ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА АЙТУЛЫ  МӘДЕНИ ІС-ШАРА ӨТТІ

176 көрілім

Отырар ауданында қазақ музыкасының қорын байытып, қазақ даласын әнімен тербеткен Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Әнім сен едің!» атты концерт өтті. Мерекелік шараға Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Жыл сайын еліміздің әр аймағында осы күні қайталанбас өнер иесінің есімі насихатталып, әндерінің шырқалуы – Шәмшіге деген қазақтың шынайы ықыласын аңғартып тұрады. Дәл осы өнер мерекесінің Шәмшінің туған топырағында атап өтілуі – өнерге деген айрықша құрмет және заңдылық деп білемін. Өздеріңізге белгілі Шәмшінің атын алған іргелі өнер шаңырағы, облыстық филармония Шәмші әндерін насихаттауда орасан зор жұмыстар атқарып келеді. Былтыр Алматы, биыл Астана сахналарында Шәмші әндері әуеледі. Одан бөлек, облыстың әр аймағы да Шәмші атындағы ән байқаулары мен өнер кештерін тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бүгінгі «Әнім сен едің» атты ән кеші де осы шаралардың маңызын арттыра түскендей, – деді басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара барысында біртуар азаматтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, дарынды тұлғаның өмірінен сыр шерткен көрме жасақталды. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқов музей үйінің алдында шағын көрініс көрсетіліп, қонақтарға музей ішіндегі ұлы композитордың жеке заттары мен ерекше дүниелері таныстырылды.

Шәмші ауылындағы концертке жиналған қалың көрермен алдымен «Фараб» би ансамблінің өнерін тамашалады. Содан соң қазақ вальсінің королі жайлы бейнеролик көрсетілді. Танымал әнші Хадиша Шалабаеваның орындауындағы «Отырардағы той» әнімен ашылған кеште белгілі эстрада жұлдыздары мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы өнер көрсетті. Соның ішінде Алтынай Жорабаева, Қазыбек Құрайыш, «Тuran boys» квартеті, Дінмұхамед – Дана, «Дарын» квартеті, Айжан Таженова, Бибігүл Әшірбаева, Замира Ысқақ, Мұрат Даниярұлы, Ержан Темірбаев, Аяжан Нұрмаханбет, тағы басқа сынды таланттар бар.

Алаштың маңдайына бақ болып біткен ұлы композитордың әндерімен бірнеше ұрпақ өсіп жетілді. Шәмші әндерін бүгін де еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кеткендей. Біртуар азаматтың қоржынында 300-ге тарта ән бар. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Сондықтан да ұлы сазгердің есімі қазақ үшін қашан да қастерлі.

Естеріңізге сала кетейік, Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келді.  Шәмші мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүрді. Ауылға келген сыган жігітінен мандолина сатып алды. Бала кезінен әкесінің әперген патифонынан Күләш Байсейітованың жүрек толқытып, сезім тербейтін күміс дауысын тыңдап, жаны жадырады. Қолына мандолинасын алып сол әуенге ілесті. Естіген сайын бойы балқыды. Сөйтіп, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өсті.

Шәмші бірден өнер жолына түскен жоқ. Әуелі Қапланбектегі зооветтехникумды бітірсе, кейін Сахалиндегі әскери училищені, елге келген соң Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесін, содан соң Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде оқыған. Әлдебір себептермен Шәмші диплом ала алмай қалғандықтан өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрді. Шәмші Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Нұтфолла Шәкенов, Қадыр Мырзалиев және Сабырхан Асанов сынды ақындармен бірге шығармашылық байланыста болды. Өмірінің соңғы кезінде біраз уақыт елде тұрды. Тұрмыс тауқыметін көрді. Ол атақтылар қатарында дүниенің молшылығын көріп, зор құрметке ие бола алмады. Қайта қарапайым халықпен терезесі тең, қоян-қолтық араласып адами қасиетімен өмір сүрді. Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.

Шәмші Қалдаяқов жайлы жазушы Құттыбек Баяндин «Ән-ғұмыр» деген естелік кітап жазды.

2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.

1992 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов атындағы небір ән байқаулары өтіп, Шәмшінің рухын асқақтатып жатырмыз. Шымкент қаласындағы облыстық филармония, Шымкентте, Алматы қалаларында көше аты, Шәуілдірдегі аудандық музыка мектебі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филормониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған. Ең бастысы – Шәмшінің «Қазақстаным» әні гимнге айналды. Ендігі жерде вальс патшасы атанған Шәмшінің қолжазба түрінде қалған ән-романстарын жинақ етіп шығарып, Қазақ радиосындағы әсем әндерін, дискі, кассета арқылы толық шығарып, халыққа ұсынсақ, Шәмші әні ескірмейтін халық әндерімен пара-пар, халықтық әуенге айналған құндылығымен ерекше. Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз.

Кеш шымылдығы Отырар ауданы мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы «Шалқыған Шәуілдір» әнімен жабылды. Осылайша ән падишасының туған күніндегі мерекелік кеш қалың көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, облыс көлемінде 15 тамыз – Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған бірқатар шара ұйымдастырылды. Аудан-қалаларда арнайы мерекелік кеш пен байқаулар өткізілді. Ал кітапхана мен музейлерде көрме жасақталып, ұлы композитордың әндерін насихаттауға бағытталған шаралар өтті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы