Жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновпен кездесті. Кездесуде руханият саласындағы мәселелер қозғалды. Сонымен бірге Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Қылует» рухани-мәдени орталығынан ҚМДБ имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институтын ашу бастамасы талқыланды.
– Түркістан – киелі жер, рухани орталық. Түркістанға жылына кемінде 3-4 рет келмесек, сағынып қалатынымыз бар. Осында қолға алынған бастамалар Қазақ еліне тарайды. Жаңа жылды қасиетті Түркістандағы игі істермен бастап отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгін шаһарда жаңа мешіт бой көтерді. Сонымен бірге облыста салынып жатқан медресенің іргетасын қалау рәсіміне және бір медресенің ашылуына қатысып қайттық. Қазіргі таңда демеушілер есебінен «Қылует» рухани орталығы салынуда. Оған тікелей қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін Сізге, барша демеуші азаматтарға Муфтияттың және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін. Осы институт имамдарымыздың білімін жетілдіретін орталыққа айналады деп сенеміз, – деді Наурызбай-қажы Өтпенов.
– Шаһарда Ислам институтын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Жастар тәрбиесі, руханият саласындағы игі бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу бағытында халықаралық деңгейде конференция өткізуді де қарастырайық. Қазақтың руханиятын, Түркістанның тарихын дәріптеуде бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді Дархан Сатыбалды.
«Қылует» рухани-мәдени орталығында Көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, ҚМДБ имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институты салынуда. 100 орынға арналған дәрісхана, 60 орынға арналған кітапхана, 120 орынға арналған жатақхана, 60 орынға арналған асхана салу көзделген. Бұл ірі жобалар демеушілік есебінен жүзеге асады.
Бүгінде Түркістан облысындағы мешіттерде мыңнан астам діни қызметкер бар. Ал 5 өңірде 2 мыңнан астам өкіл қызмет етеді. Аталған рухани орталықта Қожа Ахмет Ясауи еңбектері мен ғибратты хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының дін саласында қызмет атқарып жүрген имамдардың білімін жетілдіру көзделіп отыр. Сонымен бірге имамдарға терең білім беру, тарихты, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін арттыру да жоспарланған. Дін ғұламалары мен теологтар дәріс береді.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы мен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Қылует» рухани орталығының және орталық құрамындағы Ислам институтының құрылыс барысымен танысқан болатын. Орталық биыл ашылады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, сол күні қалада 300 адамдық мешіт ашылды. Ашылу салтанатына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов қатысты. Мешітті салуға «Үлес» қайырымдылық қоры және тұрғындар мен кәсіпкерлер демеуші болған.
Сонымен қатар келесі күні облыстық «Фараб» әмбебап кітапханасында «Ислам және дәстүр құндылығы» республикалық конференциясы өтті. Маңызды жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, теологтар, дін ғұламалары және дін саласының өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары руханият саласындағы жұмыстардың маңызына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мазмұнды баяндама жасады.
– Жаһандану заманында әлемдік сын-қатерден сақтанудың дара жолы – дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Біз қазіргі әлемдік сын-қатерді ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Өздеріңіздің қатысуларыңызбен алғашқы жиынымызды жақсы ниетпен әулиелер мен хан-сұлтандарымыздың мәңгілік мекені болған рухани астанамыз – Түркістан шәрінде өткізіп отырмыз. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған. Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда. Әрине, мұндай сәттерде имамдарымыз қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазір жастар арасында электронды темекіге, құмар ойындарға тәуелділік, өрімдей қыздар арасындағы ерте жүктілік сынды мәселелер үлкен дертке айналды. Имамдар бұған қатысты жұма намаздарында уағыз айтып келеді. Бабалар ұстанған сара жолды жалғастыру біздің басты міндетіміз болып қала береді, – деді Бас Мүфти.
Конференция барысында Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов, «Нұр-Мүбарак» ислам университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатран, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, профессор Досай Кенжетай, академик Саттар Мәжитов, Қ.А.Ясауи ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова қатысып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар тақырып аясында ғалымдар мен мамандар ойлары ортаға салынып, ұсыныс пікірлер айтылды.
Республикалық басқосудың негізгі мақсаты – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жариялануына орай, аталған тақырыпты кеңінен насихаттау. Сондай-ақ бұл рухани насихат жұмыстары Түркістан облысынан бастау алып отыр.