ЫЛДИДАН ДА БІР КЕҢЕС

346 көрілім

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, жергілікті жерге ғана қатысты емес, жалпы өмірімізде орын алып отырған жайларға тоқталғым келеді.

Бірінші, бір партиялы көп партиялы заманды да көріп өстік. Жақсылығы мол, жаңғырып жатқан Қазақстанды көріп отырмыз. Әлемдегі демократияның түп қазығы етіп ұстанған алпауыт мемлекет Америкада қос партиялы. Ендеше, біз де қос партиялы елге айналсақ қалай болады? Мәселен, «АMANAT» және «Әділет» партиясы дегендей. Оның сыртында оппозицияны халыққа жау деп танымау керек. Ол халыққа жау емес. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» екі партия да Үкіметпен келісім арқылы еркін де ерікті түрде жұмыс істеуіне болады.

Екінші, қазіргі кезде балаларымыз кітап оқудан қалып барады. Кітап – тірі құндылық. Тірі тарих. Көпшілік кітапханаларды мектептерге жақындатқан дұрыс. Мәдениет министрлігіне қарай берсін. Қазіргі жайғасқан жайлары да далада қалмайды. Жекешеленген мекемелер әп-сәтте сатып алады. Қазір, әсіресе ауылдағы көпшілік кітапханаларға барып жатқандар бар ма? Әлде, жасанды есеп беруге дағдыландық па?

Үшінші, елімізде ұлттық идеологиялық жұмыстар кемшін. Тәрбиелік мәні аз шараларды талдау, қадағалау жоқ. Идеология тек концерттермен шектелмейді. Теледидарда ойын-сауықтар мен әзіл-сықақтар, концерттерден көз ашпайсыз. Съезд, референдум, сессиялардың орны бөлек. Бірақ, идеология қызметкерлерінің республикалық, өңірлік жиналыстарын өткізіп тұруға құлық жоқ. Аталған кеңесті Түркістаннан бастауды мұндағы жағдай сұранып тұрғаны рас.

Төртінші, Түркістанда өткен ғасырдың 90-жылдарында «Түркістан тарихы» мұражайы құрылған. Бұл жұмысты басшылық жасап қана емес, өзі экспонат жинаған көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков еді. Бұрынғы Есім хан алаңындағы қалалық мәдениет үйі, университет ғимараты жекешелендіріліп, қазір бос тұр. «Түркістан тарихы» мұражайын жою ұлтымыздың тарихына балта шапқандық. Радио, телеарналардың, газеттердің тендермен жұмыс жасағандықтан жергілікті халықтың мақсат-мүддесін орындауға ықыласы жоқ. «Түркістан тарихы» мұражайын жауып тастау қазақтың тарихын өшіру болды. Ахмет Ясауи кесенесінің әлемге, шетелдік туристерге лайықтап, қара жұмысына дейін өзі қатысқан ер Өзбекәлі Жәнібеков екенін көзімен көріп өскен мен куәмін. Қорыта келгенде, «Түркістан тарихы» мұражайының бастапқы жайын «Әзірет Сұлтан» музейінің ұжымы басып алып отыр. Түркістанның шынайы тарихын жасыруға сырттан да, іштен де ынталы күштер бар екеніне керең әрі соқыр, мылқаумыз. Ол ғана емес, енді Ясауи кесенесін де жекешелендіруге ынталы күштер бар екендігін естіп жатырмыз.

Бесінші, шамамен өткен ғасырдың 70-80 жылдары Құрманғазының оркестрмен орындалатын «Сарыарқа» күйі болған. Осы оркестр гастрольдік сапармен Қытай коммунистік партиясы өтінішімен кезекті съезін аталған күймен ашқан екен. Бұл мысалды музыканттар біледі. Шіркін-ай қазақ радиосы таңғы бағдарламасын осы күймен бастап, түнгі хабарын да осы күймен аяқтап отырса екен. Айтылған мәселелер туралы жоғары, төменгі мекемелер өз сөзімді өзіме қайталап, сырғытпа жауаптарына ризамын. Амал не, жоғарғы басшылардың Түркістанға назарын салғаны жөн.

Үкіметке жолданған ұсынысым,

Жоғарыдан өтпей ме, өткізбей ме?

Таудың ішін жаңғыртқан ащы даусым,

Жоғарыға жетпей ме, жеткізбей ме?!

Нұрмахан НАЗАРОВ,

Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы