ПАРАСАТ ПАЙЫМДЫ АТАМЫЗ 80 ЖАСТА

1  550 көрілім

«Көнекөз қария, данагөй ақсақалымыз» деп жұрт сыйлайтын Жарылқасын атамыз биыл 80 жасқа толды. Бұлай дейтін себебім, өзім журналист болған соң, сіз қазір қолыңызға ұстап, оқып отырған осы газетте тілші болып жұмыс істеген соң атамды көптеген іс-шараларда көріп қалатыным жасырын емес. Сонда жұрттың дәл солай сыйлайтыны, құрметтейтіні көңіліме ерекше қуаныш сыйлайды. Міне, 40-тың екеуіне келген атамның бұл қуанышымен құттықтап, зиялы қауым өкілдерімен қатар жарыса жазбағаным да әбестік болар. Осы мақала аясында жүріп өткен қатпарлы жолдары мен көптің арасынан суырыла шығып, халық сөзін сөйлеп ерекшеленген өзім танитын атам жайлы сыр шерткім келеді.

Үлкен ұлы, тұла бойы тұңғышы, әкем Ерлан болса жақында ғана отыз-дың екеуін еңсерді. Ал, бүгінде өсіп-өнген ұрпақтың ұл-қыздарының алды университетте профессор, доцент, ал бірі мектеп директоры болып, барлығы дерлік үлкен қалаларда жоғары қызметімен дараланып жүр. Барлық бала-шағасының басы қосылса бір шаңыраққа сыймайтындай үлкен отбасындағы сүйікті, өн бойынан мейірімділігі нұр шашып тұрған атамыздың биыл елеулі мерейтойы. Жиылсақ болғаны у-шу болып отыратын біздерге атамыз өмірден көрген-түйгенін айтып, ешкімнің ала жібін аттамауға, үлкенді сыйлауға, әрдайым білім кеңістігімізді дамытуға, иманды, қарапайым болуға шақырып отырады. Біз бұл сөздерден аттап кеткен емеспіз.

Атамыз сонау XX ғасырдың басында, дүниеге келмей тұрып ауылдық кеңестегілер «1939 жыл 29 июнь» деп туу туралы куәлігін (метірке) дайындап қойған екен. Оның себебі де қызық. Арғы атамыз Әзіретберген түс көріп оянған кезде аузына түскені: «Иә, Алла! Жарылқасынымды Құмайымдай алғыр ет. Алысты болжап, көңілімен көпті көре білетін, көптің көңілін таба білетін алғыр ет. Түлкідей айлакерлерден ақылды, қасқырдай қорқауларға қақпан болардай қажыр-қайрат бере гөр»,- деп тілеген екен. Жаңағы тілегінен соң Әзіретберген атамыз дереу ауылдық кеңеске жетіп барып, «Менің әйелім ұл туды. Оған куәлік керек. Есімін «Жарылқасын» деп қоямын» деген екен. Әлгі жердегілер артық үн қатпастан, қазіргідей қағазбастылық жоқ кезеңде куәлікті қолына ұстата салған-ды. Міне, осылайша сол күні құжат бойынша дүниеге келген. Ал, шын мәнінде, қыстың қырауы қатып тұрған қара суықта өмір есігін ашқан. Жақан атамыз бұл жайтты «Ол кезде ұл, не қыз екеніңді анықтай салатын заман емес. Бәлкім, қыз болып туылсам, мына есімді арқалап, көптің таңданысын тудырып, күлкісіне қалар ма едім? Бұл да Құдайдың құдіреті деп білем», – деп күліп еске алады. Атамыздың басынан өткен бұл жайтты да тосын құбылысқа балауға болады. Міне, біз дүниеге келмей жатып, алдымен куәлігі жарық көрген азаматтың ұрпағымыз.

Асқан жауапкершілік, байыпты бағам жасай білетін атамыз қазіргі Нұртас Оңдасынов ауылында дүниеге келіп, жастық шағында сонда абыройлы еңбек етті. Ол кезеңде 7, 10 жылдық оқу болған. 7 жылдық білімнен соң техникумға, училищеге түсуге болатын. Сонда атамыз Түркістан педагогикалық училищесіне түсіп, жақсы оқығаны үшін небәрі 17-18 жасында «Балтакөл» мектеп-интернатында дәріс берді. Біздер бұл жасымызда енді оқуды аяқтап, студенттік шақты армандап, қандай маман боламыз деп қиялдың жетегінде жүреміз. Қызық иә?!

Ал біздің ата-әжелеріміз сол 7 ғана жылдық біліммен бүгінгі ұрпаққа жол сілтер, даналығы мен даралығы бір төбе азаматтар. Аталмыш мектеп-интернатта 2 жыл жұмыс істеген соң, Амангелді атындағы колхозға мұғалім, сосын оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Кейіннен Түркістан аудандық партия комитеті Амангелді колхозындағы партия комитетінің хатшысы болуға шақырады. Мамандығы мұғалім, өзі ұстаз болғандықтан колхоз шаруашылығын жақсы білмейтіндігін айтса да, партия ол шешімге көне қоймады. Сөйтіп, 1970 жылы партия комитетінің хатшысы, кейін басшысы болды. Осылайша осы ауылда өсті, ер жетті, қызмет те етті. Зейнеткерлікке шыққан соң, Н.Оңдасынов музейінің директоры болып, ал 2001 жылдан ақсақалдар алқасының төрағасы болып қоғамдық жұмыстарды атқарып келеді.

Жарылқасын атамыз жұрт қамын бірінші орынға қойып, өзге қатарластары қала көріп, ел-жерге кетіп жатса, ол осы ауылдың жағдайын жақсартуға барынша кірісті. Нақты айтсақ, Амангелді колхозына атам басшылық еткен жылдары 10 шақырым жерге жол салынды. Ауылдың төрт бұрышынан 1000 метрлік төрт құдық қазылды, су құбыры тартылып, бүкіл көшелерге таратылды. Сонымен бірге, жанар-жағармайды тегін үлестіру, несие беру мәселесін жеңілдету сынды маңызды мәселелер де көтерілген. Түркістан ауданы бойынша тұңғыш 3 қабатты мектеп те сол Амангелді колхозында соғылды. Ол кезде мұндай ауқымды жобаларды іске асырудың қаншалықты қиын екені баршаға мәлім. Егер су мәселесі шешімін таппағанда халық тарап, ол жер бүгінде жазық дала болар ма еді?

Атамызды жұрт «Елбасының елдегі досы» деп айтады. Мұның анық-қанығын атамнан сұрағанымда былай баяндаған еді: «Нұрсұлтан Назарбаев алғашқыда ҚР орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған. Ол кезде коммунистік жүйе жойылмаған. Сонда «Партия ұйымының жұмысы нашарлап, беделі төмендеп бара жатыр», – деген хат жазғанмын. Өйткені сол кезде Горбачев өз жүйелерін шығарды. Содан кейін Н.Әбішұлы 1990 жылдың наурызында Алматы қаласында бүкіл республикалық бастауыш партия ұйымдарының үлкен жиынын өткізді. Сол жерде партияның беделін көтеру туралы әңгіме болды. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін бастамашыл топ құрылды. Оның төрағасы етіп мені сайлады. Партия тарағанша біз Президенттің жанында болдық. Ауылдың жағдайын менен сұрайтын, көп мәселені бірге талқылайтын. Өзі маған «досым» деп ылғи айтып жүретін. Менің тегім «А» әріпінен басталған соң Назарбаевтан кейін бірінші отыратынмын. Сөйтіп, құрдас та, дос та болып шықтық. Бірақ, бүкіл республикаға олай айтқаны, 2005 жылы Президент сайлауы болды. Мен Түркістан бойынша Президенттің штабын басқардым. Кейін Президентпен тікелей эфирде сұрақ-жауап болып, ОҚО атынан сұрақ қойдым. Ол бірден «Жарылқасын, сен менің ескі досымсың ғой, аты-жөніңді айтпай-ақ сұрағыңды қоя бер. Сені танымай қалды деп ойлайсың ба?», – деді. Сөйтіп бүкіл ел гу етіп, «Жарылқасын Әзіретбергенұлы Елбасының досы» деген әңгіме шықты. Бұрын екеуміз кездескенде ғана айтылатын әңгімені ол кісі бүкіл жұрт алдында айтты», – деп тарихына үңілген болатын.

Жарылқасын ата бірнеше рет Тұңғыш Президентімізге киелі өңірге мәртебе беру бойынша ұсыныс білдіріп, Түркістанды түлетуді, атын әйгілеуді қалыс қалдырмады. Елбасының пәрменімен 2018 жылдың жазында шаһарымыз облыс орталығы атанды. Міне, араға бір жыл салып үлкен нәтижелерді өз көзімізбен көріп жүрміз. Бүгінде шаһарымыз нағыз «Рухани жаңғырудың» даңғыл жолының нақ көрінісіне айналды. Тұрғындар, жастар, тіпті өзге мемлекеттен, аймақтан келушілер де бұл жаңалыққа ризашылығын білдіруде.

Облыстық ақсақалдар алқасы қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен жастарын біз ізгілікке шақырып, тың идеяларын ұсынудан қалыс қалмай, жаңа мәртебе тұсында үш мәселені көтеріп үлгерді. Алдымен, «Рухани жаңғырудың» Түркістан төрінен басталуына ұйытқы болып, шаһарды гүл қалаға айналдыру жолында келелі істерге көшті. Тазалықтың айнасы, көгалданған, жасыл-желекті қала атандырып, көптің көңілін аудару үшін барша халықты осы іске жұмыла атсалысуға шақырды. Нәтижесінде 40 мың түп ағаш, 100 мың түп гүл егілді. Бұл іс жыл сайын жалғасар болса, ша-һарымыз гүлденіп, түрленіп, алқызыл мекенге айналары сөзсіз. Бастысы – бұл тұрғындардың, яғни жанашыр жандардың бірауыздан жұдырықтай жұмыла жасаған игі ісі болмақ.

Тағы бірі, шаһардағы тойханалар мен кафелердің жұмыс уақытын түнгі 23:00-де аяқтауы. Түркістан – ең алдымен «Рухани астана» деген атаққа ие. Демек, бұл киелі мекендегі жастардың бойы имандылыққа, тәрбиенің тұнығына толы, теріс әрекеттерден аулақ болуы қажет. Бұл іс бүгінде біржақты оңтайланып та үлгерді. Егер, тойхана аталмыш уақыттан аса жұмыс істеген болса, тойхана әкімшілігі мен той иесіне айыппұл салынады. Бір қуантатыны, олар бұл жүйені бірауыздан қолдады.

Сонымен бірге, жақында ғана қала әкімі Әліпбек Өсербаевпен бірге облыстық ақсақалдар алқасы мен қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің бастамасымен «Тегін – қайырымдылық дүкенінің» ашылу салтанатын өткізді. Бәрімізге белгілі, бүгінде елімізде әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан ерекше көңіл мен қолдау көрсетілуде. Осы ретте, зиялы қауым өкілдері мен қаламыздағы демеушілердің қаржылай қолдауымен жаңа идеяны бастады. Мұнда әрбір мұқтаж отбасыға киім-кешек, азық-түлік қажеттігіне қарай беріледі. Өзіңіз де қолғабыс тигіземін, көмек беремін десеңіз – мархабат!

Облыс орталығы атанған бір жыл ішінде қолға алынып, нәтижесін берген іргелі істермен өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев те танысып, алдыңғы аптада ғана облыс әкімі ақсақалдар алқасы, «Қоғамдық келісім» кеңесі мүшелерімен кездесіп, жүргізілген тазалық жұмыстары, егілген талдар мен гүлдерді аралап, өз көзімен көріп: «Түркістанда семинар өткіземіз, бұл істерді «Түркістандық жүйе» деп атап, республика көлемінде дамытуға, насихаттауға күш саламыз», – деген ілтипатын, ризашылығын білдірді. Иә, еліміздің ешбір өңірінде жоқ бұл жүйелер алғаш болып тұран дескен Түркістанда жүзеге асып отыр. Ал, республика көлемінде қолға алынып, «Түркістандық жүйе» жер-жерді шарлап тұрса несі айып? Керісінше, шаһардың абыройын арттырады емес пе? Ендеше, бұл істің жылдам қарқын алуын тілейік.

Әзіретберген атамыз асқан шабандоз болған. Қазақстанның қай жерінде көкпар бар десе, айлап шабады екен. Үйіне оқта-текте бір келсе керек. Бұл тұста Жақан атамыздың қаннан қалған жылқыға құмарлығы да бар. «Менің ең басты қызығушылығым – кітап, газет оқу», – деп айтып отыратын атамыз кітап, газет-журнал оқуда алдына жан салмайды. Әр жылы қазақ, орыс тілдеріндегі 20-30 шақты баспасөзге жазылатын. Қазірдің өзінде 10-12 баспасөзге тұрақты жазылып, ел ішіндегі жағдайларды біліп отырады.

«Бірінші түймеңді қисық түймелесең, қалғандарын да дұрыс түймелей алмайсың. Дұрыстау үшін бәрін ағытып, қайта бастауыңа тура келеді. Бала тәрбиесі де дәл солай. Туған күннен қисық тәрбиелесең, бала да қисық болып өседі. Кейін оны қайта жөндеу мүмкін емес. Өйткені ол көйлек емес, дәл сол адамды қайта жарата алмайсың» деген қанатты сөзі ұл-қыздарына берген тәрбиесінің аса маңызды екенін білдіреді.

Түркітілдес халықтардың рухани астанасы болып, иісі мұсылманға даңқы жеткен шаһарда игі істерге мұрындық болып, артынан із қалдырып жүрген атамызбен мақтанамыз, мақтан тұтамыз. Біздер де атамыз секілді Түркістанның түлеуіне титтей де болсын өз таңбамызды қалдырып жатқанымызға қуанамыз. Бұл ісіміз атамызды жерге қаратпай, керісінше көңіліне қуаныш ұялатса – соның өзі бізге зор мәртебе!

Ендеше, жаңғырудың жолын бастаған «Парасат» орденінің иегері, Түркістан облысының Құрметті азаматы, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын атамызды мерейлі мерейтойымен, 80 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймыз! Ел-жұрты үшін ерінбей еңбек етіп, өмірдің қиясына өрлеп шыққан атамыздың арамызда ұзақ ғұмыр кешіп жүре беруіне тілектеспіз!

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы