Тақырыпты осылай қоюға мәжбүрміз. Жасыратыны жоқ, ұйымдастырушы билік өкілдерінің сөзіне сенсек, тұрғындар арасында есік алдындағы газ құбырын үйіне кіргізуге асықпайтындардың қатары аз емес секілді. Әрине, жоқ деуден аулақпыз. Десе де, газ құбырын пәтерлерге тарту үшін бүтін бір көпқабатты үйдің тұрғындары толықтай келісім беріп, белсенділік танытуы керек екен. Сонда табиғи газдың құрылыс-монтаж жұмысымен айналысатын мамандардың ісі жүйелі жүретін көрінеді. Ал бір үйдегі 60 пәтердің 30-ы келісім беріп, қалғаны газ кіргізуге асықпаса, ол үйге толықтай газ беру қиынға соғатынын алға тартады мамандар. Міне, осындай ала-құлалықтың кесірі тұрғындарды тез арада газбен қамтуға кедергі келтіріп тұрған жайы бар.
Сондықтан, елдің игілігі үшін жасалып жатқан жақсылық істерді дұрыс пайдалану қажет екенін атап өткеніміз жөн. Себебі, қазір көпқабатты үйлердегі тұрғындар көгілдір отынды арнайы газ баллондарымен пайдаланып келеді. Бұл әрекет түгел үйге қауіп төндіретіні бесенеден белгілі. Оған қоса, төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері де аталған әрекетке қатаң тыйым салынатындығы жөнінде ескертіп келеді. Солай бола тұра, тұрғындар талапқа сай келмейтін амалдарынан арылғысы келмейтін секілді.
Жалпы, Түркістан қаласын көгілдір отынмен қамту жұмыстары 2013 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жоспар бойынша облыс орталығы табиғи газбен 2020 жылы 100 пайыз қамтылуы тиіс. Осы бағытта тиісті сала маман-дары өздеріне жүктелген міндетті атқаруда. Соның ішінде, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді газдандыру ісі кезең-кезеңімен жалғасу үстінде.
Қаладағы 105 көпқабатты үйлерде 2800 пәтер болса, оның 797-сі газбен қамтамасыз етілген. Әрбір пәтер иесі газ кіргізу жұмыстарына 76 мың теңгені төлемақы ретінде, 4085 теңге газды қосу кезіндегі техникалық жұмыстарына төлеуі қажет. Аталмыш қаржыдан бөлек 4 құжат қажет. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік акт, пәтер жоспары, жеке куәлік пен ХҚКО-дан меншік иесінің анықтамасы.
Көпқабатты үйдің тұрғыны Ләззат Зиябаева табиғи газдың тиімділігін бірден түсініп, пәтеріне кіргізуге бел байлады. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның мамандары төлемақы қаражатын өтеген тұрғынның газ плитасына көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік берді. Алдымен сақтық шаралары түсіндіріліп, шұғыл жағдайда 104 нөміріне тегін хабарласу арқылы көмек алуға болатындығы айтылды.
Табиғи газды тұтыну қауіпсіздік жағынан тиімді және адам денсаулығы-на қазіргі тұтынып жатқан сұйытылған газға қарағанда зияндылығы аз, қаржыңызды біршама үнемдейсіз. Мәселен, сұйытылған газдың 1 м – 138,75 теңге болса, табиғи газдың 1 м – 32,47 теңгені құрайды. Яғни, баға айырмашылығы басым. Сондықтан да қала тұрғындарына айтарымыз, өміріміздің қауіпсізідігі мен экономикалық жағынан тиімділігіне бет бұрайық.
Қорыта айтқанда, баға айырмашылығымен де, қауіпсіздігі жағынан да тұрғындар үшін тиімдісі табиғи газ болып тұр. Сондықтан, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қомқорлықты тиімді пайдаланып, тұрмысымызды жеңілдетуге асығайық, қадірлі оқырман.
М.ДӘУЛЕТОВ,
«Түркістан».
