“Ұлттық домбыра күніне” орай Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы аясында “Тұран даласының күйлері” атты күйшілер байқауы өтті. Сайыс 11-22 жас аралығындағы қара домбыраның құлағында ойнаған өнерпаздар арасында өрбіді.

Облыстық байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен 14 қатысушы бақ сынап, өзара үздіктерді анықтады. Қара қылды қақ жарған әділқазылар алқасының құрамында ХҚТУ-нің Спорт және өнер факультеті Орындаушылық өнер кафедрасының аға оқытушысы, “Мәдениет майталманы” төсбелгісінің иегері Иманали Сайманов, “Ақжайық” музыка мектебінің директоры Сырым Айсынов пен Түркістан балалар саз мектебінің домбыра пән мұғалімі Данакөз Үргенішбаева болды.
Қатысушылар төкпе күй және шертпе күйден қос шығарма орындап, бақ сынасты. Сайыс қорытындысында жас ерекшеліктеріне қарай екі дәрежеге бөлініп, кіші топта бірінші орынды Мейірлан Садық еншілесе, үлкен топтың бас жүлдесі мен 200 мың теңге қаржылай сыйлықты Жансая Шайзында қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Рәтхан Жетібай “Құрманғазы Сағырбайұлы” атындағы арнайы жүлденің иегері атанды.

Күмбірлеген домбыраның қоңыр үнінен қатысушылар да, көрерменде ерекше әсер алып тарқасты. Дәстүрге айналған байқау келесі жылы да өз жалғасын таппақ.
Досхан Төлегенов