ТІЛ ЖАНАШЫРЫ МҰСАХАН ДҮЙСЕКЕЙҰЛЫ – 80 ЖАСТА

1  449 көрілім

Қаламыздағы мәдениет үйінде тіл жанашыры, Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одағының мүшесі, Түркістанның «Құрметті азаматы» Мұсахан Дүйсекейұлының 80 жас мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Аталмыш шара қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қолға алынып, қазыналы қарттарымызды елге дәріптеу мақсатында жүзеге асып отыр. Шараға қала зиялылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

– Қадірменді қонақтар Түркістанның мақтанышы, қазақ тілінің жанашыры, ағамыз Мұсахан Дүйсекейұлы бүгін міне 80 жасқа толуда. Мұсахан аға деніңіз сау, мерейтойыңыз құтты болсын. Халыққа береріңіз таусылмай, қаламыңыз мұқалмай, жазарыңыз көп болсын. Әрдайым біздерге ақылшы болып, көш бастап жүре беріңіз, – деген ықыласын білдірген қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев өз тілегін жеткізгеннен кейін, қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың атынан құттықтау қағазын табыстады. Сонымен қатар, мерейтой иесінің иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Кеш барысында мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, ақсақалдың өткен өмірінен сыр шертетін қойылымдар қойылып, бейнероликтер жұрт назарына ұсынылды. Сондай-ақ абыз қарияның замандастары және зиялы қауым өкілдері де құттықтауларын жеткізді.

Қазіргі таңда Мұсахан Дүйсекейұлы қаламыздағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. Ана тілі мен оның тағдырына ғұмырын арнаған жан алғаш жұмыс баспалдағын мектеп қабырғасында шәкірт тәрбиелеуден бастаған. Облыстық радио комитетінің, аудандық газеттердің тұрақты түрде штаттан тыс тілшісі болып төртінші билік тарапынан да тіл тағдырын баяндауға атсалысқан. Ол «Еңбек ардагері» медалінің иесі, бірнеше кітаптардың авторы. Атап айтар болсақ, «Наурыз-Навруз», «Нұршуақ ғұмыр», «Қызыр қыдырған күн», «Дүлдүл ақын», «Мейірім», «Өмір-өзен» атты дүниелер жазып, төл туындылары оқырман тарапынан жоғарғы бағаға ие болған.

Мұсахан қария Құдай қосқан қосағы үйдің шамшырағы Шәмшат екеуі 5 ұл, 6 қызды тәрбиелеп ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Бүгінде 11 перзенттен 70-ке жуық немере мен шөберенің қызығына қанып отыр. Қарияның сөзіне сүйенсек балалары мен немерелерінің арасынан ата жолын қуып, мектепте ұстаздық етіп жүргендері де бар. Бұл бақытты отбасы республикалық «Армандаған мамандық», облыстық «Алтын шаңырақ», «Мерейлі отбасы» сынды жанұялық жарыста топ жарып көпке үлгі болып жүр.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы