ҚАРАШЫҚТЫҢ 2000 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

1  971 көрілім

Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылының 2000 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Жиынға Өзбекстан, Түркия және Қазақстанның тарихшы-археологтары, ғалымдары, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиетінің ғылыми қызметкерлері тағы басқа да қонақтар қатысты.


Қазақстан – сан ғасырлық тарихтың ғана емес, елеулі өркениет жауһарлары қатарына өтетін бай мәдениет игіліктердің де иесі. Біздің жерімізде мекен еткен ежелгі ұлыстардың көшпелі отырықшы мәдениетін аса жоғары болғандығын көрсетеді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан халықаралық сауданың, түрлі кәсіпкерлер мен ғұламалардың және өңірдің орталығы болған ежелгі қала Қарашық, сол заманғы қалалардың бірі болған. Көне дәуірлерден бастау алған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сол әпсаналарға негіз болған қасиетті жерлерді халқымыз қашанда киелі санайды. 2000 жылдық тарихы бар Қарашық жері де осындай тарихи жәдігерлерге бай.


Ендеше, Қарашық ауылының тарихына қысқаша тоқталып өтсек. Оңтүстік өлкесінің территориясында сонау Оғыз заманынан қалған этнотопонимдер (халық, ел, тайпа, ру аттарынан шыққан атаулар) баршылық. Оғыздар біздің өлкеге Түркі, Батыс Түркі қағанаты тұсында түркі халықтарының құрамында қоныстанған (VІ – VІІІ ғғ.), ал, ІХ ғ. Сырдың орта және төменгі ағысы мен Каспий, Арал теңізі жағалауларында Оғыз мемлекетін құрды. Оғыздардың құрамында отырықшы және көшпелі тайпалар да болып, өмір сүрді. Отырықшы тайпаларының аттары елді мекендерімен бірге бүгінгі күнге дейін жетті. Орта ғасырларда барлық халықтардың ата, ру, тайпаларға бөлініп, мүмкін болса бір жерге қоныстанып, бірге көшіп – қонып, бір жайлау мен қыстауды, не қаланы мекен етуге тырысқаны тарихи жазбалардан мәлім.


Қазақта «У ішсең руыңмен» деген сөз сол замандардан қалған, тіпті, ауыл, қала, қоныс қана емес мемлекеттердің де атауы халықтардың атымен аталатыны сол дәуірден қалған жаңғырық. Олай болса, Махмұт Қашқари, Рашид ад – дин, Әбілғазы хан, Шәкәрім еңбектерінде кездесетін Оғыз тайпаларының аттары сол өздері VІ – VІІІ ғғ., ІХ – ХІ ғғ. қоныс еткен мекендеріне беріліп бүгінге дейін жеткен деуге толық негіз бар. Солардың бірі деректерде айтылғандай «Қарашық, Қорачик, Қараджық» түрінде кездесетін Қарашық елді мекені делінген. Бүгінде қойнауы тарихқа толы Қарашық ауылына 2000 жыл толып отыр. Үш елді-мекеннен тұратын Қарашық, Құмтиын, Қаратөбеде жалпы халық саны 10432 құрайды.
Айтулы мерекелік шара алдымен тарихи-этнографиялық музейдің ашылуымен басталды. Музейдің ашылуында Кентау қаласы әкімінің орынбасары Самат Расул, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев, «Достық» өзбек қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов сөз сөйлеп, Қарашық ауылының 2000 жылдығымен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Бұдан соң келген қонақтар музейді аралап, онда көне Қарашық қаласынан табылған экспонаттарға қанықты. Түркістан қаласына келген туристер енді, облыс орталығына жақын орналасқан Кентау қаласы Қарашық ауылына да келіп, тарихи орындарды тамашалай алады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарашық ауылының тарихын жан-жақты зерделеу, зерттеу мақсатында «Тарихы терең Қарашық» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Оған елімізден ғана емес, шет мемлекеттен келген қонақтар, ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады. Шара барысында театрландырылған қойылым, концерттік бағдарламалар, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, келген қонақтарға мерекелік кеш сыйлады.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы