Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев 2023 жылдағы 10 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Ерболат Балғабаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері департамент өндірісінде барлығы 103 қылмыстық іс болған. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде экономикалық контрабанда фактісі бойынша 10 қылмыстық іс анықталып, барлығы сотқа жіберілген. Оның ішінде, 6 есірткі контрабандасы мен 400 мың литр көлемде жанар-жағармай материалдарын заңсыз шекарадан шығару арнасының жолы кесілген.
– Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру саласында 14 қылмыс анықталды. Оның 11-і сотқа жолданды. Сонымен қатар «Tik Tok» әлеуметтік желісі арқылы да заңсыз ойын қызметі фактісі анықталып, 13 ойын залының жұмысы тоқтатылды. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында бюджет қаражатын жымқырудың 30 дерегі анықталды. Жер қатынастары саласында 2 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – деді Ерболат Темірболатұлы.
Бұдан бөлек республика көлемінде алғаш рет лудоманияға және қаржылық пирамидаларға қарсы қысқаметражды көркем фильмдер байқауын өткізу жоспарына да тоқталды. Брифинг соңында Ерболат Темірболатұлы журналистер тарапынан бірнеше сұрақтарға жауап берді.
– Біз барлық азаматтарға ашық екенімізді бүгінгі алаңды пайдаланып жеткізгім келеді. Өңір тұрғындарын «қоғамның өзекті мәселелерімен бірлесіп күресейік» деген ұранмен жұмыс жасауға шақырамын, – деді департамент басшысы.
Дәурен ТІЛЕУХАН.