- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Тәуелсіздік тәңір сыйы. Қазақ елінің басты байлығы – бостандық. Бостандық ата-бабаларымыздың жылдар бойы аңсаған арманы. Осынау тәуелсіздік жайлы сөз болғанда әрбір адамның бойын қуаныш, мақтаныш сезімі билейді. Тәуелсіздік жолында қазақтың талай ұлтжанды азаматтары қыршынынан қиылды. Жазықсыз өмірден ерте озды. Олар халқына қуаныш сыйлады, бірақ сол қуаныштың дәмін өздері тата алмады. Есесіне біздерге тәуелсіздік деген бақыттың дәмін сездірді.
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 28 жыл. Жиырма сегіз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Тәуелсіздік жылдары еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Әлем елдері көз тіккен қарқынды дамыған, үлгілі мемлекет болып қалыптастық.
Елбасымыздың жасаған салиқалы саясатының арқасында экономикасы дамыған, шаңырағы биік, керегесі кең елге айналдық.
Табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың мүшесіне айналып қана қоймай, табысты оқиғалар мен тарихи кезеңдерге де бастамашы болдық. Өсіп-өркендеген және қуатты Қазақ елі Елбасы бастаған жаңғырулардың мақсаты мен мазмұны болды. Еліміздің нығайып халықаралық беделінің өскенін көрген әрбір ел тұрғынының кеудесінде мақтаныш сезімі пайда болды. Тарихты жасайтын тұлғалар тағлымы өскелең ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашып қана қоймай, әлемдік өркениеттің дамуына да ықпал етті.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға қол жеткізілді. Қысқа мерзім ішінде еліміз көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға көңіл бөлді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның халқы өсіп, өмір сапасы мен азаматтардың денсаулығының жағдайы жақсарып, өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа жетті. Елде жоғары білікті мамандар үлесі артуда. Елімізде арнаулы зияткерлік мектептер, кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту жөніндегі университеттер құрылды. Қазіргі таңда дамыған елдердің үздік білім беру үлгі-қалыптарына қарай батыл қадам басып келеміз.
Біз – бейбіт елміз. Ешбір елге қатер төндірмей, баршаға құшағын бірдей жайған дос бола отырып, Қазақстан әлемдегі жетекші елдер қатарынан лайықты орын алды. Осының бәрі кезінде ата-бабаларымыз аңсаған, ұлтжанды азаматтарымыздың қанымен, жанымен келген тәңір сыйы- Тәуелсіздіктің арқасы. Егемен еліміздің ұлық мерекесіне айналған Тәуелсіздік күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын.
Ұлбосын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВА,
Н.Оңдасынов атындағы музейдің меңгерушісі.