ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА БИЛЬЯРДТАН ЖАРЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

389 көрілім

Созақ ауданында ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында бильярдтан жарыс өтті. Аудан орталығындағы «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік орталығында өткен спорттық сайысқа 70 жасқа дейінгі және 70 жастан асқан қариялар екі топқа бөлініп өзара бақ сынасты.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне арналған турнирді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, қарияларға ізгі тілегін арнады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жарыстың шарттарымен таныстырып, қатысушы ардагерлерге сәттілік тіледі.

Аталған спорт сайысында ардагерлер турнир басталған сәттен дәлдік пен ептіліктерін көрсетіп, жақсы ойын өрнегімен жарыс көрігін қыздыра түсті. Жарыс жеңімпаздары арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетейік, бильярд ойынының қашан және қайда пайда болғанын ешкім нақты айта алмайды. Болжам бойынша отаны Азия деп саналады, ал Еуропада ол кейіннен пайда болған. 1469 жылы Анри де Винем атты шебердің француз королі Людовик ХІ арнап бильярд үстелін жасағаны туралы құжаттар сақталған. «Шар» деген мағынаны білдіретін «Бильярд» сөзі бізге Франциядан келген. 1812 жылғы Отан соғысы кезеңінде бір орыс ол сөзді «шарокат» деген орыс сөзіне ауыстыруды ұсынған. Алайда бұл идея қолдау таппаған соң, ойын атауы сол күйінде қалған. Барлық спорт түрлерінің ішінде ең алғаш бильярдтан әлем чемпионаты ұйымдастырылған. Әлемнің барлық мықты ойыншылары АҚШ-та жиналып, тегі Гарнье деп аталатын франциялық бильярдшы чемпион атанған. Ол кездері француздар бильярдтан көшбасшы саналған. Бір жыл өткен соң Нью-Йоркте «Америка шебері» деп аталатын турнир өтеді. Алайда атауы солай болғанымен, американдық емес, ХХ ғасырдың басында Париж бильярд академиясына басшылық еткен париждік Виньо жеңіске жетеді. Бильярдты кез келген жастағы адамдар ойнай береді. Мысалы, 1980 жылы әлем чемпионатында 67 жастағы Фрэд Дэвис атты ағылшын жеңіске жеткен. Ал оның отандасы 17 жастағы Джимми Уайт 1979 жылы әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған. Ал Стиви Стар бильярд ойнаудан жеңіске жетпегенімен, бильярд шарымен жасаған таңқаларлық трюгі үшін Гиннес рекордтар кітабына енген. Стиви шарды жұтып, қайта шығара алатын болған. Сол қасиеті үшін оны «адам-шаңсорғыш» атап кеткен. Сапалы бильярд үстелі көп жылдар бойы қызмет етуге жарайды. Жақсылап күткен жағдайда, әрине. Аздаған уақыт бұрын өткен аукционға жүздеген жылдар бұрын белгілі америка жазушысы Марк Твен бильярд үстелі қойылған. Ол осы ойынның нағыз жанкүйері болған және оның періштедей мінезін бильярдтың құртқаны туралы да жазған. Бильярд ойыны шығармашылық адамдары арасында да аса танымалдылыққа ие болған. Мысалы, белгілі орыс классигі А. С. Пушкиннің де өз бильярд үстелі болған. Л. Н. Толстой да бұл ойынға қатты құмар болған. Ал В. В. Маяковский осы ойыннан әжептәуір сома ұттырған. Бильярд ойынын Америкада 1801-1809 жылдары билік еткен Президент Том Джефферсон да өте қатты жақсы көрген. Жақсы көргені соншалық, штат аумағында бұл ойынға тыйым салынса да, тыйымды бұзған адам екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін болса да, өзінің жекежайында бильярд үстелін орнатпақ болған. Бильярдтан бөлек Джефферсон шарап жасаумен және аспаздықпен әуестенген. КСРО-да бильярд өте танымал болған. Құмар ойындарға тыйым салынғанымен, бильярдты ақшаға ойнаған. Бір қызығы, Кеңес Одағында бұл ойынның үстелін темірбетоннан жасамақ та болған, алайда соңында бұл идеядан бас тартқан. Бильярд бұрын үстел үстінде ойналмаған. Ұзақ уақыт бойы бұл ойын таза ауада, көгалда ойналған. Үстел бетін жасыл түсті ету содан қалса керек. Басқа да түстер қолданылғанымен, арасындағы ең көзге жақыны да, танымалы да – жасыл түс. Партия кезінде ойыншы кий таяғын борға ұқсас затпен ысқылайды. Ол шын мәнінде де бор, бірақ мектептегі оқушылар мен мұғалімдер қолданатын бордан айырмашылығы бар. Бильярдқа арналған бор үстел бетіне жағылмайды. Оның құрамы 1897 жылы патенттелген. Мұндай борды жасаумен кәсіпқой бильярдшы Уильям Спинкс және химик Уильям Хоскинс бірнеше жылдар бойы айналысқан. Бильярд сөзін қазақшаға тәржімелегенде ball – «шар немесе доп», yerds – «таяқ» дегенді білдіреді. Шындығында шар, доп делінгені болмаса бильярд шары тас секілді ауыр. Сондықтан да шартасты таяқпен түртіп бұрышқа тоғытып ойнайтын болғандықтан бильярдтың табиғатына «тастаяқ» деген балама тым жақын. Қазақ жеріне осы тастаяқтың «тастай батып, судай сіңгеніне» де біраз болды. Шарымызға шаң, кийімізге кір жұқтырмай жүргенімізбен, еліміздегі тастаяқтың тарихына үңіліп көрдік пе? Әрине, жоқ. Сонда тастаяқты Қазақстанға әкелген кім? Кей деректер тастаяқты қазақтың тұла бойы тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов әкелді десе, енді бірі Орта Азия халықтарының мәдениеті мен тарихын зерттеуші, этнограф, белгілі саяхатшы, қазіргі Алматы, сол кездегі Верныйдың тұңғыш генерал-губернаторы Григорий Колпаковский «көшіріп әкелген» деседі. Қалай десек те бұл екі есімнің қатар аталуына себеп те жоқ емес. Себеі сол Ш.Уәлиханов пен Г.Колтаковский екеуі де Омбыдағы батыс-сібір генерал- губернаторлығында адъютант боп қызмет еткені белгілі. Бұл кезінде I-ші Петрдің өзі аттай қалап алғызған «ақсүйектер ойыны» – тастаяқтың Ресейде тамыр жайған шағы еді. Демек ақсүйек тұқымынан шыққан Шоқанның «ақсүйектер ойынына» аңсары ауса айып па екен дейміз ғой баяғы. Ал Колпаковскийге келсек, Алматыдағы алғашқы тастаяқ үстелі сол кездегі қала басшысы¬ – соның ғана үйінде болған екен. Қала берді, Қазақстанға жер аударылған большевик Лев Троцкийдің 1928 жылы өзімен бірге вагон-вагон тастаяқ пен оның асай-мүсейлерін тиеп әкелгенін көргендер де бар екен. Өзі тамаша ойнап қана қоймай талайларды тастаяққа тарта білген де осы Троцкий екен. Соның арқасында оңтүстік астанадағы екінші үстел пайда болыпты. Түптеп келгенде аталған ойынның бізге орыс жерінен ойысқанына ойланудың өзі артық. Оған себеп кезінде Жетісу уезінің генерал-губернаторы болған фон Кауфман мен оның айналасындағы орыс шенеуніктері тастаяқтан Верныйда офицерлер арасында бірнеше рет турнир ұйымдастырғаны туралы да мәліметтер сақталған. Рас, Қазақстанда тастаяқ тез таралды деуге болмас. Өйткені о тұста жазушылар, әртістер, әскерилер болмаса кий ұстауға кез келгеннің қолы жете бермейтін. Зиялы қауымның үлесіне жазушылар, офицерлер үйіндегі үстелдер тисе, басқа бильярдсүйер бұқара М.Горький атындағы орталық демалыс саябағындағы үстелдерді місе тұтты. Ол жерде жиырмаға жуық үстел бар деген аты болмаса, оның көбі «көбесі сөгілген» көне болатын. Дегенмен осы жиырма үстелге жарты қала жиналғандай еді. Ол аз десеңіз, Панфиловшылар саябағындағы жалғыз үстелді жағалайтындардың саны бұдан да асып түсетін. Оған себеп те жоқ емес. Жалқы үстелдің жалғыз «қожайыны» – КСРО-дағы ең ұзын баскетболшы Увайс Ахтаевтың ойынын тамашалағысы келетіндердің қас қарайғанша қарасы үзілмейтін. Тіпті бойы 2,32 метр атақты алыптың ойынын қызықтаушылар қара күзге дейін қарақұрым жиналушы еді дейтіндер де бар. Көз ұшындағы себетке допты дөп түсіретін баскетболшыға үстелдің екінші ұшындағы шарды киймен түртіп кіргізу түк емес-тін. Атақты Ахтаев ұстаған киймен «танысып» көргісі келетіндердің өзі бір төбе болады екен. Жиналған жұрт өздерінің сырықтай болған сүйікті ойыншыларын сырамен сыйлайтын. Көпірік атқан дәу күрешке Увайстың күректей алақанындағы кеседей-ақ көрінетін… Кеңес Үкіметі кезінде тастаяқ спорттан ауылы алыс жатқан криминалды ойын саналғанымен оған қызыққандардың қатары күн санап артып келе жатты. Олардың арасында танымал адамдар да болды. Мәселен, қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің тастаяқты тамаша ойнағанын бүгінгі көзі тірі аға буын жыр ғып айтады. Тіпті «қазақ бильярдыныың Корольі» атанған Ғабең Жазушылар үйіне тастаяқ үстелін қойғызған екен. Қазір де аты аңызға айналған «Абылайхан даңғылындағы ақ үйде» (Жазушылар Одағын М.Айтқожина осылай атайды) тізілген төрттабан тастаяқ үстелдері бар. Ал ол клуб Ғабеңнің атымен аталады. Сол жерден әзіл жарастырып қана қоймай, кий қағыстырып жатқан қаламгер қауымды көру қиын емес. ** Жеті рет көздеп, бір рет ұр! «Бильярд – қозғалыстағы шахмат!» Анау заманнан қалған бұл афоризмнің тастаяқтың тумысы бөлек ойын екен аңғартса керек. Кім біледі, бұла күш қана емес, кемел ақыл-ойдың иесі батыр Бауыржанды баураған да бильярдтың осы қасиеті шығар. Қисын мен қозғалысқа құрылған ойынның қызығы да сонда. Қазақстанда кең етек жайған тастаяқтың түрі – орыс тастаяғы (русский бильярд). Бұл бильярдың басқа түрлеріне қарағанда едәуір қиын түрі. Көздеген шарыңды бұрышқа бағыттап ұруға болмайтын «өлі аймақтары» көп, сондықтан да шеберлікті ғана емес, логикалық ойлауды талап етеді. Қазіргі уақытта орыс тастаяғының өзі үш түрге бөлінеді: орыс пирамидасы, мәскеу пирамидасы және американдық. Тастаяқтың төресі – «орыс пирамидасы». Ең қиыны саналатын бұл ойынға 1-ден 15-ке дейін нөмірленген он бес шар мен ерекше түстегі нөмірсіз бір шар (биток) қатысады. Басқа шарларды тек нөмірленбеген өзге түсті шармен ұрады. Ойынның мақсаты – бірінші болып 71 ұпай жинау (шардың нөмірлеріне орай). Тек ең бастысы ойыншы ертерек ойынға қосатын шар мен лузаны көрсету шарт. «Мәскеу пирамидасы» орыс тастаяғының ережелеріне сай ойналатындықтан пәлендей қиын ойын деуге келмейді. Мұнда тек ойыншы-шармен (биток) қалған сегіз шарды ұрып бұрышқа кіргізу. Ұпай жинамай-ақ. Ойыншы-шар лузаға кіріп кеткен жағдайда қарсылас көрсеткен басқа шарды алуына тура келеді. Ал «Американдық» деп аталатын тіпті оңай ойын. Мұнда алғашқы болып сегіз шарды ұрып кіргізсеңіз болды. Тіпті ойыншы-шарсыз-ақ кез келген шармен ұра беруге болады. Бұлардан бөлек «Снукер» деген түрі бар. Түрлі түсті 22 шар қатысатын өзіндік қиындығы басым бұл ойын ерекше үстелде ойналады. Алайда отандық ойыншылар одан гөрі орыс тастаяғын оңтайлы көреді. Бұл арадан «Тастаяқ спорт па, әлде азарт па?» деген заңды сауал туындайды. Пенде құнықса кез келген ойынды құмарға айналдыра алады. Алайда тастаяқ – құмар ойын емес. Керек десеңіз тастаяқ – спорт. Оның ішінде бір мезетте адамның интелектуалдық өрісін кеңейтіп қана қоймай, физикалық қабілеттілігін арттырады. Тастаяқ – қозғалыс. Жайбасар деген ойыншының өзі ойынның бір партиясында 3-4 шақырым жол жүріп тастағанын аңғара бермейді. Осы себепті де дәрігерлер кабинетке қамалып отыратын кеңсе қызметкерлеріне, дене қозғалысында қиындығы бар сырқат жандарға тастаяқ ойнауға кеңес береді. Әсіресе, бүгілу мен бел жазу қимылдары адам мүсінінің сымбатты қалпын сақтауға пайдалы десе, шарын нысанаға алу әрекеті көз жанарының көру қабілетін арттырады екен. Тастаяқ – бұл спорт. 2007 жылы елдегі казино, ойын автоматтары белгілі бір мекенге жаппай «жер аударылғанда», тастаяқ мұндай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешірмеді. Өйткені бұл кезде бұқара мен билік арасында бильярд спорт түрі ретінде мойындалып қалған-ды. Оған қоса тастаяқ – таза ойын. «Бильярд – ең таза ойындардың бірі. Қазір әлемдік спорттарда әділетсіздіктерге жиі жол беріліп жүр. Ал бильярдта ешкім сіздің қолыңызды қаға алмайды. Бұл ойын көпшіліктің көз алдында барынша талассыз, таза өтеді… Жалпы бильярд адамның сабырлылығы мен төзімділігін тексереді, шыңдайды. Бильярд белгілі мөлшерде ақсүйек ойыны. Бұл ойын тазалықты, тыныштықты талап етеді… Бильярд шарында 9 түрлі нүкте болады. Сол нүктені көздей алсаңыз мақсатыңызға жеттіңіз. Шар әрқилы жатқанымен сол нүктелерді көре алуыңыз керек», – деп жазады қаламгерлер арасында өткізілген Республикалық тастаяқ турнирінің 5 дүркін чемпионы Жанарбек Әшімжан. Қазақстандағы Бильярд федерациясы өз ресми атауын 1992 жылы алды. Алайда аталған ұйым 2000 жылға дейін бюджеттен бөлінген қаржының жетімсіздігінен көптеген халықаралық турнирлерге қатысудан қағылып келген. Дегенмен федерацияның тұңғыш президенті Феликс Хан тастаяқтың таралуына біраз күш салды. Бүгінде Аңсар Қаранеев басқаратын бұл мектептен небір талантты тастаяқшылар шықты. Мәселен, әлемнің үш дүркін чемпионы Қаныбек Сағындықовтың есімінің өзі тісқаққан тастаяқшылардың өзін аяғынан тік тұрғызады. 1999 жылы аталған ұйым Алматыда тұңғыш рет ТМД-ның тастаяқшыларын қатыстырған турнир өткізді. Бүгінде федерацияға қарасты «Бастау» тастаяқ мектебі (клуб) де бар. Иә, тастаяқ тұнып тұрған геометрия! Мұнда шарлардың қақтығысын өз пайдаңа шешу, есептей білу әрі есе жібермеу – басты шарт. Тастаяқты ағылшын лордтары да, неміс бюргерлері де, француз корольдері де, Америка президенттері де, Кеңес Үкіметінің көсемдері де сүйіп ойнаған. Олардың арасында әрісі Людовитер де, берісі бүгінгі ел басшылары бар. Әйел патшалардыың арасында Анна Иоанқызы, Елизавета Петрқызы да кийді керемет меңгерген деседі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы