ӘЗ-НАУРЫЗДА МҰҚТАЖ ЖАНҒА БАСПАНА СЫЙЛАУ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН

874 көрілім

Қайырымдылық адами қасиеттің айқын көрінісі. Халық жанашырларының қоғамда белсенділік танытуы әрқашан қуантады. Ерікті түрде мұқтаж жандарға баспана сыйлау түркістандық Бекзат мөлтек ауданының тұрғындары арасында жыл сайынғы дәстүрге айналған екен. Ұлыстың ұлы күнінде «бір мұқтаж жанға баспана табыстау» тұрғындарының белсене кіріскен игі бастамасы. Айлардың сұлтаны – Рамазан, пендеге баршылықтан тыйылуды талап ететін сабыр айы. Бұл ай жақсылық жасап жарысатын алтын уақыт. Ұлылық дәріптелетін қасиетті Рамазан айында еріктілер мен қайырымдылық қорларының жасап жатқан біршама игі істері халық арасында тарады. Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше берекесін арттырады деген сөздің астары тұңғиықта жатыр.

Ерікті жастардың қолдауымен баспаналы болған түркістандық тұрғын Жансая Шырынбекова өткен жылы Қасиетті Рамазан айында жаңа үйге қоныстанғанын айтады. Декреттік бала күтімінде отырған, бес баланың анасы Жансаяның айтуынша, былтыр көктем айында қолына жаңа үйдің кілті табысталған. Жақсылық жасап жарысқандардың кімдер екені әрине бәріне қызық болар. Халық жанашырларының арқасында үйлі болған Жансая ханым өз сөзінде ұйымшылдықты тілге тиек етіп, ризашылығын білдірген болатын.

-«Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қазақ үшін жаңа жыл, көктем мерекесі болса біздің отбасы үшін екі есе қуаныш болды. Ойламаған жерден Алланың қалауымен үйлі болдық әрине қуанышымызда шек жоқ» – дей келе халық жанашырларына жүрекжарды тілегім мен алғысымды білдіремін. Сол жігіттердің ұйымшылдығы, ауызбіршілігі мен достықтарының арқасында бүтін бір отбасы үйлі болып отырмыз. Алдымен Алланың қалауымен кейін сол кісілердің арқасында баспаналы болдық, алғысым шексіз. Әсіресе ұл-қыздарымыз өз үйіміз, жеке бөлмеміз болады деп қатты қуанды. Бұл сезімді бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Менің жағдайымды басында баспанасы жоқ, бала-шағамен жалдамалы пәтерде көшіп-қонып жүрген жандар түсінеді. Қуаныштан көз жасыма ерік беріп, әлденеше уақытқа дейін түсім не өңім екенін білмей, өз үйім екеніне сене алмай жүрген кездерім де болды», – дейді.

Қайырымдылықтың басты ұйымдастырушылары Бекзат мөлтек ауданының ерікті ер азаматтары болып шықты. Қайырымдылық жолында жүрген Нұрбек Тұрғанбекұлының айтуынша, бұл дәстүр 1988 жылғы азаматтардың бастамасымен қолға алынған. Осылай әр жылда дүниеге келген сыныптастар жиналып, табыстарынан жырып, Алланың разылығы үшін сауапты іске садақа есебінде береді. Әр азаматқа ортақ келісіммен теңдей етіп қаржы бөлініп, жауапты азаматқа табысталады.

-«Бұл игі іс 2019 жылы 1988 жылы туылған азаматтардың бастамасымен қолға алынған. Мәселен жылда бір отбасын баспаналы етуге мөлтек ауданның үлкенді-кішілі еріктілері шамамен 160 азамат бір кісідей атсалысып, жаңа үлгідегі үй салып береді. Айта кететіні, үй табыстау рәсіміне қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы өзі келіп, ауданның имамымен бірге баспананың лентасын қиып ризашылығын білдірді», – дейді.

Сонымен қатар, Нұрбек алдағы уақытта жасалатын кезекті қайрымдылық жоспарларын да тілге тиек етті. «Қазіргі таңда біздің жоспардағы маңызды істеріміздің бірі Бекзат мөлтек ауданындағы ақ мешіттің жанынан қыздар медресесін салу болып отыр. Біздің арнайы қорлармен ешқандай байланысымыз жоқ. Ерікті түрде атсалысатын болғандықтан, осы қыздар медресесіне қаржылай қолдау білдіретін мөлтек ауданның 1992 жылы туылған жігіттер. Осы жігіттер бас болып, аталған сауапты іске мұрындық болуда. Құрылыс жұмыстары 30-наурыздан басталды. Әуелі Алла, сонан соң жиналған қауымның арқасында ісіміз оңынан шешілер деп ойлаймын. Жыл сайын бір мұқтаж отбасыға баспана табыстау қазақтың жаңа жылы әз-Наурызға тура келеді. Биыл мөлтек ауданның бес мыңнан аса тұрғынына арнайы мерекелік қойылымдар мен ұлттық спорт түрінен жарыстар өткізілді. Сонымен қатар, дүниеден өткен бауырларымызға арнап дастархан жайылып, құран бағышталды. Бұл мақтауға тұрарлық дүние, себебі ауызбіршілік пен ұйымшылдықты сақтап қалу көптің ғана қолынан келеді. Осы аталған игі бастамаларды жыл сайынғы үрдіске айналдыру басты мақсатымыз» – дейді қайырымдылық жолда жүрген Нұрбек Әшіров.

Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы