- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Наурыз мерекесі биылғы жылы Түркістан өңірінде ерекше аталып өтілуде. Наурыздың 11-інен бастап әрбір күнге атау беріліп, облыс көлемінде тиянақты орындалуда. Бастама облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен жүзеге асуда. 10 күн бойы әр атаулы күнге жеке-дара үлкен мән беріліп, «Тазалық күні», «Мейірімділік күні», «Балалар күні» секілді ерекше форматта өткізіліп жатыр.

Мереке шеңберінде сенбілік, түрлі челленждер, жүгіру марафоны, концерттік бағдарламалар, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, түрлі байқаулар мен конкурстар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы өңірімізге жасаған арнайы сапары аясында Түркістан қаласына рухани елорда мәртебесін беру туралы бастама көтерді. Бұл орайда, облыс орталығында, аудан, қалаларда Наурыз мерекесінің мән-маңызын арттыратын, ел ішінде бірлік, ынтымақты насихаттайтын ауқымды іс-шаралар өте бастады. Өткізілетін барлық іс-шаралар Президент Жолдаулары, әлеуметтік бастамалары мен маңызды мақалаларының және басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттардың басымдықтарына сәйкес іске асуда.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, биыл Наурыз мерекесі облыс аумағында 11 наурыз күні «Наурыз – тазалықтың айнасы» атты сенбілікпен бастау алып, 23 наурыз күні «Наурыз – мейірімділік мерекесі» атты қайырымдылық шарасымен жалғасады.
«Мереке қарсаңында «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челлендж ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланады. 14 наурыз күні сағат 08.00-де «Наурыз – саулықтың кепілі» атты мерекелік жалпыұлттық жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Ал 17 наурыз күні «Наурыз – жаңару айы» атты барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады. Осы күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады.
Сондай-ақ, 20 наурыз күні «Керуен сарай» кешенінде «Наурыз – жәрмеңке» атты I Халықаралық «Kazagro/Kazfood Turkistan 2023» сауда жәрмеңкесінің ашылуы өтеді», – деді Әзімхан Қойлыбаев.
Айта кетсек, өңірдегі мерекелік іс-шаралар ақсақалдар мен ардагерлердің, аға буынның ізгі тілектері, бата беруі – «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады. Енді осы мерекелік шаралардың лек-легімен өткізілуіне арнайы тоқталуды жөн көріп отырмыз.
НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ СЕНБІЛІКТЕН БАСТАЛДЫ

Онкүндіктің алғашқы шарасы «Наурыз – тазалықтың айнасы» атауымен сенбіліктен бастау алды. Өңірдегі 17 аудан, қалада тұтастай сенбіліктер өткізілуде.
Түркістан қаласында өткен сенбіліктерді Түркістан облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды басқару басқармасы, өңірлік «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і және қалалық әкімдіктің бастамасымен «Әр отбасыдан – бір ағаш» атты тал отырғызу акциясы аясында ұйымдастырылды. Аталған сенбілікке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, жастармен бірге ағаш отырғызу рәсімін жүргізді.
– Биылғы Наурызды облыс көлемінде 10 күн атап өту жоспарланып отыр. Бұл бастамаға облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Мұндағы мақсатымыз – мейрамды бірнеше күн абыр-сабырмен емес, Наурыздың әрбір күні мен сәтіне мән беріп, қоғамдық тұрғыдан бірігуге бағыттау. «Наурыз» мейрамының өзі тазару мен жаңарудан басталады. Сондай-ақ, көктемдік тіршіліктің бастауы болған мейрам татулық, достық, бірлік, қайырымдылық пен мейірімділік сияқты жақсы қасиеттерімен ұштасады. Сол атаулы күндерге орай, алдымен табиғат ананы, айналамызды көгалдандыру, таза ұстау адамзаттың парызы екенін ұғындырғымыз келді. Осы сенбіліктердің аясында бір миллионға жуық түп ағашын отырғызу жоспарлануда. Егу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде, – деген Бейсен Дәулетұлы жастарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға шақырды. Облыс орталығындағы барлық басқармалар мен департаменттің қызметкерлері және облыстағы қала, аудан тұрғындары өздерінің аумақтарында тазалық жұмыстарына атсалысуда. Мемлекеттік қызметкерлер мекеме маңын күл-қоқыстан тазалап, ағаш түптерін әктеп, абаттандыру жұмыстарына қатысты. Айта кетейік, облыс орталығы Түркістанда ақпан айынан бері қала көшелеріне 18 түрлі жалпы саны 53094 ағаш көшеттері отырғызылды.
Бұл күнгі сенбілікте 1523 шұңқыр қазылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Қалған көшелерде әктеу, қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Іс-шаралар 13 наурыз күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» облыстық челленджімен жалғасты. Челленж Түркістан қаласы Ясауи кесенесінің алдынан басталып, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, атақты спортшылар, өнер адамдары, этнос өкілдері және жастардың қатысуымен «Түркістаннан Отырарға» деген ұранмен басталды. Ары қарай белгіленген кестеге сай әр аудан, қала бір-біріне құттықтау челенжін жолдап, әр жарты сағат сайын әлеуметтік желілерде жарияланды.
ЫЛДИДАН ШАПСА, ТӨСКЕ ОЗҒАН

Түркістанда Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз мерекесіне орай, «Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен бұқаралық жүгіру марафоны өтті. Қырық шақырымнан астам марафондық жүгіруге 500-ден астам желаяқ қатысты. Бұл іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Түркістан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен ұйымдастырылған марафонға 500-ге жуық адам қатысып, бұқаралық спортты қолдайтындарын көрсетті. Олардың арасында спорт саласының мамандары мен жастары, аға буын мен кішкентай балалар да бар. 66 жастағы түркістандық ардагер спортшы Марат Божбанбаев мұндай спорттық шаралар адам ағзасына өте пайдалы екендігін тілге тиек етті.
Мерекелік сайыста 35 жасқа дейінгі жастар арасында бас жүлдені Ардашер Захадинов иеленсе, күміс алқа Ақниет Абдурасилұлына тиесілі болды. Ал, қола жүлде Ердаулет Абеновке бұйырды. Сондай-ақ 35 жастан жоғары ерлер арасында Еркін Жадырисов алтын алқаны иеленсе, екінші орынды Марат Нұрмаханов еншіледі. Ертай Қамбаров қола жүлдені қанағат етті.
Қыздар арасында 35 жасқа дейінгі қатысушылар арасында бірінші орынды Гулнәр Искакова иеленсе, күміс жүлде Ксения Самсоноваға бұйырды. Ал қола жүлдеге Диана Сейтенова қол жеткізді. 35 жастан жоғарылар арасында жеңімпаз атанған Малика Есжанова өзінің жылдамдығымен көпшілікті таң қалдырды. Күміс жүлде Фариза Мұсаеваға және қола жүлде Гүлшара Акимбековаға бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтап, арнайы тағайындалған медальдар және грамоталарды табыстады. Түркістан жұртшылығының арасында жоғары деңгейде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар ұлттық спорт түрлері ойындарымен жалғасуда.
БЕРЕЛ БЕКЗАДАЛАРЫ БИІККЕ БАСТАЙДЫ

Наурыз мерекесіне орай Түркістанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесінде «Берел қазыналары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Түркістан қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетіне қарасты Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» музей-қорығының директоры Алмас Сарыбасов, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан облысы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Эльвира Момынова, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков арнайы қатысып, көрменің мақсаты мен маңызына тоқталып өтті. Көрменің ашылуына мәдениет пен білім саласының және музей басшылары, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Көрме экспозициясына Берел қорғандарындағы қазбалар, онда табылған скиф-сібір аң стиліне немесе сақ өнеріне (б.з.д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдар мен жылқы әбзелдерінің реконструкциясы, жылқының сүйектен жасалған ер-тұрмандары, сақ қорғанынан табылған ат әбзелдері, қола айна, әшекейлер өзге де заттар қойылған.
Көрменің мақсаты – ҚР Ұлттық музейінің және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорларында сақталған сақ өнерінің жәдігерлерін, Берел қорымынан табылған құнды дүниелерді Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына таныстыру, қазақ жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеттерін насихаттау.
Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен. Берел қорымын ең алғаш болып 1865 жылы Вильгельм Радлов зерттеп, осы ауамақтағы ең алып нысан «Үлкен Берел қорымын» ашқан болатын.
Арада 100 жыл өткенде Берел қорымына Ресей Федерациясының мемлекеттік Эрмитажынан Сергей Сорокин археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Одан кейінгі кезекте есімі Берел ескерткіштерімен қатар аталатын отандық зерттеуші Зейнолла Самашев та бар. Ол 1998 жылы Берел қорымындағы археологиялық зерттеу жұмыстары барысында №11 «патшалық обадан» алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапты. Берел қорымы табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттарының нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Ондағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Қорымда киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей, жақсы сақталған. Берел қорымынан табылған заттарды зерттеуде алғаш рет жаратылыстану ғылымдарының әдістері пайдаланылды. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ерте көшпелілердің ДНҚ-сын анықтауға болатын, сонымен қатар Берел даласының палеоэкологиясы, палеозоологиясы мен антропологиясы бойынша құнды мәліметтер алынды. Аталған көрме Түркістан жұртшылығы мен қалаға келуші саяхатшыларға бір ай бойы ұсынылмақ.
ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ТОҚТАМАЙДЫ
Онкүндіктің алғашқы шарасы «Наурыз – тазалықтың айнасы» атауымен сенбіліктен бастау алды. Өңірдегі 17 аудан, қалада тұтастай сенбіліктер өткізілуде.
Игі бастама аясында облыстағы 17 аудан, қалада тұтастай сенбіліктер ұйымдастырылып, «Әр отбасыдан – бір ағаш» тал егу акциясы өтті. Аталмыш шарада жергілікті аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері, әлеуметтік нысандар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар, мен БАҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар белсенділік танытып, туған жер табиғатының түрленуіне үлестерін қосты.
Атап айтсақ, Арыс қаласындағы тазалық шарасы «Арбат» саябағынан басталып, Тәжібаев көшесінің бойына дейін жалғасты. «Жасыл Арыс» мекемесі ағаш көшеттерін арнайы техникамен жеткізіп, қажетті құралдармен қамтыды. Мемлекеттік қызметшілер «жасыларыстықтармен» бірге дайындалған аумаққа жиынтығы 3000-ға жуық ағаш көшетін отырғызуға жәрдем беріп, арнайы техникамен жеткізілген су ағаш түптеріне құйылды. Егілген жас шыбықтар арасында қырым қарағайы, арша, айлант, сумах, қарағаш, багряник, тұт ағаштары бар. Сауран ауданында «Әр отбасыдан – бір ағаш» тал егу акциясы аясында 1600-ге тарта сәндік, жапон сафорасы, шынар сынды ағаш түрлері отырғызылды.
Ал, Төлеби ауданы бойынша барлық мәдениет және спорт қызметкерлері жаппай сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарына атсалысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы КММ-сі, Ленгір қаласы әкімінің аппараты және Тәжік-ауған соғысының ардагерлерінің бірлесе ұйымдастыруымен Ленгір қаласы мен Жаңакүш ауылының арасындағы көше бойларына тал егілді. Жалпы сенбілікке ардагерлер, жастар, еріктілер қатысып, 150-ден астам көшет, жеміс ағаштары, қара ағаш, можжевельник талдары отырғызылды.
Созақ ауданында наурыз айының басынан бері 11 070 түп ағаш, 2100 түп гүл көшеті отырғызылды. Бүгінгі ұйымдастырылған сенбілік барысында мекемелердің ауласына, көше бойлары мен аяқ жолдарды, саябақтарды, балалар алаңшалары мен спорт алаңшаларына тазалық жұмыстары жүргізіліп, каналдар мен бұлақтардың арналары ашылды. Аталған шара Түлкібас ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар гүл егілетін жерлерді қопсытып, көшет отырғызу жұмыстарын іске асырды.
Отырар ауданының тұрғындары да тазалық шарасында белсенділік танытты. Табиғат жанашырлары шара аясында үш мыңға жуық қара ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ Шардара ауданы бойынша 8650 түп ағаш және 1500 түп гүл егілді. Сарыағаш ауданында жүргізілген тазалық шарасына мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен еріктілер қатысты. Әр мекеме өзіне жүктелген аумақты қоқыстан тазалап, ағаш көшеттерін отырғызды. Сенбілік жұмыстарына 19-дан аса техника жұмылдырылды. Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян ауылындағы көше бойлары мен саябақтарға, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына үш мыңнан аса тал көшеті отырғызылды. Жалпы аудандағы барлық ауылдық округтерде көктем мезгілінде 13 түрлі, 13 400-ге жуық тал көшеті отырғызылып жатыр.
Сондай-ақ сенбілікте Қазығұрт, Келес, Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Жетісай тұрғындары да белсенділік танытты. Жалпы шара барысында облыс аумағындағы су арналары ретке келтіріліп, елді-мекендердің көше бойлары қоқыстардан тазартылды. Сенбілік нәтижесінде жиналған қоқыс арнайы орындарға тасымалданды. Осылайша, Наурыз мерекесі қарсаңында облыс аумағы тазарып, көшелері көріктеніп, ажарлана түсті. Тазалық шарасы өңірде алдағы уақытта да жалғасады.
ЖҮЙРІК ОЙ ЖАРЫСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ
Наурыз мерекесіне орай, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Кентау қаласында тоғызқұмалақтан классика түрінен ерлер мен әйелдер арасында Түркістан облысының жекелей чемпионаты өтті.
Жүйрік ойды талап ететін спорт жарысында ерлер арасында Шардара ауданынан келген Тұран Аждурлиев бас жүлдеге қол жеткізді. Ал, түлкібастық дарынды спортшы Сейдімбек Жанәсіл күміс жүлдегер атанса, Отырар ауданының үкілі үміті Әбдіханұлы Дастан қола жүлдені қанағат етті. Түркістан облысында тоғызқұмалақпен шұғылданатын кәсіби спортшы қыз-келіншектер көп. Солардың арасында төлебилік талантты қыз Лина Каримова алтын медаль жеңіп алды. Аса тартысты өткен бұл жарыста киелі Отырар ауданының намысын қорғаған Гүлназ Байболат күміс жүлдені, ал, Қазығұрт ауданының спортшы қызы Ақбота Намаз қола жүлдені еншіледі.
PS: Наурыз мерекесінің Түркістан өңіріндегі алғашқы үш күніндегі мәдени- бұқаралық шаралар осындай. Алдағы жеті күн бойы өткізілетін мәдени-бұқаралық, спорттық, салт-дәстүрді насихаттауға арналған кешенді бағдарламалармен газетіміздің келесі нөмірінде таныстыратын боламыз.
ЖЕЛАЯҚТАР ЖІБЕК ЖОЛЫНДА ЖҮЗДЕСТІ

Рухани астанадағы «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» тақырыбындағы денсаулық акциясы жоғары деңгейде өтті. Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай бастау алған спорттық шараға өңіріміздегі спорт саласының қызметкерлері, спорт ардагерлері, үздік спортшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Шараға жалпы саны 500-ге жуық адам қатысып, өздерінің белсенділіктерін көрсетті.
Жиын барысында сөз алған Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Игілікті істі Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
– Спорт саласында еңбек етіп жүргеннен соң шараға отбасыммен келуді жөн көрдім. Жұбайым және қос бірдей ұлыммен акцияға қатысып, көпшіліктен қалмай 10 шақырымды жүріп өттік. Шынында спортпен айналысқаннан бөлек күніне бірнеше шақырым жаяу жүруді дәстүрге айналдырсақ деген ниеттемін. Отбасымызбен арнайы сертификатқа қол жеткіздік. Бұл – ұлдарым үшін үлкен мотивация, – деді Түркістан қалалық жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушысы Еркебұлан Қонарбаев.
Негізгі мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқара халық арасында спортты кеңінен насихаттау болып табылады. Облыс орталығындағы «Жібек Жолы» саябағында өткен іс-шарада белсенділік танытқан спорт ардагерлері алғысқа бөленді. Өз мәресіне жеткен акция соңында үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Бетті әзірлеген: Ескендір ЕРТАЙ.