ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ МАРАТ АХМЕТЖАНОВ: «ХАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙДЕН ЖЫЛЫЛЫҚ СЕЗІНУІ КЕРЕК»

275 көрілім

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Қаланың шығыс бөлігіндегі әкімшілік іскерлік орталығындағы конгрес-холлда өңір тұрғындарына есеп беріп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған бас полицей республика аумағында атқарылып жатқан жұмыстары мен облыс аумағындағы бірқатар мәселелерді баяндамасына арқау етті.

Осы ретте қылмыстың алдын алудан бұрын яғни, себеп-салдарымен айналысу тұрғысында жүйелі жұмыс жүргізуді басты бағыт ретінде қарастырып отырғанын алға тартқан министр кездесу барысында осы жайтқа басымдық берді. Сонымен бірге, қоғамда белең алып тұрған келеңсіз жайларды да назардан тыс қалдырмады. Атап айтсақ, кездесуде еліміздегі қылмыс деңгейінің жыл басынан бері 19%-ға төмендегені айтылды. Түркістан облысында да ұқсас жағдай.

Айта кету керек, жалпы қылмыстық істердің 96%-ы, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істердің 97%-ы полиция қарауында. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің 93%-ын полиция қызметкерлері көрсетеді. Министрдің сөзінше, қылмыстың жасалуына әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсері басым. Сондықтан оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою маңызды. Осыған байланысты ІІМ Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын, құжатта азаматтардың сұранысы ескеріліп, құқық бұзушылықтар профилактикасы бойынша басқа да мемлекеттік органдардың жауапкершілігі бекітілетіндігі мәлім болды.

Марат Ахметжанов жұртты алаңдататын негізгі тақырыптарға тоқталды.

Біріншісі – тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Соңғы 5 жылда мұндай фактілер ел бойынша 3 есе өскен. 60% жағдайда жәбірленушілер полицияға арыз жазудан бас тартатын, сол себепті «үй тирандарын» жауапқа тарту қиынға соғатын. Енді заңға түзетулер енгізіледі:

  • «Өтініш беру» форматынан «анықтау» форматына көшу. Бұл заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
  • Қайта татуласу мүмкіндігін шектеу.
  • Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту.

Екіншісі – алкоголь. Қылмыстардың басым көпшілігі мас күйдегі адамдармен жасалады. 5 жылда «мас» қылмыскерлердің қолынан 2 360 адам қаза болған.

Министр ішімдіктен бас тартқан ауылдар туралы да айтты. Еліміздегі 380 ауылда 5 жыл ішінде бірде-бір қылмыс жасалмаған. Оның үшеуі Түркістан облысында екенін де айта кеткен жөн.

Үшіншісі – есірткі қылмысы. Түркістан облысында биыл 111 кг есірткі тәркіленді. Бұл 21 мың бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны 327 млн теңгені құрайды.

Төртіншісі – интернет-алаяқтық. Облыс бойынша 5 ай ішінде 149 осындай қылмыс жасалған.

Полиция киберқылмыстармен күресу үшін «КиберПол» пилоттық жобасын Астана қаласында іске қосқан. Енді оны Алматы мен Шымкент қалаларына енгізу жоспарлануда. Байланыс операторларымен бірге ауыспалы абоненттік нөмірлерден жасалатын қоңырауларға тосқауыл қойылды. Соның арқасында 18,5 млн қоңырау бұғатталды.

Ұрлық және мал ұрлығы.  Түркістан облысында жыл басынан бері 455 ұрлық және 88 мал ұрлығы жасалған. Айта кету керек, Президенттің тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап ұрлық үшін жауапкершілік күшейтілді. Соның нәтижесінде ұрлық 4 жылда 2,5 есе төмендеген.

Көшедегі қылмыстарға қарсы. Түркістан облысында 21 мың бейнебақылау камерасы бар.  Оның 8 мыңы полицияға шығарылған. Олардың көмегімен биыл 65 қылмыс ашылып, 36 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Аймақтың қоғамдық жерлерінде 12 дабыл батырмасы қойылған.

Жол қауіпсіздігі. Жол жүрісі қағидаларын бұзушыларды анықтап, жол апаттарының алдын алу мақсатында ІІМ «Қорғау» жүйесін іске қосқан. Жүйе жалған нөмірлермен жүрген, айыппұлдары төленбеген, сақтандырусыз, іздестірудегі көліктерді анықтауға мүмкіндік берді.

«Қорғау» жүйесі іске қосылған бір жылдың ішінде Түркістан облысында 341 қауіпті  жүргізуші куәлігінен айырылып, жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 28 автокөлік анықталды.  

Министр жергілікті атқарушы органдарды жол инфрақұрылымына, жол белгілерінің орнатылуына назар аударуға шақырды.

Кездесуден соң министр ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Мұнда да қоғамдық тәртіп, халықтың жайлы тұрмысы төңірегіндегі мәселелер сөз болды. Сонымен бірге, полицияның сервистік қызметін жетілдіру барысында жолдаған сауалымызға Марат Мұратұлы әрбір полиция қызметкері қарапайым халықтың тілегіне құлақ асатын, қорған бола алатын және жылы қарым-қатынас жасайтын серігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Осылайша тұрғындармен сыпайылық танытып, өзіне жүктелген міндетті орындауға бейімделуі қажеттігін алға тартқан министр бұл бастама аясында кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Айта кетейік, бас полицейдің Түркістан облысына сапары барысында облыстық полиция департаментіне арналып салынған жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Заман талабына сай облыс орталығының әкімшілік іскерлік орталығынан бой көтерген нысан өңір халқының қоғамдық қауіпсіздігі жолында еңбек етіп келе жатқан тәртіп сақшыларының жайлы орнына айналмақ.         

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы