ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ НАСИХАТТАЙТЫН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

172 көрілім

Облыс орталығында кезекті рухани кеш өтті. “Тәлім-тәрбие тектілік туы” тақырыбында өткен басқосуда қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық Ардагерлер алқасының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлы және зиялы қауым өкілдері жиналды.

Жиында қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Мекенхан Қозыханұлы сөз алып, қала басшысының мерекелік құттықтауын жеткізді.

Келесі болып сөз сөйлеген Жарқынбек Құлбайымбетов бала тәрбиесіндегі қазақтың салт-дәстүріне тоқталды. Сонымен бірге, Мұхаммеджан Ергешбайұлы іс-шараның маңыздылығы мен мақсатын жеткізді.

Шарада елге танымал сала өкілдері, атап айтқанда, дінтанушылар: Нұрлан Асанов, Алау Әділбаев, Мәдіхан Тажиев пен ақын Жәкен Омаров және Тәттімбет Керей келушілерге тақырып аясындағы ақпараттарымен бөлісті.

Жиын соңында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры өнерпаздары ұлттық тәрбие аясында арнайы дайындалған қойылымын ұсынды.

Расында да, ең құнды тәрбие – ұлттық тұрғыдан берілген тәрбие емес пе?! Сан ғасырлар бойы сараланған асыл құндылықтарға шынайы ізеттілік пен моральдық тұрғыдағы тәлім қосылса құба-құп болар еді. Халықтың дана өмір салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар жиынтығы қашанда маңызды рөлге ие. Осы себептен ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік.

Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланыс­ты екені сөзсіз. Ол екеуін бір-бірінен ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Ал­дың­ғы толқын «келместің кемесіне» мініп кеткеннен кейін елдегі барлық жауапкершілік түгелімен сол дәуірдің буынына түсетіні біз айтпасақ та белгілі жайт. Ендеше, ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ісі бүгіннен кешікпеуі керек. Сонымен қатар оларды өмірге бейім, заманауи сауатты, жан-жақты қабілетті қоғам мүшесі болуға да талпындыруымыз керек.

Иә, әлімсақтан біздің қазақ жұрты рухани зор байлықтың мұрагері болып саналады. Әлемнің бірде-бір елінде жоқ бай ауыз әдебиеті мен мол фольклоры – ойдан шығарыла салынған дүние емес. Көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап бүгінге дейін аман-есен алып келген ата-бабамыздың жанкештілігі әр ұрпақтың жадында жаңғыруы қажет. Сан ғасырлар бойы күмбірлеген күйі, әуелеген әуезді әні, асқақтаған айтысы, таңды таңға ұрған эпостық жырлары, шешімі шебер шешендік сөздері, мақал-мәтелі мен жұмбағы, жаңылтпашы мен өтірік өлеңі, қоржыны ортаймаған қара өлеңі, ең бастысы, қасиетті тілі қаншама қазақ баласын адами қалыпқа салып, бүтіндей ұлтты қалыптастырып шығарды десеңізші…

Қазіргідей заманда ұрпақтың бо­йына қайырымдылықтың, ізгіліктің дә­нін сепсек деп ойлаймыз. Ал оның бар­лығы ұлттық тәрбиемізден бастау алатынын кейде естен шығарып аламыз. Ендігі бөлек Еуропаның, белдігі бөлек Батыстың мәдениетін жоғары санап, соған басымдық беріп, ұлттық тамырынан ұзап бара жатқан ұрпақ өз арамызда өріп жүр. Соларға салт-дәстүр, таным-түсінігімізді барынша сауатты түсіндіріп, ортамызға қайта оралту міндеті тұр алдымызда. Расымен де, қасиетті Отанды сүю қазақтықтың өзін сүюден бастау алуы керек. Қазақи орта үшін әуелден тән қасиет үлкенді қадірлеу, қонақжайлылық, қоршаған ортаға құрметпен қарау, туысқандық тығыз байланыс орнату, балажандылық, еңбексүйгіштік, жан-жануарларға жана­шыр­лық таныту тағы да басқалары – біздің тұрмыс-салтымызбен тығыз байланысты дүниелер. Отбасындағы орны бөлек дәстүрлеріміз бен салттарымыз да шаңырақтың шайқалмай берік болып, балалардың бақытты өсуіне мүмкіндік береді. Алдымен ата-ана өз баласына ата-баба салтын сіңірудің алғышарттарын жасаса, қалғанын білім ұялары қостап әкетуі керек-ақ. Сонда ғана елін, жерін сүйетін шынайы патриоттар қатары молая түседі.

Бізге етене таныс тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжы­рымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық бола­ша­ғы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпыазаматтық мәде­ниет­ке аяқ басып, өз халқының мәде­ни игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің тағдыры мен талап­та­­рын объективті факторлар ретінде ұсы­нып, сол арқылы ұрпақты өмірге бейімдеп, оларды жинақталған тәжірибе негі­зінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» деп жазылған екен. Бұған көп нәрсені алып-қосудың өзі артықтау.

Шынтуайтында, жас ұрпақты әдеп­ті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәр­­биелеу үшін ең алдымен тәр­бие ере­же­­ле­­ріне тірек арта отырып, ұлт­тық дәс­түрі­мізді, әдет-ғұрпымызды, дәс­түр­­лі діні­мізді, ата-бабаларымыздан қал­­ған мұ­раларды олардың саналарына сіңіре білуіміз қажет. Ел болашағын туған жерді, Отанын сүйіп, оны қасық қа­ны қалғанша қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адам­гер­­шілік сананы қалыптастыру –әр отбасы мен азаматтарының міндеті. Тәр­бие­нің қайнар көзі ата-бабамыздан қал­ған даналық сөздер десек, біз – сол на­си­хаттың қолданушысы әрі қор­ғау­шы­­сымыз. Ендігі жерде елді сүюді ең асыл қасиеттің бірі деп бағаласақ, онда ұлттық тәрбиенің басы бүтін көрініс табуы тиіс-ақ.

Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі.Бүгінгі қыз –ертеңгі ана,ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім,тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата –ана және қоғам.

Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру проблемасы әріптестік педагогиканы талап етеді. Және мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие үрдісі өз жемісін нәтижелі бере бастайды.

Ынтымақ бар жерде тәрбие де бар. Ынтымақ бар жерде береке, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Ал сол жастар «рухани» байлықпен қылаптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектеп проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп атсалысуы қажет

Баланы тәрбиелеу үшін ата- ана өздері белгілі деңгейде тәлімді, үлгілі, өнегелі болуға тиіс.Әке- шешесі бұзық болса олардан тәлім алған бала жөнді болмайды. Алдыңғы арба қалай жүрсе соңғысы да солай жүреді демекші солардың кебін киеді. Сондықтан бала тәрбиелеймін деген кісі ең алдымен өзін өзі тәрбиелегені жөн. Ақылды да парасатты болу -тәрбиеге тығыз байланысты. Ақылды адам өмірден алған сабағы арқылы білімді келеді.

Сіз балаға жөн сілтемесеңіз де ол сізге қарап өседі,әрі істегеніңізді қаз қалпынша жасайтын болады. Бала тәлім -тәрбиені тыңдау,қимыл іс әрекетті көріп соған еліктеу арқылы алады деген сөз. Тәрбиесіз баланы тәрбиелеу оңай. Ал,жаман тәрбиелі пендені түзетіп қайта тәрбиелеу өте күрделі.

Баланы жақсы мен жаманды, бұрыс пен дұрысты толығынан айыра білетін етіп тәрбиелеу үшін біршама игі жұмыстар атқарылуы сұралады.Ең алдымен бала тәрбиелеуші ата- ана өзіне мән беруі жөн сияқты.Өте қатал болсаңыз балаңызды ренжітіп жүрегіне қаяу саласыз.Егер өте мейірбан болсаңыз балаңыз момын, ынжық болады. Егер балаңызды қараусыз жіберсеңіз қоғамға да өзіне де зиян болуы мүмкін. Яғни өз бетімен кеткен бала басқаға еліктеп жаман тәрбие алатыны бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы