Қаламыздағы этно ауыл кешенінде ұлттық домбыра күніне орай «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубының ұйымдастыруымен «Қазақтың үні – домбыра» атты мерекелік жиын өтті. Мерекелік іс-шарада оқушылар тарапынан қазақтың күйлері көрермен назарына ұсынылды. Жалпы елімізде ұлттық аспап домбыра күні болып 2018 жылы 1-шілдеде бекітілген. Міне содан бері жыл сайын облыс орталығында домбыра күні дүркіреп атап өтіледі. Сонымен, Қазақтың қара домбырасы ұлт нақышы және Қазақ пен қара домбыра бірінен-бірін бөліп жаруға келмейтін егіз ұғым екендігін ұмытпағаймыз.

Атаулы іс-шараға Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл Шайхықызы, облыстық мәлихат депутаты Қалыйма Жантөреева, “Оқушылар” сарайының директоры Индира Икапова, сонымен бірге, қала тұрғындары мен қонақтар қатысып,талантты өрендердің өнерін тамашалады.

Ұлттық жиынға қатысқан қонақтар бүгінгі айтулы мерекенің қадір қасиетіне тоқатала келе, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
-Күллі қазақ жұртын бір арнаға тоғыстырар қасиетті домбыра күні баршаңызға құтты болсын. Сан ғасырлық тарихы бар шежірелі аспаптың бүгінге дейін жеткені талайды тамсандырған тылсым сыр. Домбыраның өзінде сымдай тартылған қос ішектің қасиеттілігі сонша, қазақ ұлтының бар болмысы күмбірлеген домбыра арқылы жетіп отырған. Бүгінде домбыраның үні алты қырдан емес алты құрлықтан асқан қастерлі аспап десек артық айтпағанымыз. Домбыра үні мәңгілік жасай берсін, – деді Оразкүл Шайхықызы.

Сонымен қатар, “Оқушылар сарайының” директоры Индира Икапова күллі қазақ жұртын мерекемен құттықтап, бүгінгі күннің маңызына тоқталды.
-Сан ғасырлық тарихы бар қастерлі аспаптың үнінде қазақтың өткені мен бүгіні жатыр. Сол себепті әрбір қазақ отбасының қабырғасында қара домбыра ілініп тұруы қажет. Сонымен, бұл ұлттық идеологиямызды нығайтуға айрықша серпін беретін көнекөз жәдігеріміз саналады. Қос ішекті ерекше жаратылыстың маңызын сіз бен біз болып көтеруіміз керек. Байырғы қазақтың дәстүрін дәріптейтін қос ішекті жаратылыс бізге ата-бабамыздан қалған мәдени мұра іспеттес. Құрметті Түркістандықтар баршаңызды ұлы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Индира Сарқытқызы.

Айтулы күнде облыстық мәлихат депутаты Қалыйма Жантөреева қоңыр үнді аспапты қазақ ұлтымен ұштастырып тұрған ұлы күшке тоқтала келе, баршаны мерекемен құттықтады.
-Қазақ халқын өзге ұлттан өзгешелейтін ол біздің қара домбырамыз. Жалпы әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі ұлттық аспабы ғой! Қазақтың күмбірлеген күйін естігенде шалқымайтын адам жоқ шығар сірә. Соның бірі Қобыз Қорқыттың күйіне қалғып, мүлгіп жатқан талай азаматтарға куә болдым. Қайталап айта беруден жалықпаймын, қазақтың өзгелерден еректігі алқалы айтысы мен күмілжіген күйінде. Сондықтан да бұл мерекенің атап өтілуі маңызды. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймын, – деді Қалыйма Жантөреева өз сөзінде.

Ежелден еліміз қастерлеп келген қара домбыраның бейнесі, байырғы күмбез үнді күйшілеріміздің болмысынан сыр шертетін секілді. Оған домбыраның құлағында ойнаған кешегі Құрманғазы, Ақандар мен Біржан салдың өнері дәлел. Көптің ойына қазақ дегенде ең әуелі күмбірлеген қоңыр сазды домбыра елестейтіні хақ.
Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.