ЖАҢА РЕФОРМА ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖЕТЕЛЕСЕ

1  260 көрілім

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері құқықтық мемлекетті қалыптастырудың жолында ауқымды реформаларды басынан өткерді. Солардың қатарында мемлекетіміздің ішкі тәртібін, қылмыспен күресті күшейту мен оның алдын алу, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау мақсатында құқық қорғау органдарының қызметтерінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірнеше реформалар жүргізілді. Әлі де ІІМ-гі уақыт талабына сәйкестену мақсатында көптеген ізденістер жасауда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында Сенатта ІІМ, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, басқа да құқық қорғау органдарының, сондай-ақ, адвокаттық және ғылыми қауым басшылығының, Құқық қорғау органдары академиясының тыңдаушыларының қатысуымен «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін одан әрі жаңғырту» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда: «Қылмыстық процесс – бұл адамның құқықтары мен бостандығына билік көбірек ықпал ететін тәуекелі жоғары сала.

Азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысына және соттың әділдігіне сенімсіздікпен қарауына жол беруге болмайды. Мұндай жағдай қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына теріс әсерін тигізері даусыз. Құқық қорғау органдарының сапалы қызметі азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыратын және олардың қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін салмақты фактор болып табылады», – деп атаған болатын.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы құқық қорғау саласын жетілдіруге қатысты бірнеше мәселелерді қойып, солардың қатарында Үкімет алдында қызмет көрсетудің сервистік моделін негізге ала отырып, құқық қорғау органдарының азаматтармен заманауи форматта жұмыс істеу жүйесін жедел қалыптастыру міндеті тұрғанын және арыз тіркелгеннен бастап сот шешімі шығарылғанға дейін істерді қараудың барлық сатыларын жаппай цифрландыру қажеттілігіне тоқталған. Цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың орын алуын азайтып, онлайн режимдегі қолжетімді кері байланыс орнатуда шешуші рөл атқарады. Тиімді қылмыстық процесс жүйесін қалыптастыру күрделі жұмыс екені сөзсіз. Дегенмен, қоғам жоғарыдағы мәселелердің жақын уақыт аралығында оң өзгерістерге бетбұрыс жасайтындығына сеніммен қарайды.

«Ақорда» резиденциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы ішкі істер министрлігінің алдына құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы міндет қойғанын айтып, «Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан, ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуға тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет. Осы мақсатта, біз Елбасы бастаған құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастырамыз», – деді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өз өміріне қауіп төнсе де, өзге адамдарға көмек қолын созатын қатардағы полицейлерге ризашылығын білдіріп, мемлекет тарапынан ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне және олардың отбасына лайықты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Дегенмен де, жақын арада Үкімет деңгейінде арнайы бағдарламалар қабылданып, полиция қызметкерлерінің жалақысын көтерумен қатар қызметтерінің ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуметтік-тұрмыстық қолдау көрсету мәселелері қолға алынса. Оған қоса, полиция басқармаларының, бөлімдерінің, қылмысты іздестіру, тергеушілердің материалдық-техникалық базасының әлеуеті төмен екендігі байқалып тұрады. Қылмыстық оқиға болған жерге көбінесе полиция қызметкерлері жеке көліктерімен немесе тамыр-таныстарынан көмек сұрауға мәжбүр болатыны жасырын емес. Қызметкерлер арасында жеке отбасылық қажеттіліктен гөрі қызметтік міндетін ескертусіз, абыройлы атқару мақсатын жоғары санап, несиеге автокөлік алғандары да жоқ емес.

Нақтырақ айтар болсақ, уақытпен санаспай, қылмыстың ізін суытпай ашу, қылмыскерді анықтау, ұстау сияқты шұғыл жұмыстарды, кезек күттірмейтін тергеу амалдарын жүргізіп 2-3 күндеп демалыссыз, отбасын көрмей қызметте жүреді. Міне, сол азаматтар қызметіне лайықты еңбекақы ала ма? Одан бөлек, көпшілік арасында «полиция қызметі уақытпен нормаланбаған, өзің қалауыңмен келгенсің» деген ұғым қалыптасқан сияқты. Отбасы таңертең қызметке кеткен әкесін, не анасын қай уақытта аман-сау үйге оралатынына толық сенімсіз, алаңдаумен күтеді. Жаңа тағайындалған Ішкі Істер Министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев та Үкімет отырысында өзінің қызметтегі алғашқы ұсыныстарының бірі ретінде полиция қызметкерлерінің жалақысының төмендігін баса айтқан болатын. Әрине, полиция қызметкерлерінің еңбекақысы қайта қаралып, едәуір көтеріліп жатса, қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына көңіл бөлінсе ертеңіне алаңдамай, қызметтік борышына, антына сенімді қызметін жалғастыратынына қолдау болатыны және «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда кө-мек көрсетуші» деген түсінік орны-ғуына оң септігін тигізетіні сөзсіз.

Қазіргі таңда қоғам да, Мемлекет басшысы тарапынан да полиция саласына ауқымды өзгеріс керек деген талап қойылуда. Осы тұста реформаның жаңа формадан бастау алып жатқаны жайлы өз пікірімді айтуды да жөн көрдім. Қазіргі заманға сай, қызметтік міндетті орындауға ыңғайлы, жарасымды, маусымдық бас киімі мен жаңа киім үлгісін кигені қажет те шығар. Бірақ, халықтың, қоғамның реформадан басты күткені ел тыныштығын қамтамасыз ететін, әр азамат құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқандығына кепіл, қорғаныш бола алатын жүйенің қалыптасуын күтуде. Сәнді киім үлгісін кигенімен, дене пішініміз, күш-жігеріміз, кәсіби біліктілік деңгейі, шабуыл жасаған қылмыскерге қарсылық білдіріп, қорғану әдістерін қолдана ала ма, құқықтық сауаттылығымыз бен мәдениеттілік деңгейі қалай, полиция қызметкері болашақ саналы ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қоса ала ма?

Меніңше, бұл ойланатын, аса мән беретін мәселе. Әрине, бүкіл полиция жұмысын мүлдем жоққа шығару, олай бағалау дұрыс болмас. Бүгінгі таңда өз қызметіне адал қарайтын, бойында кәсіптік біліктілігі жоғары, азаматтық құқығы мен бостандығын қорғау басты борышым деп, уақытпен санаспай тыныштық күзетінде жүргендер баршылық.

Қоғамымыз Қазақстан полициясынан ел азаматтарының құқығы мен бостандығын, қылмыстық озбырлықтан қорғай білетін жаңа заманауи техникамен жабдықталған кәсіби күштік құрылым болғанын қалайтыны сөзсіз.

Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін одан әрі жаңғырту бағытындағы жұмыстарды құқықтық тәртіп саласының тәжірибелі басшыларының бірі, Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің басқаруындағы жеке құрам аттестацияға дайындық үстінде. «Полиция – халыққа жақын болу қажет» деген қағиданы жүйелі түрде жүзеге асыруды бастап та кетті. Облыс орталығы Түркістан қаласының басты даму бағыттарының бірі туризм болғандықтан, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар қызмет көрсетудің үлгілі сервистік моделі негіз ретінде алынуына мән беріліп, арнайы туристік полиция құрып, қызметкерлердің шет тілі мен жоғары мәдениетпен қызмет көрсете білетініне талаптар қойылып, қызметтеріне кірісті.

Осы орайда, ел тыныштығы күзе-тіндегі сақшы әріптестерімді, ардагер-лерді, олардың отбасын Қазақстан по-лициясының 27 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Балғабай НАҚЫПОВ,

З.ғ.д. профессор, ҚР ІІМ-нің «Құрметті ардагері».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы