Мемлекеттік отбасы саясатының бірінші кезектегі мақсаттары отбасыларды қолдау, нығайту және қорғау, отбасылардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін қажетті жағдайлар жасау.
Бүгінгі таңда «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігімен отбасы институтын қолдау бойынша бірқатар шаралар атқарылуда. Осы ретте бізге бұл қоғамдық ұйымның қызметі туралы бірлестіктің Түркістан облысы бойынша филиалының жетекшісі Әдемау Толысбаева Тұрдыбайқызы тарқатып айтып берген-ді.
– Әдемау Тұрдыбайқызы, «Сенімен Болашақ» бірлестігі қашан құрылды және оның мақсаты қандай?
– «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірлестіктің негізін қалаушы, идея авторы, кәсіпкер, қоғам қайраткері – Нұркен Жарылқапұлы Асанов. Ұйымды кәсіпкер өз қаражатымен қаржыландырады.
Бірлестіктің басты миссиясы – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету. Яғни, ой айту емес, ойды ояту.
Еліміздің барлық өңірлерінде бірлестіктің филиалдары жұмыс істейді. Бүгінге дейін 92 мыңнан астам ата-ана мүшелікке тіркелген. Бірлестіктің ұйытқы болуымен 15 010 іс-шара өткізіліп, 90 050 аудитория қамтылды. Бірлестіктің ұйымдастыруымен еліміздің әр өңірінде апта сайын 50-70 іс-шара өтеді. Бірлестік ел көлемінде жұмыс істейді, қызметкерлер саны – 61. (Әр өңірде 3-5 қызметкер қамтылған). Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнде ата-ананың баласымен сөйлесіп-сырласуға уақыты жоқ, телефонға телмірген ұрпақтың тәрбиесін әлеуметтік желіге артып қойғандаймыз. (Әке мен қыздың өзара сұхбатынан кейін осы бірлестікті ашу туралы идея туған еді).
–Осыған дейін бірлестік қандай шаралар атқарды?
– Осы күнге дейін, бірлестік тарапынан «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты Республикалық және аймақтық 35 форум ұйымдастырылып, әр өткен форумға 400-500 ата-ана қатысты.
Бірлестік ұйымдастырған ауқымды іс-шаралардың бірі – «2022 – Балалар жылына» орай Республика көлемінде өткен «Family steam challenge – 2022» отбасылық сайысы. Ел көлемінде өткен жобаның мақсаты – оқушылардың жаратылыстану пәндері мен техникалық ғылымдарға деген қызығушылығын арттыру; бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету; қазіргі заманғы отбасы бейнесін қалыптастыру; отбасылық және ұлттық рухани құндылықтарды насихатттау болды. Отбасылық сайыстың жүлде қоры – 4 млн теңгені құрады. Байқауда еліміз бойынша әр өңірден үздік деп танылған 16 жоба онлайн іріктеліп алынып, Астана қаласында өткен ақтық мәреге қатысты. Жалпы саны 444 отбасы қатысты. Байқаудың екінші кезеңі Астанада өтті. Бұл кезеңінде қатысушылар белгілі бір уақыт ішінде қол жетімді материалдардан көпір салды. Бас жүлде 500 000 теңге болды. Айта кету керек, бірінші кезеңнің барлық финалистері 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге Жамбыл облысында отбасы бірлігін арттыру мақсатында «Салауатты ата-ана мәдениеті» атты 7 апталық ОТБАСЫЛЫҚ МАРАФОН өтті. Марафонға 400-ге жуық отбасы қатысып, 800-ге жуық бала қамтылды. Іс-шараға бөлінген қаражат – 4 млн теңгені құрады.
Алматы қаласында гуманды педагогиканың негізін қалаушы, академик Шалва Амонашвилидің қатысуымен «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты ата-аналарға арналған үш күндік республикалық форум өтті. Іс-шараға министрліктердің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қатысты. Іс-шара барысында Шалва Амонашвили өз тәжірибесімен бөлісіп, балаларды отбасында сүйіспеншілік пен үйлесімділікте қалай тәрбиелеу керектігін айтты. Кездесу жемісті өтті, үш күн ішінде мыңнан астам қатысушы қатысып, бала тәрбиесінің өзекті мәселелерін талқылады, өз ойлары мен ұсыныстарымен бөлісті.
2022 жылы тамыз айында Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасында «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты ата-аналар тамыз конференциясы ұйымдастырылды. Негізі ата-аналардың тамыз конференциясын пандемия кезінде бастау алған болатын. Тамыз конференциясы жаңа оқу жылына жаңа серпін береді. Сондықтан оқу жылының қарсанында өткен жиында ұстаздар мен ата-аналар атқаруы тиіс міндеттері талқыланды. Форумға ҚР Оқу-ағарту министрі, ҚР ғылым және жоғары білім министрі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы тұлға өзге де зиялы қауым өкілдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам ата-ана қатысты. Форумдардан басқа, күн сайын елордада және өңірлерде түрлі форматтағы семинарлар, тренингтер өткізіледі. Бірлестік қызметкерлер мен сарапшылары түрлі мекемелерге барып семинарлар ұйымдастырып отбасы құндылықтарын насихаттауда.
– «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің бағыты бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу екен. Осы бағытта ата-аналарға семинарларды көмекші құралдар, арнайы әдебиеттер таратылатын болар.
– Әрине, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін бірінші кезекте ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттыру керек. Осы ретте бірлестік Ағартушылық қызметке де басымдық береді. Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», М.Дулатовтың «Оян қазақ», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» және «Тәрбиеге жетекші» кітаптарын қайта басып шығарып, оқырман қауымға жол тартты. Бірлестік «Psychology» атты әлемдік үздік зерттеулер кітабы мен Шалва Амонашвилидің «Ізгілік педагогикасын» қазақ тіліне аударып шығарды. Осы аталған 7 кітап 10 000 дана таралыммен баспадан шығып, халық игілігіне тегін таратылды.
– Ал, енді бірлестіктің өзіңіз жетекшілік ететін Түркістан облыстық филиалының жұмысы туралы айта кетсеңіз.
– Бірлестік екі жыл көлемінде жұмыс атқарып келеді, мен осы жылдың ақпан айынан бері қызметке келдім. Филиалдың жетекшісі ретінде құрылымдық-ұйымдастыру жұмыстарынан өттік. Өңірде «Ұлт ұстазы» жобасы бойынша жұмысты бастадық. Бұйыртса бірлестіктің мақсатын ұстанған жаңа телевизиялық жоба басталады. Бұл жобаны мамыр айынан бастап «Turkistan» телеарнасынан тамашалай аласыздар.
Жобаның басты мақсаты – білім саласында тәрбие берудің механизмдерін ұсыну.
Сонымен бірге бірлестік филиалының «Ұлт ұстазы» жобасының аясында қоғамдағы ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті тақырыптар қозғалатын болады. Аталмыш жоба «мектеп-ата-ана-оқушы» үштігінің ынтымағын арттыру үшін ұстаздың бойындағы сезімталдылығын, ұрпақ алдындағы жауапкершілігі мен мейірімділігін арттыруды көздейді.
–Әңгіме-сұхбатыңыз үшін рахмет, алдағы атқарылар ауқымды жоба-жоспарларыңыз сәтімен болсын дейміз.
Сұхбаттасқан:
Әтіргүл ТӘШІМ.