Түркістан қаласында 22,24,26 – маусым күндері Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізуге келген ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері мен Мемлекеттік комиссия барлық тиісті талаптың сақталуын қадағалады. ҰБТ-ға дайындық мақсатында барлық техникалық құрал-жабдықтар талапқа сай қойылған.
Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықованың мәліметінше, облыс бойынша 2018-2019 оқу жылында 11-сыныпты 24513 оқушы бітіріп, оның 16376-сы ҰБТ тапсыруға өтініш берген.
– Облыс бойынша жоғары 136-140 аралығындағы балл 17 түлектің еншісінде. Жеті күннің қорытындысымен 16376 бітірушінің 15620-сы тестілеуге кіргізілсе, 756 оқушы тестілеуге қатыса алмады. ҰБТ ережесін бұзғаны үшін 1 оқушы аудиториядан шығарылып, тестілеу нәтижесі жойылды.
Ең жоғары 140 балды Сарыағаш ауданы, Б.Майлин атындағы №37 жалпы орта мектеп оқушысы Қасымжан Жұбай, 139 балды – 3 оқушы, 137 балды – 6 оқушы, 136 балды – 7 оқушы жинады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова.
Иә, осы апта толығымен талапкерлерге арналды. Біз емтиханнан алған əсерлерін өз ауыздарынан естіп-білу үшін, талапкерлер мен ұл-қыздарының тест сынағын 3 сағат бойы онлайн режимде бақылап көрген ата-аналарды әңгімеге тарттық.
Лаура Қуанышқызы, Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының «Алтын белгі» түлегі: – Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындап, алған біліміміздің арқасында көптен күткен сыналар шақ та келді. Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында биыл «Алтын белгіге» үміткер 4 түлек те үздік аттестат иегері атанды. Мектебіміздің үкілеген үмітін ақтауға әрқайсымыз күш салдық десек те болады.
Менің алға қойған мақсатым – ағылшын тілінен аудармашы болу. Осы бағытта мектептегі біліммен қатар, ағылшын тілі курсына барып, қосымша пәндерге дайындалдым.
Ақбаян Тұрсынбаева, ата-ана: – Менің қызым биыл мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Мұғалімдері сенім артқан нәтижені ақтап, 106 балды иеленді. Ендігі мақсатымыз алдағы конкурсқа қатысып, жоғары оқу орнына түсуіне тілекшімін. Бір ерекшелігін айтсам, қызым 5 жасында 1-сыныпқа барған. Кешегі ҰБТ-да қатарластары жеке куәлікпен кірсе, қызым туу туралы куәлікпен кірді.
Санжар Қасымхан, М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектептің түлегі: – Міне, біздің де 11 жыл мектепте жинаған біліміміз бен арнайы дайындығымызды көрсетер уақытымыз келіп, көптен күткен ҰБТ-ны өткіздік. Білгенімше белгілеп 73 ұпай жинадым. Ең бірінші ата-анамның үмітін ақтауды ойладым.
Осыған дейін тестілеу жүйесі арқылы жоғары оқу орнына қабылдау мәселесі бір жүйеде еді. Енді оған өзгеріс енді. ЖОО-ға қабылдау бөлек өткізілетін болды.
Тестілеу жүйесінің кемшілігі ретінде тағы бір мәселе де айтылып жүр: тестке қатысатын балалар жауаптарды жаттап алады, ал ол білім емес дейді. Иә, жаттау – догмаға, құр механикалық қайталауға әкеледі. Ал, егер оның логикалық, абстрактілік, әдіснамалық жағы игеріліп жатса, оқушының шын мағынасында білімі болады.
29 маусым күні ҰБТ білім сынағына 176 түлек қатысады деп күтілуде. Түлектердің сынақтан сүрінбей өтулеріне сәттілік тілейміз.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».
