Қазақ халқының салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз бір кезде ұмыт болып, кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен таралып жүр. Ендеше бүгін ұмыт қалған ұлттық ойындарға қысқаша шолу жасайық.
ТҰМАҚ ҰРУ
Ойын жазық, кең алаңда өткізіледі. Қатысушылар 20-30 адымдай жерге таяқты жерге қадап, оның басына бас киім іліп қояды. Сосын аттылы ойыншының біреуі қолына қамшы ұстап көмбеге келеді. Жүргізуші оның көзін орамалмен байлап, атының басын бас киім ілінген қазыққа қарай бұрып жібереді. Көзі байланған ойыншы атын желдірте жүріп бара жатып, қазықтағы тұмақты қамшысымен дәлдеп ұруы керек. Егер тұмаққа дәл тигізсе, белгіленген жүлдені ұтып алады. Ал тигізе алмаса, жұрттың күлкісіне қалады.
КҮМІС ІЛУ
Күміс ілу – ептілікті, атқа жақсы отыруды керек ететін ұлттық ойын. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей жерлерде бұл ойын жүзік ілу деп аталады. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпестен, әлгі орамалды іліп алуы керек. Сонда ол беташар айтуға рұқсат алатын болған.
ҚАРАКИЕ
Бұл ойын көгалда, спорт алаңдарында өтеді. Ойынға тек ер балалар қатысады. Адам санына шек қойылмайды. Әр ойыншының қолында қайың, ырғай, тал секілді қатты ағаштан жасалған ұзындығы 3-4 метрлік найза таяқ болады. Кейбіреуі таяқтың ұшына жез, одан кейін темір таққан. Ереже бойынша ойыншылар бас киімдерін шешіп ортаға тастайды. Көмбеден 25-30 адымдай жерге қазықтар қағып (аралары 1 метр), бас киімдерді қазықтарға бір-бірлеп іледі. Сонан соң әр ойыншы көмбеде тұрып қолындағы найза таяғын лақтырып, бас киіміне тигізуі тиіс. Көп тигізген ойыншы ұтады. Әлсіз ойыншы бір-екі рет лақтырғаннан кейін ойыннан шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізуші оны ойын аяқталғанша жібермей, соңынан «жаза» қолдануы шарт. Ойын ережесі бойынша әр ойыншы үш реттен, немесе бес реттен нысананы көздейді. Қорытындысында кім қанша ұпай жинағаны анықталып, ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады.
Дайындаған: Жанайым ШЫРЫНБЕКОВА,
ХҚТУ-дің 4 курс студенті.