«Өмірден кетсем де, өлеңнен кетпеймін» – деп жырлаған Түркістанның төл перзенті Қаныбек Сарыбаев 1938 жылы 13 наурызда Түркістан қаласында дүниеге келіп, 2002 жылдың 12 қазанында өмірден озған. Саналы ғұмырында Отырар ауданының және Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанған ақынның соңында «Тұңғыш кітап», «Отырар оттары», «Сезімдер сарайынан репортаж», «Жүрегімнің алауы», «Ләззат пен азап» деген кітаптары мен «Қазақия», «Меккеге тете мекенім» жыр жинақтары қалды. Сонымен қатар, Түркияның Анкара қаласында «Отан» деп аталатын тағы бір кітабы жарық көрген. Іздегенге ғана табылатын, зерттегенге ғана сырын ашатын жұмбақ ақынның өз тағдыры қаншалықты қиын өрiлген болса, өлеңдерiнiң тағдыры да соншалықты күрделі. Ақынның қоғамдағы әділетсіздікке қарсылық көрсетіп, отан деп отқа түсіп, әділдік үшін тартысқа түскен жырларынан патриоттық рухы мен азаматтық болмысы айқын көрінеді.

Берген емес, маған атақ бермейді,
Күндейді ғой, жүндейді ғой мендейді.
Ертең менің атымдағы сыйлыққа,
Таласарын түсінгісі келмейді.
Өлеңімнің өлмейтіні хақында,
Қам жемесін жақыным да, жатым да.
Қазақтағы сыйлықтардың көбісі,
Сыйлық алмай кеткендердің атында! – деп жырлаған қабылан мінез ақын Қаныбек Сарыбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Менің сүрген өмірім…» атты еске алу кеші өтті. Мәртебелі кешке ақиық ақынның көзін көрген зиялы қауым өкілдері және ұрпақтары, мектеп оқушылары мен жыр сүйер оқырмандар қатысты. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова кеш шымылдығын ашып берді. Іс-шара аясында ақынның кітаптары мен марапаттарынан, өзі қолданған жеке заттарынан көрме жасақталып келушілерге таныстырылды.

Жиында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Нұрмахан Назаров, Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Әбенқызы, Түркістан облыстық әжелер алқасының төрайымы Балтагүл Оспанова, Түркістан қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсұт Атамбаев, ақынның туған інісі Болат Аманқұлов, ақынның ұлы Махмұт Қаныбекұлы, ақынның қызы, «Сауран» газетінің бас редакторы, журналист Ләззат Сарыбаева, Өзбек этномәдени орталығының мүшесі Мухаббат Аматаева, «Turkistan Mediа Holding» ЖШС басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен, Филология ғылымдарының докторы, профессоры Сейдулла Садықов секілді бірқатар зиялы қауым өкілдері ыстық естеліктерімен бөлісіп, жиналған көрерменге ақын жайлы мағыналы әңгімелерін айтып, мәртебелі жиынның мәнін арттырды. Кешке келушілер Қаныбек Сарыбаевтың өшпес мұрасы мен салған даңғыл жолы Түркістанмен бірге жасайтынын, оның өлеңдерінде Махамбетке тән рухты екпін мен Абайға тән ұшқыр ойлылық барын, жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауына сәулесiн шашқандай жарқырап, жыл өткен сайын айшықтала түсетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиналған зиялы қауым өскелең ұрпаққа оның отаншыл шығармашылығын дәріптеу керектігін, тылсым да терең поэзиясының ғылыми зерттеуді қажет ететіндігін, ақынға арнап мектепке атау беруді, жастарды отанды сүюге баулу мақсатында оның жеке мұрасы мен соңында қалған айшықты дүниелеріне арнап мұражай ашудың өзектілігіне тоқталды.

Айтулы кешке арнайы келген ақынның бауырлары мен шәкірттері ақын жайлы естеліктер мен жылы лебіздерін ортаға салып, ұл-қыздары мен немере-шөберелері жыр жолдарын оқып, кештің ажарын аша түсті. Мұзбалақ ақынның шөберелері Алтынбек пен Жарқынбек «Ерке сылқым» күйін шертіп, кешті әсемдеді. Сондай-ақ, ҚР мәдениет қайраткері Сауранбек Елеуов ақынның сөзіне жазылған, тарихи оқиғаларға негізделген «Жанып бара жатырмын, жанып бара» әнін әуелетсе, Сауран ауданы ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Тілес Ақаев ағамыз соғыс жылдарын «Біз ауғандық емеспіз» атты өлеңін оқып еске алды. Ауғандықтарға жыр арнаған жалғыз ақын Қаныбек Сарыбаев екенін айтып, зұлматты жылдардағы естеліктерге тоқталды. Ақын ағамыздың қарамағында болған шәкірттері көпке белгілі Бекарыс Шойбеков, Жәкен Омаров, Тәушен Әбуова сынды ақындар. Ақынның төл шәкірті Жәкен Омаров кешке келе алмау себебінен бейне құттықтау жолдады. Жиын соңында кеште өнер көрсеткен жас өнерпаздар мен озат ойлы оқырмандарға ақынның қызы Ләззат Сарыбаева жыр жинақтары топтастырылған кітапша табыстап, келген барша қонақтарға алғысын білдірді. Кештен соң ақынның қызы, «Сауран» газетінің редакторы Ләззат Сарыбаевамен аз-кем әңгімелескен едік:

– Әкем Қаныбек Сарыбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Фараб» кітапханасында ауқымды жиын өтті. Кешке әкем өмірден өтсе де, әкемнің көзін көрген зиялы қауым өкілдері арнайы келіп, толғанысқа толы естеліктерімен бөлісті. Атап айтар болсам, Жарылқасын Әзіретберген ағамыз әлі де болса Қаныбек Сарыбаевтың өлеңдерін насихаттау керектігін, туған жерінен нәр алған нағыз тума ақын екендігін айтып көңілдегі көрікті ойдың тиегін ағытты. Жарылқасын аға ақын туған киелі топырақта осындай қала көлемінде өткен жиынға мұрындық болған жандарға алғысын жеткізе келе, мәдениет басқармасының қолдауы-мен облыстық һәм республикалық деңгейде кең кө-лемде атап өтілуі қажет екендігін баса айтты. Әкемнің көзін көрген замандасы, ақын Нұрмахан Назаров та елеулі еңбектеріне тоқталып, жүрекжарды пікі-рін білдірді. Ал, Балтагүл Оспанова әкемнің еңбектерін ғылыми зерттеу қажеттігін, студенттер мен зерттеушілердің ғылыми мақалалар жазып, әдебиет әлемі тың ғылыми ақпараттармен толығатыны жайында сөз қозғады. «Фараб» кітапханасында өткен шағын ғана кештің мәні мен маңыздылығы тым жоғары екенін атап айтқым келеді. Әкемнің сөреде тұрған жыр жинақтары қайта жаңғырып, жас оқырмандардың жүрегінен шыққан жалынды үнмен жұртшылыққа ұсынылуы мені ерекше тебіреніске бөледі. Әр өлеңін оқығанда көз алдыма қасқайып тұрған әкемнің бейнесі елестеді. Әкемнің жасындай жарқ еткен рухын, болмысының тазалығын айқын көрсететін жырлары оқырман жүрегінен орын алғанына шын қуандым.
«Өлді деуге сыяма айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» – дегендей әкемнің артында қалған мұралары барда, әкемнің іздеушілері барда ол ешқашан өлмейді. Ешқашан ұмытылмайтын, халқымен бірге жасайтын әкемнің рухына мың тағзым! – дейді ақынның қызы.
Азамат ӘЛІБЕК,
Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ.