еңселі қала бой көтерді. Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған елорда еліміздің еңсесін, халқымыздың рухын асқақтатты. 2017 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен халықаралық EXPO-2017 көрмесіне келген миллиондаған қонақтар елордамыздың керемет келбетін, салтанатты сәулетін тамашалады. Біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Қазақ елінің жарқын болашаққа бастар жолын айқындап берген Елбасына халықтың ризашылығы мен айтар алғысы да мол.

Біз үшін XX ғасырдың басты жаңалығы – еліміздің тәуелсіз мемлекет атануы мен оның елордасы болып Сарыарқаның төрінен қазіргі Нұр-Сұлтандай тамаша қаланың бой көтеруі болды.

Ал, киелі Түркістанның түркі әлемінде алатын орны ерекше. Ежелде Түркі халқының рухани астанасы болған Түркістанды қайта жаңғырта отырып, әлемге таныту мақсатында Елбасы бірнеше тарихи шешімдерді қабылдады. Солардың қатарында, егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің ең алғашқы қарлығашы ретінде Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы, қазақ халқының түрлі тарихи кезеңдердің соқпағына түсіп, тарыдай шашылған қазақ жұртының бірінші құрылтайы өтіп, шет елдерден елім-жерім деп аңсап келген делегаттарды Түркістан жеріне табыстыруы, Түркістанның 1500 жылдығының атап өтілуі еді. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен 2017 жыл Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанып, жыл бойы халықаралық деңгейде мәдени спорттық іс-шаралар, конкурстар мен фестивальдер, түрлі көрмелер өткізілгенін тамашаладық.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен рухани астанамыз – Түркістан қаласын өркендету мақсатында 1991 жылғы 6 маусымда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті құрылды. Ал, «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге араға жыл салып, яғни 1992 жылғы 31 қазанда Елбасымыздың бастамасымен сол кездегі Түркияның премьер-министрі С.Демирелдің қолдауымен құрылған болатын. Осылайша, Ахмет Ясауи университеті – түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған тұңғыш білім-ғылым ордасы.

Екі бауырлас елдің басшыларының Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда құруы тарихи оқиға, саяси кемеңгерлік, аталарға тағзым деп бағалауға болады. Бұл университет екі бауырлас елдің білім-ғылым саласындағы маңызды жобаларының бірі және қазақ-түрік достығының символы. XХI ғасырдың ең жағымды жақсы жаңалығы деп Елбасының тарихы тереңде жатқан Түркістан үшін, жалпы қазақ елі үшін деуге болады, теңдесі биік тарихи шешімі Түркістан облысының құрылуы мен орталығын Түркістан қаласы деп белгілеуі еді. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда әлеуметтік нысандарды тұрғызу, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ болашақта әлемнің барлық елінен түлеген Түркістанды тамашалауға келетіндей етіп миллиондаған туристерге жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланы дамытудың мүмкіндіктері жетерлік. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті Түркістанды түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі мол. Яғни, Түркістан облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, түркі әлемінің ғылымы мен мәдениеті және руханиятының ірі орталығына айналады. Осылайша, мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысы ашылып, қазір даму жолына түсті. Мұны ғасырдың ең жағымды жаңалығына санаған жұрт Елбасының бұл шешімін дер кезінде қолға алынды деп қолдау көрсетуде.

Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған тарихи бастамасын жалғастыруды қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістанды дамыту мақсатында қыруар жұмыстар жүргізілуде. Президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Түркістанды қолдау, жаңғырту, жаңарту, дамыту жұмыстарын ары қарай жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары өте қарқынды жүруде.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихы тереңде жатқан Түркістанды әр уақытта назарында ұстап, оның экономикасының, мәдениетінің, сәулетінің көтерілуіне қамқорлық жасап келгеніне халық дән риза. Түркістандықтар үшін Елбасының еңбегі ерекше. Университет ұжымы, ардагер ұстаздары мен жастары қазақ елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен кемеңгер Тұңғыш Президентіне шексіз ризашылығын білдіреді.

Балғабай НАҚЫПОВ,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті з.ғ.д.,

профессор, университет ардагерлер ұйымының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы