ӨНЕГЕЛІ ҚАРИЯ

467 көрілім

Сексеннің бесеуінен асқан аға ұрпақ өкілі, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы ауыр жұмыстардың бел ортасында болған Аман қариямен әңгіме-дүкен құра отырып, өміржолы жайлы жазуға ұмтылдық.

Аман Абдуллаев 1936 жылы Майдантал елдімекенінде дүниеге келген. Балалық шағы зұлмат соғысқа тап келіп, ерте есейген буындардың бірі. Басынан өткен ауыр кезеңді ұмытпаған қария сол жылдар туралы айта отырды.

-Әкем Абдулла партия мектебін бітіре сала өзі сұранып соғысқа кетіпті. Туған ағам жасы 18-ге келген тұста ол да соғысқа аттанды. Бауырымның қайтыс болғаны жайлы қаралы қағаз келді. Бұл жағдайға анам қатты күйзелді. Елдің жағдайы сұрапыл соғыс басталған тұста «жығылғанға жұдырық» дегендей бұрынғыдан да қиындай түсті. Бес жастан асқан кезім болса да анам екеуміздің бастан өткерген ауыр кезеңдер әлі есімде. Сол жылдары ауыл белсенділері анам Айжамал екеумізді судың сайға ағып кетпеуі үшін жасалған науаға «қарауыл боласыңдар» деп, айдаладағы бір қамыс қораға апарып тастады. Түнде қасқырлар ұлып, жан-жақтан шибөрілер шулап, қораға жақындаған кезде анам қорыққанынан мені құшақтап жылайтын еді. Күндіз қасымызға бірде бір адам келмейтін. Ашпыз… Кепе лашықтың ішінде киіз астына төселген сабанның арасынан бидайдың жеті бас масағын тауып алып, соны жеті күн өлмес азық еттік. Сол бір азапты да ауыр күндер әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді, есімнен шықпайды. Жетім-жесірдің қорғаны бір Алла дегендей, қақаған қыс мезгілінде 18 км қашықтықтағы жерден омбы қарды кешіп, анам екеуміз әупірімдеп ауылға жеттік. Елге жеткен соң ағайындар көмектесіп, солардың демеуімен күнімізді көріп кеттік. Бізді айдалаға тастап кеткен ауыл белсендісін одан кейін көрмедік. Жазасын Алла берді деп ойладық.

Елге жаралы болып оралған әкем соғыс жылдарында аш-жалаңаш болған елдің ауыртпалығын жеңілдетуге үлес қосты. Мені де өзі сияқты адал еңбек етуге баулып, өнегелі тәрбиесін берген әкем 90 жасында өмірден өтті. Өмірінің соңына дейін «адам бол, адал бол» деген өсиетін айтумен болды. Анам 12 құрсақ көтерген жан. Алайда туған ағам соғыста қайтыс болса, одан кейінгі бауырларым есейіп қалған 12-14 жастарында ауырып бірінен кейін бірі қайтыс болды. Бір қарындасым екеуміз тірі қалдық. Бүгінде туған қарындасым Ділбар Шорнақ ауылында тұрады,-дейді Аман қария.

Жастайынан қиындықты көп көріп, еңбек майданында шыңдалып өскен Аман Абдуллаұлы 12 жасында мақта алқабында тракторды игерген. Маңдайыңа не жазылса соны көресің дегендей, 12 жасынан бастап трактор айдап, соғысқа кеткен үлкендердің орнында аянбай еңбек еткен ол кәмелет жасына жеткен шағында Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласындағы армия қатарына теңестірілген жүн-тері қабылдайтын цехта 1954 жылдан 1959 жылға дейін күндіз-түні ауыр азапты жұмысқа жегіледі. Содан елге оралған ол туып өскен жері Майданталдан май заводын ұйымдастырып, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге кіріседі. Шаңырақ құрып, анасының қолын ұзартады. Құдай қосқан қосағы Карима екеуі өмірге 4 ұл мен 4 қызды әкеліп, оларға өнегелі тәрбие береді.

Елдің жағдайы жақсара бастаған 1963 жылы Түркістан қаласына көшіп келіп, сауда саласына товаровед болып жұмысқа орналасып, 30 жыл осы салада абыройлы еңбек етіп, 1991 жылы еңбегінің жемісі – зейнеткерлікке шығады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, еңбекпен бірге бойына имандылық қасиетті дарытқан Аман қарияның ұл-қыздарының барлығы да өнегелі, ибалы, жоғары білімді мамандар, бүгінде әрқайсысы бір-бір үйдің отағасы мен отаналары.

Құдай қосқан қосағы Карима апа 2019 жылы қайтыс болыпты. Қазіргі таңда Аман қария үлкен ұлы Мұхаммеджанның қолында тұрады. Адал еңбегі мен көпшіл қасиетімен ауыл-аймаққа қадірлі бола білген Аман қарияның Мұхаммеджан, Қасиет, Сұлтанхан, Рана, Неметжан, Алымжан, Сабыржан, Оғылпатша есімді ұл-қыздарынан тараған 22 немересі, 27 шөбересі, 2 шөпшегі бар.

Қария қарашаңырақта кезінде өзі қолданған бүгінде жәдігер болып қалған көптеген дүниелерді, атап айтсақ, 40 литрлік дәу қазан, үш аяқты ошақ, жуаз (ағаштан жасалынған май шығаратын аппарат) және ата-анасынан қалған бірнеше құнды заттарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне өткізіпті. Бұл жөнінде өзі: -Мәңгілік елдің ұрпақтары ата-бабалары қолданған дүниелерді көріп, тәлім-тәрбие алып жүрсін деген мақсатым болғандықтан өтеуіне бір тиын алмастан тегін өткіздім,-дейді. Сонымен қатар, қария 12 жасында айдаған тракторы мен өзінің суретін үлкен баннер етіп, Майдантал ауылына іліп қойғанын қуанышпен жеткізді. Немере-шөберелерінің ортасында отырғанда оларға төзімділік пен еңбекқорлықтың маңыздылығы жайлы жиі айтатынын да айта кетті.

Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, тыл және еңбек ардагері Аман Абдуллаевтың еңбектегі жеткен жетістіктері ескеріліп, кеудесі мерекелік медальдарға толы. Еліміздің өркен жайған жастарына ақ тілегі мен батасын берген қарияға «Жүз жасаңыз Аман ата!» деген ақ тілекте болдық.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы