Апта басында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттық кеңесте мемлекеттік органдардың нақты және үйлесімді жұмысында қағаз жүзінде деректер жақсы болғанымен нәтиже шамалы екенін алға тартып, халыққа жағдай жасай алмаған әкімдерді қатаң сынға алған еді.
Сондай-ақ, өңір басшысы өз сөзінде: «Нақты жұмыс жоқ. Құр бос сөз, әңгіме. Жоспар да қағаз бетінде қалып қойған. Оны жазған соң, жүзеге асыру керек. Қайтарымсыз грант – оңды-солды ақша үлестіру емес. Ол бір реттік көмек болып қалмай, әрі қарай дамуы керек. Пайдасы болуы қажет. Жұмыспен қамту үлесін арттыру, тұрғындарды кедейлік шегінен шығару – әкімдердің басты міндеті», – деп осы саладағы жұмыстарға қатаң ескерту жасады. Шынында бұл бағыттағы жұмысқа көпшіліктің көңілі толмайды. Облыс әкімі осы жағдайды аңғарса керек.
Түркістан қалалық қоғамдық кеңесінің (аталған кеңестің мүшесімін) жыл басындағы отырысында дәл осы мәселе бойынша Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсеноваға сұрақ қойып едім: «Түркістан қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тарапынан кәсібін бастап жатқандарға берілетін гранттар, мамандыққа баулитын арнайы курстарда оқыған жұмыссыз азаматтар және тұрақты жұмыспен қамтылғандардың есебінен соңғы үш жылда қанша жан кедейшілік шегінен шықты?» – деген сауалыма бөлім басшысы нақты жауап бере алмады.
-Бізде ондай мәлімет жоқ,- дейді.
Есесіне Түркістан қаласында мемлекеттен берілетін қолдауларға мұқтаж жандар саны жыл өткен сайын артып барады. Бөлім басшысының жауабынан ұққанымыз әлеуметтік көмекке зәру адамдарға қолдау көрсетіледі, қаржы бөлінеді. Бірақ сол гранттарды игеріп, курстардан өтіп, жаңа мамандыққа маманданған жандардың жұмысы тұрақталды ма, кәсібін жүргізіп кетті ме әрі қарай бақылау өз деңгейінде жүргізілмейтін сыңайлы. Осы ретте бұл тұрғындарды кедейліктен шығару бағытындағы жұмыстарда сөз бен істің арасында алшақтықтың көп екенін, салдарынан осындай бақылаудың төмендігі масылдыққа жол ашып отырғанын аңғартпайды ма деген ой туындайды?
Сондықтан осы саланы жетілдіру барысында елеулі реформа керек деп санаймын. Мемлекет өз азаматтарын тұрмыс тауқыметінен шығаруға күш салып, миллиардтаған қаржы жұмсайды. Ал, оның нәтижесі Түркістан қаласындағы аталған бөлім басшысының жауабындай болса сонда біз не ұтамыз?
М.ДӘУЛЕТОВ,
«Түркістан».