«САТТАР ҒҰМЫРЫ – ҒАСЫР ТҰНЫҒЫ»

4  773 көрілім

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап – ғылыми кітапханасы мен Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің ұйымдастыруымен аққан жұлдыздай жарқ етіп өткен тума талант, 23 жылдық қысқа ғана ғұмырында соңына мол әдеби мұра қалдырған жазушы, сыншы, публицист, Қазақстан Комсомолы сыйлығының иегері, отты Отырардың тумасы Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Саттар ғұмыры- ғасыр тұнығы» атты еске алу кеші болып өтті.

Кешке ардагерлер Қуанышбай Өтепберген, Кеңес Мәрсәлі, Хамза Пәйізұлы, «Бітімгер» медиатор қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім, ақын Әйгерім Жұмабаева, ұстаз Роза Жұмабайқызы, «Оңтүстік Қазақстан» гезетінің тілшісі Бауыржан Ерман қатысып, Саттар тағдыры туралы ойларын ортаға салды. Тағылым-тәлімі, әдеби, мәдени, ұлттық құндылығы мол кешке жалпы әдебиет сүйер қауым, мектеп оқушылары мен ұстаздары, ресми және қоғамдық ұйым өкілдері, еңбек ардагерлері қатысып, халқымыздың маңдайына бақ болып біткен перзенттің өмір жолы мен шығармашылығы туралы өздері де әңгімеледі, өзгені де тыңдап, жан-жақты мағлұмат алды.

Жиынға қатысушылар қарымды қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап көрді. Көптеген тың деректерге қанықты. Мысалы, Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Роза Жұмабайқызы Саттар Ерубаевтың әдебиеттегі жаңа қырлары туралы, қазақ әдебиетіне баллада жанрын әкелгендігі т.б. тың деректер жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, Гүлжан Мұратқызы басқарып отырған №7 С.Ерубаев атындағы және Жаңыл Әнішқызы басшылық ететін №8 Нәзір Төреқұлов атындағы мектеп оқушыларының бұл күнгі іс-шараға асқан ыждаһатпен, тиянақты дайындықпен келгендігін ерекше атап өткен ләзім.

Жазушы аталарының атындағы мектеп оқушылары Қалихан Жібек, Оспанова Аружан, Қамысбекова Аружан, Қалжан Ардақты ақын шығармашылығы мен өздерінің өлеңдерін мәнерлеп оқыса, сурет пәнінің мұғалімі Айгерім Анарбаеваның оқушылары Мұхаммед Диана, Мұхтар Әсел, Сайлаубек Мұхаммед, Жақсыбек Нуриддин С. Ерубаев өлеңдеріне тақырыптық сурет салып қана қоймай, көпшілікке салған суреттерінің мән-мазмұнын түсіндіріп, өз жобаларын сәтті қорғап шықты.

Сондай-ақ №8 Нәзір Төреқұлов атындағы мектеп ұжымы да аталған іс-шараның мазмұнды өтуіне белсене атсалысты. Білім ордасының зерек оқушылары Пернебаев Нұрахмет, Кәрібай Ердәулет, Сәрсенов Бағдәулет, Қуанышева Медина Саттар ақын өлеңдерін және өз арнауларын нақышына келтіре оқыды.

Еске алу кешіне қатысқан оқушылар қосылып ән шырқады. Аметжан Ақбота «Саттар аға» әнін орындады. Еске алу кешін «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері Динара Сазанова кәсіби шеберлікпен жүргізіп, Гүлзипа Бексұлтан да өз үлесін қосты.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы