ПОЛИЦЕЙДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН САҚТАУ

1  225 көрілім

Түркістан облысының орталығы болған қаламызда қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қалалық полиция басқармасының атқарып отырған еңбегі орасан зор. Ал, осы бір сала қызметкерлерінің күнін атап өту Елбасы, Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілген болатын. Бұл күн бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан ардагерлерге және осы қатарда еңбек етіп жүрген полицейлерге, қызметтік парызын өтеуде өмірін қиғандарға ризашылық пен алғыс білдіру күні болып саналады.

Тәуелсіздігіміз жарияланған күннен бастап Президентіміздің жүргізіп отырған саясатын халық арасына жеткізуде және жүзеге асыруда ішкі істер органдарының атқарып отырған еңбектері аз емес. Сондықтан да, Президентіміз бен Үкіметіміз ішкі істер органдары қызметіне айрықша көңіл бөліп, олардың болашақтағы жемісті еңбектеріне сенім артып келеді. Ал, бұл саланы таңдаған қызметкерден білім мен біліктілік, шапшаңдық пен сабыр талап етіледі. Осы қасиеттерді өз бойынан таба білген полиция басқармасының әр саласы өздерінің алдына қойған міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласының полиция басқармасында 200-ден аса қызметкер өз қызметтерін адал және шынайы атқаруда. Ел болған соң түрлі қылмыстар орын алып жатады. Соның ішінде ұрлық, адам өлтіру, мас халде көлік жүргізу сияқты үлкенді-кішілі қылмыстар кездеседі. Осы жағдайлардың барлығының алдын алу үшін полиция қызметкерлері күндіз-түні тыным таппайды.

Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылдың 5 айында қала көлемінде орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтардың деңгейі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 1044-тен 633-ке дейін немесе 39,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде аса ауыр қылмыс 50 пайызға, кісі өлтіру 60 пайызға, тонау 56,7 пайызға, бұзақылық 14,7 пайызға, ұрлық 47,5 пайызға, ірі қара мал 91,1 пайызға азайған. Сондай-ақ, пәтер ұрлығы, алаяқтық, есірткі, көшелерде жасалған қылмыстар, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар сияқты түрлері едәуір азайып отыр.

Қылмысты дер кезінде ашу – міндетіміз. Қандай да бір жағдайдың алдын алу мақсатында әрбір тұрғынға барынша көмектесіп, қолдау көрсету – парызымыз. Алдағы уақытта ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерімен қатар қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын сақтауда абыроймен жұмыс атқара бермек. Еліміздің қорғандары – полиция қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс, қызметтеріне сәттілік пен абырой тілеймін.

Д.МЕЙРХАН,

Түркістан қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы