ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ ТАРИХЫНДА ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНЫҢ АЛАР ОРНЫ

400 көрілім

Тәуелсіз Қазақ Елі жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Қанатын кеңге жайған еліміз әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылуға негіз болатын жаңалықтардың бірі – әліпбиді өзгерту саласында реформа жасауы, бұның өзі – Тәуелсіздігіміздің айғағы.

Әліпбиді өзгерту өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алмасу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасайды. Латын графикасы жер жаһандағы ғаламтор арқылы ақпарат айдынына, білім мен ғылым саласына еркін енеді. Сонымен бірге, түркі әлемін біріктіруге күш салады. Латын графикасына көшу қазақ тілінің мәртебесін көтереді.

Ұлан-ғайыр даласының қарыс жерін қасық қаны қалғанынша қорғап келген ұлттың асыл тегіндегі кеудесін бастырмайтын на­мыс, өрлігінен айнымайтын рух мәңгі үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Өрлігі мықты халқымыздың, Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры – Жер, екіншісі – Тіл, үшіншісі – Мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Үш басымдық аясында халқымыздың жазба тарихының алар орны ерекше.

ХХІ ғасырдағы қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруда қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру – еліміздің ауқымды міндеттері болып саналады. Мәңгілік Ел тарихында еліміздің әліпби тарихы тереңнен тамыр алады, ғылыми ізденісті қажет етеді. Адамзат тарихында ең көне әліпбилердің бірегейі латын әліпбиі деп танимыз.

Мемлекет басшысы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды», «Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», – деген болатын. Сондай-ақ, қазақ жазуының латын графикасына көшірудің маңызы мен жауапкершілігін атап көрсетті:

«Әлемдік ақпарат кеңістігі жаңа технологиялардың енуінен тез транформацияланып жатыр. Біздің балаларымызға жаңа реалийге ену керек, себебі негізгі ақпараттық ағын латын графикасына сүйенеді. Қазақ әліпбиін жаңғырту қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін кеңейту үшін қолға алынып отыр.

Сондай-ақ, біз латын жазуына кезең-кезеңмен, асықпай, орталықазиялық мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып көшеміз. Себебі әңгіме тек кирилл графикасын латынға ыңғайлап қою да емес, қазақ тілі орфографиясының реформасы туралы болып тұр. Мұнымен қоса, қазақ әдебиеті классикасының барлық дерлік маңызды шығармасы кирилл графикасымен жазылғанын ұмытпау керек. Қазақтың бірнеше ұрпағы кирилл жазуымен білім алды және алып жатыр. Сондықтан асықсақ үлкен іске кедергі болады, бұл іске парасатпен қарау керек». Осындай Мемлекет басшысы тарапынан берілген сын-ескертпелері мен латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіруге байланысты берген тапсырмасынан кейін бекітілген әліпбиді ғылыми тұрғыдан негіздеп, практикалық тұрғыдан мақұлдаулардан өткізу жұмыстары Орфографиялық жұмыс тобы тарапынан жүргізілді. Латын жазуына негізделген 20-дан астам жоба ұсынылды, әр жоба ғалымдар тарапынан талқыланып, сараланды. Жетілдірілетін тұстары әлі бар екендігі анықталды. Ол графикалық, емлелік мәселе и, й, у, яғни i, ı, ȳ төңірегінде болып тұр.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп «Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін» дайындады.

Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» екенін ескерсек, жалпы қоғам және жеке тұлға өміріндегі мәнді орны бәрімізге мәлім. Сол себепті де латын графикасын қазақ әліпбиіне көшірудің қажеттілігі біріншіден, әлемдік өркениетпен ықпалдаса отырып, ақпараттық кеңістікті кенейтуге ықпал етуімен сипатталады. Ол өз кезегінде білім беру жүйесі алдындағы басты талап – бәсекеге қабілетті құзыретті маман дайындау жұмысын едәуір қарқындылықпен ілгері жылжытуға мүмкіндік туғызады. Екіншіден, латын графикасы Қазақстанның ішінде ғана жобаланған саясат емес, бұл бүкіл дүниежүзі тілдерінің жазуы, себебі қазіргі ағылшын, француз, неміс, италиян секілді өркениетті елдердің тілдері терең бастауын сол латын графикасынан алады. Үшіншіден, латын графикасына көшу қажеттілігі таза лингвистикалық сипаттағы бірқатар себептермен түсіндіріледі. Латын қарпіне көшу қазақ тілін дамытуға, қолданысын кеңейтуге оң әсер етеді, қазақ тілінің табиғатына айрықша мән беріп, қазақ тілін үйренуге жаңа серпін береді.

Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің ерекшелігі:

– акут әліпбиімен берілген әліпбиде 32 әріп болатын және акут диакритикалық белгілері қазақ тіліне ғана тән ә, ө, ү, ғ, ң, у дыбыстарын белгілеу үшін қолданылды. Сонымен қатар, онда ш, ч дыбыстарын таңбалауға қолданылған екі диграф (қос әріп) таңба да бар еді. Өздеріңіз білетіндей бұл әліпбиге мамандар тарапынан да, қоғам тарапынан сын айтылды. Осыған байланысты Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобына, ғалымдарға әліпбиді жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы тарапынан тапсырма берілген болатын. Нәтижесінде қолданысқа ыңғайлы жетілдірілген әліпби нұсқасы даярланды. Оның басты ерекшеліктері мынада:

– біріншіден, «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымы ескерілген;

– екіншіден, мамандардың талқылап, сараптауынан өткен, диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан алынып тасталды, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон дикритикалық белгілері таңдалды;

– үшіншіден, аталған әрбір диакритикалық белгінің халықаралық деңгейдегі жалпы қабылданған ортақ фонетикалық мәні болғандықтан дыбыс мазмұнын дәлме-дәл бере алады, яғни халықтар арасында тілді түсінбесе де бірдей таңбалық мән негізінде қабылдауда ортақ түсінік тудырады;

– төртіншіден, қазақ тіліндегі дыбыстарды белгілеу үшін пайдаланылған әріп таңбалары халықаралық фонетикалық әліпби базасындағы таңбаларына сай келеді;

Осы күнге дейін тұтынып келген емле ережелері ресми түрде 1983 жылы бекітілген екен. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі экономикалық, техникалық даму барысындағы, гуманитарлық ғылымдардағы жаңғыруларға қатысты тілге енген жаңалықтар мен өзгерістер Орфографиялық сөздіктер, анықтағыштарда ескеріліп отырды. Бұрынғы емледегі тіліміздің табиғатын сипаттайтын негізгі ережелер өзгере қойған жоқ. Ал енді осы жаңа әліпбиге енген өзгеріс өз алдына бөлек бір дүние ғой. Сондықтан да жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден ерекшелігі болары сөзсіз. Алдыңғы ережелер қазақ тілінің табиғатына қайшы, орыс тілінің заңдылықтарын да қоса мазмұндайтын шатыс боп келді. Яғни, орыс тілінің дыбыстары сол қалпында сақталып жазылды, сол арқылы енген кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясына сәйкестендірілген болатын. Ал жаңа емле барынша қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалды, яғни енді орыстың 9 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э, ё) кездесетін дыбыстарды қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Мәселен, элемент – element, цирк – sirk, чемпион – şempion т.б.

Сондай-ақ, осы кезге дейін кейбір сөздердің жазылуында ала-құлалық болды, яғни бір модельдегі сөздер әртүрлі жазылып жүрді. Енді сол олқылықтардың бәрі жаңа емледе бірізденіп, өз шешімін біршама тапты. Сонымен қатар алдыңғы ережелер 10-12 тараудан, 129 параграфтан тұрса, жаңа емле 9 тараудан, 107 параграфқа ықшамдалды.

Қорыта айтқанда, қазақ жазуы тарихына енгелі отырған латыннегізді жазуымызға өр түріктің Мәңгілік Елдікке үндеген Орхон-енисей жазуының ЕРЛІГІН, түркі әлемінің өркениеті: тілін, ділі мен дінін, әдебиетін, мәдениетін дамытқан Араб жазуының ұзақ ғұмырын тілеймін!

Нағима ҚОШАНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы