Бес жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы оның орталығы болып бекітілгені мәлім. Осы уақыт ішінде өңірде қолға алынып, атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. Әлеуметтік-экономикалық, білім мен денсаулық саласын айтпағанда, спортты дамытуға айрықша мән беріледі. Оған Түркістан облысының ірілі-ұсақты елді мекендерінде бой көтерген түрлі спорт нысандарын мысалға келтіруге болады. Әлбетте, мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын нығайтумен қоса, жастардың бос уақытын текке өткізбей, спортпен айналысуына жағдай жасауды көздейді. Жастарды спортқа тартып, салауатты өмір салтына баулу – жастар саясатындағы басым бағыттардың бірі. Жастайынан күресіп, доп теуіп өссе, небір дарабоз спортшылардың тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз. Сондықтан біз осы шолуымызда ең алдымен киелі Түркістан жерінде пайдалануға берілген спорт нысандары жайында аз-кем айтып өтіп, әрмен қарай осы өңірдің атағын аспандатқан жас спортшылардың жетістігіне тоқталуды жөн көрдік.
5 жылда 45 спорт нысаны пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Айталық, облыста соңғы 5 жылдың ішінде 45 спорт нысаны салынған. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған мәлімет бойынша, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Сондай-ақ 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы пайдалануға берілді. Ел аумағында теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап алаң және балаларға арналған ойын алаңы бар. Түркістан шаһарын спорт орталығына айналды десек, қателеспейміз. Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалды. Мұз сарайының құрылысы жақында аяқталды. Бұл спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар мен жастар арасында шорт-трек сайыстарын өткізуге болады. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорт кешендері, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Осылайша Түркістан облысында тұрғындардың спортпен айналысуына жан-жақты жағдай жасалған. Бүгінде осы өңірде спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 пайызын құрап отыр. Олардың арасында, әрине, жастар көп.
Ашық алаңда – тегін жаттығу
Ал облыс орталығы – Түркістан қаласында балалар мен жастар үшін спорт нысандарының барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Осыған орай, Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» қаладағы ашық алаңдарда тегін жаттығу сағаттарын жүргізуді қолға алған. Қаланың 48 ашық алаңында ұйымдастырылған жаттығу сағаттарына 17-ге дейінгі жастар қатыса алады. Спорт клубының 28 спорт нұсқаушысы арнайы белгіленген ашық алаңдарда баскетбол, футбол, стритбол сынды спорт түрлерінен жаттығу сағаттарын өткізеді. Әр ашық алаңда ойындар аптаның дүйсенбі – жұма күндері, сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін жалғасады. Сонымен бірге Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында» тегін үйірмелер жұмыс істейді. Үйірмелерге жасөспірімдер мен жастар футбол, стритбол, үлкен теннис сынды спорт түрлеріне жазылып, шыныға алады. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде спорт клубында 28 спорт нұсқаушысы, 20 жаттықтырушы жұмыс істейді. Спорт нұсқаушыларының еңбек өтілі үш жылдан басталса, жаттықтырушылардың спортта ең кемі бес жылдық тәжірибесі бар.
Садақ ату кешені ашылды
Біздің елімізде садақ ату спорты 1967 жылдан бастап дами бастады. 2021 жылдан бері дәстүрлі спорт түрлерінің тізіміне енген. Содан ба, биыл жазға салым Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орайластырып, Жетісай ауданында тұңғыш рет садақ ату кешені ашылды. Кешенде жүзге тарта үміткер ұлттық спорт түрімен тегін айналысады. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда орналасқан нысанның ашылуына аудан әкімі Серік Мамытов пен Жетісай аудандық сотының төрағасы Арман Шындалиев, Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Құнанбай Мұсаев пен Түркістан облысы бойынша ҰҚК департаменті Жетісай аудандық бөлімінің басшысы Нұрмахан Ибрагим, аудан прокурорының орынбасары Заман Зұлпыхаров пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, спорт майталмандары мен ардагерлері қатысты. Ел ағалары қазақтың жауынгерлік өнері мен дәстүрін жаңғыртып, рухты дүр сілкіндіретін, өскелең ұрпаққа садақ атуды үйрететін кешеннің маңызына тоқталып, жаңа спорттық нысанның ашылуына атсалысқан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаевқа нысанның лентасын салтанатты түрде қиды. Келес ауданындағы ашық футбол алаңы Түркістан облысына қарасты Келес ауданы қайта құрылғалы бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде. Бүгінге дейін Абай және Ұшқын ауылдарында орталық алаңдар жөндеуден өткізілсе, 5 спорт алаңы салынды. Биылғы жоспар аясында Қошқарата және Біртілек ауылдық округтерінде ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілуі тиіс. Таяуда Келес ауданында ашық спорт алаңшасы ашылды. Біртілек ауылдық округінде орналасқан спорт алаңшасының ашылу рәсіміне ауылдық округі әкімі, аудандық мәслихаттың депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты. Біртілек ауылдық округінің әкімі Кеңес Халықтың айтуынша, Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жастарға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, осы жылы балалар және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарына қажетті қаржы қаралып, ауылдарды абаттандыру, спорт алаңшаларын құру жұмыстары жүргізілуде. Міне, облыстағы балалар мен жастардың спортпен шындап айналысуына барлық жағдай жасалып жатыр. Түркістандық жастар да ел ішіндегі және халықаралық додаларда жеңіске жетіп, туған өлкесінің атын шығарып жүр. Соңғы үш-төрт айда Түркістанда шыңдалған жас спортшылардың жетістіктеріне тоқтала кетейік.
Қол күрес шебері Қыдырғали Оңғарбаевтың жеңісі
Биыл Түркияның Ыстамбул қаласында East vs West-7 турнирі өтті. Қол күресінен әлемнің үздіктері жиналған осы додада Шардараның тумасы Қыдырғали Оңғарбаев қатысқан болатын. Турнирдің ең маңызды жекпе-жегінің бірі – түркістандық саңлақ Қыдырғали Оңғарбаев және Грузия елінің спортшысы Ираклий Зиракашвили арасында өтті. Шардаралық спортшы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақ елінің абыройын асқақтатты. 105 келі салмақта чемпиондық титулын ол тағы да абыроймен қорғап шықты. Еске түсірсек, «Шардара Армспорт» спорт клубының спортшысы Қыдырғали Оңғарбаев өткен жылы Түркияда өткен турнирде АҚШ-тың атақты спортшысы, әлемнің 26 дүркін чемпионы Джон Брзенкті 3:1 есебімен жеңіп еді. Өз салмағының чемпионы болған 28 жастағы Қыдырғали Оңғарбаев – даңқты бапкер Арман Қарсыбаевтың шәкірті. 1994 жылы Түркістан облысы, Шардара ауданында туған. Ауыр салмақта Қазақстан мен Азияның абсолютті жеңімпазы, Әлем кубогының иегері және әлем чемпионы.
Орталық Азия чемпионатынан 4 медаль
Биыл Бішкек қаласында каратэден (WKF) жастар мен ересектер арасында VIII Орталық Азия чемпионаты өтті. Орталық Азия елдерінің ең талантты спортшылары жиналған бұл жарыста ел намысын Түркістан облысының дарынды жігіті Мади Катешов қорғаған еді. Ол като әдісімен жеңімпаз атанды. 61 келідегі салмақта Әсел Қанай да алтын медаль иеленді. Талай әлемдік додаларда топ жарып келе жатқан түркістандық каратэ шебері Гүлмира Үсенова 55 келіде өнер көрсетіп, жеңістің шыңын бағындырды. Сонымен бірге құрлық спортшылары арасында топ жарған +84 келідегі Абылай Төлтай күміс жүлдегер атанды. Бұл жеңімпаз спортшы ұл-қыздар білікті басшы Самат Рысбеков жетекшілік ететін Түркістан облыстық олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады. Түркістандық жеңімпаз спортшыларды баптап келе жатқан тәжірибелі бапкер Боран Төлеевтің қажырлы еңбегі зая кеткен жоқ. Осылайша, Орталық Азия чемпионатынан 3 алтын, 1 күміс жеңіп алған жерлестеріміз бұл ғаламат жетістіктерін Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арнады.
Балуан қыз – Азия чемпионатында қола жүлдегер
Өткенде Қырғызстан астанасы Бішкекте U-23 жасқа дейінгі әйелдер арасындағы Азия чемпионатында түркістандық Нилуфар Райымова қола жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Бапкері – Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұржігіт Ерімбетов. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы чемпиондар мектебінің спортшысы. Балуан қыздың бұған дейінгі жетістігі де аз емес. Түркістан облысы, ел чемпионаты мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Бозкілемдегі белдесуінде жүлделі орынды иеленуді мақсат тұтқан ол жуырда ғана Испанияда өткен JOVENES PTOMESAS халықаралық жарысында кезекті жеңісіне қол жеткізді. Нилуфар 2021 жылы Ресей Федерациясы, Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған болатын. 57 келі салмақта чемпион атанған балуан ақтық сында италиялық Аурора Руссоны 8:6 есебімен ұтып, өз салмағында үздік шықты. Түркістандық жас спортшы осылайша 13 жылдан кейін әйелдер күресі тарихындағы жастар арасындағы көптен күткен екінші алтынға ие болды. Түркістандық балуандар ерледі Түркістандық жас балуандар топ жарған тағы бір жарыс — Павлодар қаласында қазақ күресінен жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оған еліміздің әр аймағынан балуандар жиналып, бақ сынасты. Түркістан облысының намысын қорғаған спортшылар қос күміс алқаны қоржынға салды. Атап айтқанда, қыздар арасында 57 келі салмақта Әсем Серікбайқызы ақтық сынға дейін жетіп жүлделі 2-орынға ие болса, ұлдар арасында 60 келі салмақта сынға түскен Амангелді Сәуірбай күміс алқаны қанжығалады.
Санжар Тәшкенбай – Түркістан жастарына үлгі
Биыл Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақта Санжар Тәшкенбайды чемпион атанғанын білеміз. Санжар Тәшкенбай 2003 жылы Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округі Ғ.Мұратбаев елдімекенінде дүниеге келген. Осында 2 сыныпқа дейін білім алған. Бокспен 14 жасынан бері айналысады. Чемпион жігіт алтын таққан әлем чемпионатынан кейін Келес ауданына келіп, туған жұртына сәлем беріп кетті. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев күллі әлем көз тіккен дүбірлі додада көк туымызды биікте желбіретіп, ел мерейін үстем еткен спортшыға ыстық ықыласын жеткізді. Алдағы бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап, талай биікті бағындыратынына сенім білдірді. «Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында ел қоржынына алғаш болып алтын салған Санжар Тәшкенбайдың жеңісі күллі қазақ жұртын қуантты. Дүйім елдің қатарында келестіктер де боксшыларымызды қолдап, оларға барынша демеу бола білді. Жерлесімізге еліміздің абыройын асқақтатқаны үшін барша келестіктер атынан алғысымды білдіремін, — деді Жәнібек Ағыбаев. Санжар Тәшкенбай ел ағаларының көрсеткен құрметі мен ізгі ниетіне алғысын білдірді. «Бізді қолдайтын ел болса, қашан да ел мерейін үстем етіп, Әнұранымызды әлемдік ареналарда шырқатуға барымды саламын», — деді әлем чемпионы. Міне, Түркістан өңірінде әлемдік деңгейдегі бәсекелерде ел намысын қорғайтын жастардың көптеп шығуына осы Санжар Тәшкенбай сияқты атақты спортшылар ықпал ететіні сөзсіз.
Түйін
Ел абыройын асқақтатып, халықаралық жарыстарда атын шығаруға атсалысып жүрген түркістандық жас спортшылардың бұл бір парасы ғана. Өңірде соңғы жылдары бой көтеріп, үсті-үстіне пайдалануға беріліп жатқан спорт нысандарының көптігіне қарап, алдағы уақытта жүлдені қолдан бермейтін жас спортшылардың қарасы көбейетіні анық. Айдос Құсайынұлы